«ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕК ЖҰМАБЕК!»

Тұлға
53 Views

Шымкенттегі Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетінің Ақ үй конференция залында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты Жұмабек Ахметұлы Тәшеневті еске түсіріп, тағзым етуге арналған «Жолбарыс жүрек Жұмабек!» атты тағылымды кеш өтті.

Аталмыш іс-шараны оның есімін иеленген жоғары оқу орнының ұжымы ұйымдастырған болатын. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетінің ректоры, техника ғылымының кандидаты, профессор Қанат Сейітжанұлы Байболов, «Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары» факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) міндетін атқарушы Амангелді Алтыбайұлы Мамыт қазақ жерінің тұтастығы жолында қыруар қызмет атқарған таутұлғаның қайраткерлік қасиеті жайлы ойларын ортағы салды. Ата-баба аманатына адалдығымен, туған жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен, адалдығымен ел есінде, халық жадында қалған қайсар азаматтың ерен еңбегін насихаттау жолындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді. Университетте «Тәшеневтану» пәні енгізіліп, арнайы дәрістері жүргізілуде. Келесі 2025 жылы атап өтілетін танымал таутұлғаның 110 жылдық мерейтойына әзірлік жұмыстары қазірден қолға алынған.
Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің немере інісі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Ұлықпан Бәшенев:
– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын Никита Сергеевич Хрущев басқарған тұста «Қазақ елін бөлшектеу» деп аталған құпия құжат әзірленген екен. Соған сәйкес республиканың солтүстік аймағындағы бес облысты біріктіріп, өлке ретінде Ресейге қосу мақсат етілген. Оңтүстікті Өзбекстанға, Батысты Түркіменстанға беру көзделген. Алматы облысының аумағынан Үйғыр Автономиялық Республикасын құру ойластырылған. Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының осындай солақай саясатына қарсы шыққан жалғыз қайсар қазақ – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев болатын. Өкінішке орай, ол осындай өжеттігі үшін Н.С.Хрущевтің нұсқауымен «ұлтшыл» деп айыпталған. Сөйтіп, жоғары лауазымынан Шымкент облыстық атқару комитетінің орынбасары қызметіне төмендетілген тұғын. Арқаның арда ұлы осылайша күншуақты Оңтүстікте өңірде өзінің еңбек жолын жалғастыруға мәжбүр болған. Шырайлы шаһарымызда оған кеудемүсіндік ескерткіш орнатылған. Көше атауы берілген. Елі, жері, халқы үшін ерен еңбек еткен тұлғаның есімі ұмытылмақ емес, – деп сөзін түйіндеді.
Көпшілік назарына Жұмабек Тәшеневтің қызметіне қатысты драмалық қойылым ұсынылды. Ондағы рөлдерді Шымкенттегі әзіл-сықақ және сатира театрының режиссері Садық Жақыптың жетекшілігімен университеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау мамандығының бірінші курс студенттері орындады. Олар сонымен қатар әдеби композиция қойды.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғалымжан Шәмшідінұлы Битұрсын мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зылиха Тұрарқызы Жантасова қорытынды сөз сөйледі.
Иә, Қазақстанды Ұзақ жылдар бедерінде басқарған, «Халқының Димашына айналған» Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: «Жолбарыс жүрек Жұмабек!» деп дәріптеген даңқы жерлесіміздің есімі мәңгі жасай бермек.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *