КЕК (РОМАН)

Әдебиет
421 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Бұл ауылды Омарбек жақсы біледі. Бұлар соңғы он-он бес жылда бұрынғыдай қыста – қыстауға, жазда – жайлауға көшетін әдеттерінен арылып, барлық маусымда бір орындарынан жылжымайтын болған. Манақ болыс өзіне орыс үлгісімен шатырлы там салдырып, түнікемен жаптырып алған. Ауылдағы басқа бақуатты адамдар да осындай там салып, үстін түнікемен болмаса да қамыспен жауып, орыс үлгісіндегі үйде тұруға көшкен. Бірақ тұрмыстары төмен көп жатақ баяғыша киіз үйлер мен жеркепелерде тұрады.

Көп кешікпей қасында үш жігіті бар Адырбай оралды. Үшеуі де Омарбекті сырттай жақсы біледі екен. Бұлардың келістерінің сырын ұққан соң іштеріндегі Орал дегені қастарында көп солдаттары бар орыс ұлықтарының түс әлетінде Манақ болыстың үйіне қонаққа түскенін айтты. Әлбетте, соншама қонақтардың Манақтың бір ғана үйінде болмайтыны белгілі. Әр ұлық дәреже-дәргейіне орай әр үйге түсіріліпті. Басты дөкей ұлықтар болыстың он екі қанат ақ боз үйіне жайғасыпты. Ал болыстың негізгі қонақасы ертең болады екен.

– Бізді шын көңілдеріңмен қарсы алғандарыңа разымыз. Енді тағы бір өтінішімізді орындасаңдар, одан да бетер разы боламыз.

– Ол қандай өтініш? – деп сұрады жігіттердің бірі.

– Манақтың ақбоз үйіне қанша ұлық жайғасқанын, және сол үйді қанша солдат күзетіп тұрғандарын біліп берсеңдер болды.

– Е, бұл оңай орындалатын өтініш қой. Мұндай бейқам жерде онша қатаң күзет қоя да қоймас.

Манақтың ауылы екі жайпаң төбенің ортасындағы жазыққа орналасқан. Шығыс жақтағы басынан мұз-қары арылмайтын Суықтөбе тауының Омарбектің туған ауылы Шиен жатыр. Шиеннен тағы батысқа тартсаң, Алатаудың мың шатқалды, сансыз құз-қия, сай-салалы келетін Басбатыр мен Жыланды тау сілемдері тұр. Үш жігіт ауыл ортасындағы Манақтың үйіне қарай кеткенде, Омарбек мұнда не оймен келгендігін және қандай әрекет жоспарлағанын тобындағыларға жайып салды:

– Жазған қазақтың нешеме жылдардан бері келімсек орыстардан азап көріп, жазықсыз жапа шегіп келе жатқаны бәріңе аян. Олар қара қазақты адам санамай, қанша жылдардан бері тонап, қит еткенді сұраусыз қамап, түрмеге қамап қинап келеді. Бұған қашанғы шыдауға болады. Мейлі, бұрынғы бабалар қаруынан қорқып бас иді делік. Ал қазіргі біздердегі не қорқақтық? Келімсек атқан мылтықты біз де ата аламыз ғой. Ол шапқан қылышты біз де шаба аламыз ғой… Қойшы, айта берсем, шағатын мұңымыз да, қабырға қайыстырар қайғымыз да жетерлік. Ондайды айтып езіле бергенше, амалсыздықтан жанымызбен мүжіле бергенше, бүгіннен қазақтың, қазақ болғанда да жоқ пен жұтаңның, кедей мен кепшіктің, жарлы мен жақыбайдың, жалпы озбыр таптан зәбір көрген қара халықтың басқыншы орыс ұлықтарына, өзіміздің мешкей би-болыстарға кеткен кегін қайтаратын топқа айналайық. Озбыр топ бәрімізді де қашқын деп атайтыны кәміл. Амал жоқ, қашқын-ақ атанайық. Алайда қашып жүріп кек алмасақ, ойымызды іске асыруға басқаша шарамыз да жоқ.

Сондай ісіміздің басын тап бүгін бастаймыз. Қазір олар ешқандай қауіп күтпейтін апақ-сапақ мезгілде Манақ болыстың үйінде шәниген күйі, арақ пен қымызды бірдей сіміріп, алаңсыз жатқан орыс ұлықтары мен өзіміздің жуан қарын, бай-бағландарымыздың шат-шәлекейін шығарамыз. Ұлықтардың қақ шекесінен, нақ жүрегінен атуға кірісеміз! Қатты қарсыласса, басқаларды да аямаңдар! Осындай ісімізбен бұдан былай кез келген ұлық пен би-болыс атымызды естігенде-ақ үрейі ұшатын топ болайық.

– Омарбек, осы күнге дейін бәріміз шоқпар-сойыл, қамшы мен жұдырық сілтескен төбелеске түскенімізбен, мылтық атып, кісі өлтірген ұрысқа қатысқан жоқ едік. Бүгін соған батылымыз барар ма екен? Оның үстіне адам өлтіру деген… — деп Адырбай сөзін күмілжіп аяқтады.

– Сен, айтшы! – Омарбек оған қаһарлана үн қатты.

– Жауға жасаған тосын шабуыл қашан қансыз, өлімсіз бітіп еді?! Мен жігіттерді сондай сынаққа дайындап жатырмын. Оның үстіне біз жерімізді тартып алған зорлықшылдардан кек қайтаруға баратын боп отырмыз. Қорықсаң, қал осында!

– Жо-жоқ, жай кеңес құрып жатқаным да, – деп тағы күмілжи жауап қатты Адырбай.

Осыдан кейін Омарбек тобындағыларды екіге бөлді. Адырбай бастаған сегіз жігітке төбені айналып, Манақтың үйіне ауылдың бас жағынан таяп келіп отыруды тапсырды. Ал өзімен бірге қалатын үш жігітпен болыстың үйіне ауыл ортасымен баратынын айтты. Бұл кезде манағы үш жігіт қайта оралған-ды.

– Болыстың атқосшысынан суыртпақтап сұрағаным бойынша білгенім, ұлықтар бұл ауылға ел ішінде көбейіп кеткен даулы нәрселерді шешуге, ұры-қарылар, бұзақылар мен барымташылар жайында кеңес өткізуге келіпті. Осыған байланысты ертең болыстың үлкен қонақасында бірталай шенділер жиналады екен. Ал қазір болыстың бас ордасында ең сыйлы деген сегіз ұлық жатыр. Қалғандары ордадан елу-алпыс қадамдай жердегі басқа үйлерге түскен. Солдаттардың көпшілігі болыс үйінің батыс бетіндегі қараша үйлерге жайғастырылыпты. Ал ұлықтар отырған үй маңында өзінше жүрген бірен-саран әскери киімділер болмаса, мылтық асынған күзет сақтаған солдат атаулы көрінбейді. Сайдағы орыстар қоныстанған тамдарға аз солдаттар орналасыпты. Қазір олар ашыған, сасыған арақ-шараптарын ішіп гәуілдесіп жатыр дейді.

– Орал, бұл көмектерің үшін сендерге тағы да көп алғыс! Енді үйлеріңе қайта берулеріңе болады. Қалған тірлік – өзіміздікі.

– Жоқ, Омеке! – деді Орал. – Біз де сендер сияқты қазақ кегін қуған ер-азаматпыз. Сондықтан да, бұдан былайғы жерде біз сендермен біргеміз. Мылтықтарыңды атып, қылыштарыңды сілтей алмасақ та, сендердей батырлардың атын ерттеп, қаруын қайрап беруге жараймыз.

– Онда Орал, сен менің тобымда бол! Қалғандарың Адырбайға қосылыңдар! Ұлықтардың ойранын шығарған соң бәріміз Суықтөбе жаққа кетеміз. Ауыл ішіндегі апыр-топырда бір-біріңнен ажырап қалмаңдар.

– Сендерді мен ауыл арасындағы елеусіз жерлермен Манақтың үйіне бастап барайын, – деп Орал алдыға түсті.

Зауза айының кеш түсетін ымырты өтіп, қою қараңғылықтың түскен апақ-сапақтакек алушы топ ауыл ішіне кірді. Бұл уақыт ауыл жұрты үшін кешкі ымырттағы тірліктіңқарбаласына енді кіріскен; біреулер кешкі асын дайын­дауды бастайтын, біреулердайын асын енді алдарына алған, ал енді біреулер өрістен қайтқан малдарын әліқораға жайғап үлгермей жататын кез. Және де бұл мезгіл әлімсақтан қазақтыңкүндізгі тіршіліктен босаған, түнгі тынығуға дайындалған бейқам уақыты. Алқонақ күткен үй меймандардың кешкі қонағасымен әуре болатын, сол үйдің қызметшілері былайғы нәрселерге онша назар сала бермейтін сабылысты мезет.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *