«НЕСИЕ АЛЫП, НЕСІБЕМДІ АРТТЫРДЫМ»

Қоғам
398 Views

Гүлсін ӘУЕЛБЕКОВА, жеке кәсіпкер: «НЕСИЕ АЛЫП, НЕСІБЕМДІ АРТТЫРДЫМ»

Осы күні өз алдына жеке кәсібін ашып, тірлігін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Гүлсін Әуелбекова. Қаратаудың теріскейінде орын тепкен танымал Таукенттің тұрғындарына бұл кезде Гүлсін пісірген бөлке мен тандыр нандар таңсық емес. «Көз қорқақ, қол батыр». Гүлсін әуелден сауда-саттықпен айналысып, одан көп жылдар жергілікті балабақшаларға мемлекеттік тапсырыспен қажетті тауар тасып беруші бола жүріп, түбінде бөлек кәсіп ашуды мақсат тұтатын.

Ақыры ойлаған мақсатына қол жеткізуге бел байлаған ол Созақ аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге несие алып, ісін бастап келіп жіберді. Негізінен, Созақ ауданы мал шаруашылығына қолайлы, халықтың көбі ежелден ата қоныста отырып, мал жайғарып, басын көбейтіп, жан бағып отырған ел ғой. Ал, Гүлсін ойлана келе, мал шаруасынан бөлектеу кәсіппен айналысуды ұйғарды. Нан – береке. Күнделікті нанды тұтынбайтын адам жоқ. Кондитер саласынан неге бағын сынап көрмеске? Арада ұзақ уақыт өтпеді, Гүлсін Таукент кентінен шағын наубайхана ашып, тәуекелмен нарықтың бел ортасына еніп кетті.

– Бастапқы кезде оңай болған жоқ. Өйткені, бір Таукенттің өзінде төрт наубайхана бар, – деді Гүлсін Арысбайқызы әңгіме басында. Демек бәсекелестік бар. Кенттің халқы бес мыңдай тұрғынды құрайды. Әйткенмен, Таукент әу бастан өндіріс орталығы, жым-жырт өзімен-өзі бұйығы жатқан елді мекенге ұқсата алмайсыз, бұл жаққа жұмыс бабымен ағылып келетін еңбекші күші басым. Мемлекеттік бюджеттің бүйірін толтырып отырған, уран өндірісінен республикадағы алдыңғы қатарлы азуы алты қарыс «Қазатомөндірісі» АҚ секілді бірлескен кәсіпорындар да осында. Сондықтан өз тауарын шығарып жатқан кәсіпкерлерге аса қорқыныш жоқ секілді. Әрине, ебін тауып, тер төгіп еңбек ете білгенге ғана…

Төрт баланың анасы, елу төрт жасында наубайханаға иелік етіп, кәсіп бастаған Гүлсін де жоғары білімді экономист. Көзі ашық, сауатты. Заманның бағыт-бағдарын, бет-алысын бағамдаған, ұл-қызының болашағын ойлаған кәсіпкер ана өз ошағының қамын ғана емес, қол астындағы жұмысшылардың да отбасына қол ұшын беріп, жанашырлық танытатындай.

Қазір наубайханада екі нан пісіруші жұмыс істейді. Күніне екі қап ұннан төрт жүздей тандыр нан жабылады, бір қаптан жүзден аса бөлке нан пісіріледі. Наубайшылардың жалақысы елу мың теңгенің үстінде. Гүлсін апай ертелі-кеш піскен нанды өзі тасып, өзі дүкендерге өткізіп, тыным таппай жүреді. Жұмыстан қолы босаса, дереу анасына қолғабыс беретін ержеткен ұлы қасында.

Айтпақшы, тандыр мен бөлке нанға қосып, тұтынушылардың талғамына орай қара нанды да пісіреді. Қара нанды Гүлсіннің өзі пісіріп шығады екен. Кейде тапсырыспен самса, пешеней, тәтті күлшелер, торттар пісіретін кездері болады. Ондай кезде жұмысшыларға қосымша ақы төленеді. Нанның сапасы жақсы. Сұранысы күннен-күнге артып келеді. Гүлсін әңгіме арасында:

– Әуелгі кезде ірі сауда дүкендерге нан өткізуге барғанда «біздің өзіміздің нан пісіріп әкелетін адамдарымыз бар» деп бой бермейтін, кейін нанның пісірілу сапасын байқады ма, өздері сұратқан дүкендер болды, – дейді. – Күніне бес жүздей нан өтіп тұр. Таукентте көпшілігі таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Үйден нан жабуға қолдары босай бермейді. Сондықтан дайын нан сатып алады. Көбінде «Қазатомөндірістің» жұмысшылары алады. Өзіміздің балабақшаға күнделікті нан өткізіп тұрамын. Беталысымыз жаман емес.

Жұмыс барысында ұққанымыз – көпшілікке арнап нан пісіру бейнеті көп еңбек. Мұнда күні-түні қамыр ашытылып, нан пісіріледі. Таң сәріден қас қарайғанша ыстық пештің қасында күйбеңдеп бел жазбай дамылсыз жүру оңай емес. Солай бола тұра еңбектің наны тәтті деген осы.

Гүлсін апай осыған шүкіршілік етеді. Мемлекеттен алған несиені де уақытылы қайтарудың қамында жүр. Несиеге алған қаржыға Шымкенттен құрал-жабдықтар, соның ішінде нан ашытуға арналған қазандық, нан пісіретін пештер сатып алынды. «Осы пісірілген наным өтсін деп, есік алдына әдейі азық-түлік дүкенін ашып қойдым» дейді Гүлсін апай әңгімесінің соңында.

Еңбекті жаны сүйетін, жұмыс десе тыным таппайтын әйел заты екенін осыдан аңғаруға болады. Әйтеуір, бір шаңырақтың берекесін келтіріп, шырайын шығарып отырған Гүлсін апай сияқты кәсіпкер әйелдер көп болса екен елімізде.

– Байлығы жатқан жалпақ жерге сыймай,

Кеудесі әнге сыймай, жырға сыймай.

Күлімдеп тұрған менің Теріскейім,

Күнгейдің құрдасындай, сырласындай.

Теріскей, айналайын, келбетіңнен,

Сен бізге ақ бесіксің тербетілген, – деп танымал ән жолдарында шырқалғандай, расында Теріскейдегі Таукенттің берекелі жер екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *