БАЛҒЫНДАРҒА БАЗАРЛЫҚ ЖАСАЛДЫ

Қоғам
998 Views

Түркістан қаласы әкімдігі 70 балғын балаға жаңажылдық шырша мерекесін ұйымдастырды. Балалар мерекелік шарада Мемлекет басшысының құттықтауын тыңдап, мерекелік қойылымдар тамашалады. Жаңажылдық сыйлықтар алды. Ал, балалардың қуанышын еселеген шарада қала әкімі Әліпбек Өсербаев Жаңа жылды күткен жеткіншектерді мерекемен құттықтап, білім саласында өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан бірқатар жетістіктерге тоқталды: «Тәуелсіздік алған уақыттан бері Түркістан қаласының өзінде 38 мектеп ғимараты салынып, 58 балабақша ашылды. Сол сияқты мектептер мен балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізу, заман талабына сай білім беру үшін мектеп базасын жақсарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Жаңа «Отырар» шағынауданының кішкентай тұрғындары үшін 280 орындық балабақша пайдалануға беріліп, 900 орындық мектеп құрылысы бой көтерді.

Білім саласында оң өзгерістер мен жаңашылдықтар көп. Биыл қаламыздағы мектептер интернет желісіне толықтай қосылып, 100 пайыз мектептердің электронды күнделік жүйесімен жұмыс жасауы жолға қойылды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында 7 218 мың теңге қаралып, қаламызда «ІТ» сыныптары жабдықталып, іске қосылып, оқушылардың сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашылды. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының берген жемісі. Жалпы, қала бюджетінің 50 пайыздан астамы білім саласына бағытталған.

Жаңа жылдың басты символы саналатын шырша маңы бейнебір ертегі әлемін көзге елестеді. Себебі, ақ сақалды Аяз ата мен Қарша қыз және ертегі кейіпкерлері, бәрі-бәрі осында. Шара кезінде олар балғындарды ертегі әлеміне саяхат жасатты.

Мерекелік шараға қатысқандардың дені әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың балалары. Олардың қатарында қаладағы №15 жалпы орта мектебінің оқушысы, өнерлі қобызшы қыз, республикалық байқаулардың жеңімпазы Шадиана Халикбердиева да бар.

Жаңажылдық кештің қуанышын қала әкімі Ә.Өсербаевтың балаларға жасаған мерекелік сый-сияпаты еселей түсті.

Мәдина БАЙҒҰТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *