ОБЛЫС ӘКІМІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕЗДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Билік Қоғам
251 Views

Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты тездетуді тапсырды. Сауран ауданына іссапар аясындаоблыс басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандардың салыну қарқынын тексерді.

Әкімшілік іскерлік орталығындағы аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтерді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды.

Шорнақ елді мекенін ауыз су, кәріз жүйесі және электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабайқорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынуда.

Сонымен қатар Бабайқорған елді мекенінде «Клуб және кітапхана» ғимараты салынады.

Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы, футбол алаңшасын салуға қаржы қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

ЖОБАНЫҢ ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЖЫЛЫНА 500 ТОННАҒА ЖЕТПЕК

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына орай, Сауран ауданының аумағында санитарлық-тазалық талаптарының қатаң сақталуы бақылауға алынған. Аталған мәселеге байланысты Сауран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ербол Жанғазиев, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары аудан аумағын аралап, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Sauran Plast» өндіріс орнына арнайы барып, жұмысымен танысты.

Өндіріс орны қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан шикізат шығаруды қолға алған. Еліміздің өзге де облыстарынан тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдеуде. Өндіріс орнының басшысы Қанат Көшербаев алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, шикізаттан пластикалық құбыр шығаруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Жобаның қуаттылығын жылына 500 тоннаға жеткізу көзделуде. Зауытта бүгінгі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аралау барысында Ербол Жанғазиев барлық ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді және ауыл-аймақтарда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды аталған орынға өткізуді міндеттеп, нақты тапсырмалар жүктеді.

ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕ ЖІБЕРІЛГЕН КЕМШІЛІКТЕР ЖОЙЫЛАДЫ

Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы Жыззақ-Гагарин-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы» А-15 автожолының Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округіндегі бөлігіне қатысты айтылған азаматтардың наразылықтарынан кейін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларының қатысуымен жергілікті тұрғындармен кездесті. Төселген асфальттың қалыңдығы мен енін өлшеп, мердігерлер тарапынан жіберілген кемшіліктерді көзбен көрді. Тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы өкілдерімен телефон арқылы тілдесті. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша 47 шақырымды құрайтын А-15 автожолының Өзбекстан Республикасының шекарасынан Жетісай қаласына дейінгі аралығының ескі жабынының үстіңгі қабатын фрезерленіп, қалыңдығы 5 см, ені 6 метрді құрайтын асфальт-бетон төселетін болады.

Әйтсе де, асфальт-бетон төсеу барысында анықталған кейбір кемшіліктерге байланысты қазіргі уақытта жұмыстарға техникалық қадағалау тоқтатылып, ақауларды жою жөнінде мердігер мекемеге жұмыс тәртібімен ақпарат беріліп, бақылауға алынды.

Сонымен қатар, асфальт-бетонның қалыңдығын тексеру үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорны Түркістан филиалының зертханасы жұмылдырылатын болады.

МАШАТТАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елді мекен тұрғындары алдында есеп беру кестесіне сәйкес, Түлкібас ауданы әкімінің міндетін атқарушы Е.Орманов Машат ауылдық округы тұрғындары алдында есебін өткізді. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу басында Ербол Керімбекұлы өткен есептік кездесулерде округ тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-өтініштерді қанағаттандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды қамтыды.

Содан соң кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, тұрғындар ауыз су, жол, жайылым, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, ауыл атауын бекіту, тазалық, өзен жағасын бекіту және полиция қызметіне қатысты өтініштерін ортаға салып, Ербол Керімбекұлы және тиісті мекеме басшылығы тарапынан нақты жауаптарын алды.

Кездесуден соң аудан басшысының міндетін атқарушы Е.Орманов тиісті мекеме өкілдері, ауыл әкімі және сол округтен тағайындалған депутатпен бірге Е.Баймаханов көшесіне табан тіреп, тұрғындар көтерген жолды реттеу, ескірген бағаналарды ауыстыру сынды жұмыстарды зерделеп, тез арада шешу мақсатында тиісті мекеме өкілдеріне нақты шаралар атқаруды тапсырды. Көше тұрғындарына бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда болатындығын жеткізді.

Ағымдағы жылы машаттықтардың көптен бері көкейінде жүрген Еңбекші ауылы, Анарбай, Қайсенов, Еңбек ауылы Рысқұлов, Мыңбай ауылы, Арыс көшелеріндегі жолдарды орташа жөндеу және Машат ауылы, Баймаханов, Еңбек ауылы, Қажымұқан, Рысқұлов, Мыңбай ауылы, Гагарин көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар бюджет түсіміне байланысты кезең-кезеңімен іске аспақ.

Сонымен қатар, округтегі көп жылдан бері өзекті мәселенің бірі болып келген Машат ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының жобалық сметалық құжаттары мен сараптама қорытындысына қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік Е.Орманов бұған дейін жаскешуліктермен жүздесіп, округ аумағындағы түйткілді мәселелердің шешу жолдарын талқылаған болатын.

Дербес бөлім мен мекеме басшылары, округтен тағайындалған депутат және жергілікті БАҚ өкілдері қатысқан кездесуде Ербол Керімбекұлы өткен есептік жиында көтерілген мәселелердің орындалу барысын баяндап, үстіміздегі жылы округ аумағында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өткен еді.

Басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өткен жиында, тұрғындар көкейінде жүрген канал құрылысы, ауыз су, электр жарығы, жол, жер қатынастары, білім саласына қатысты сұрақтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Е.Ормановтан және тиісті мекеме басшылары мен өкілдерінен мардымды жауап алды.

Сонымен қатар, есептік жиында округтегі түйткілді мәселенің бірі болып тұрған инфрақұрылым тарту үшін жер телімдерін қайтару мәселесі талқыланды.

Айта кетейік, биылғы жылы Жаскешу ауылының дамуына 27 га жерге инженерлік инфрақұрылым құрылысын (Газбен қамту және Электр желілері) жүргізу жоспарлануда. Бұл жерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 134 жер телімі мен жаңа мектеп орны қарастырылған. Республикалық бюджеттен тиісті қаржы да бөлінгелі тұр.

Алайда, кейбір жер иелерінің қарсы болуына байланысты бұл мәселенің түйіні толық шешілмеген.

Ербол Керімбекұлы округ тұрғындарына аталған мәселе бойынша өзара ақылдасып, бір аптаның көлемінде нақты ұсыныс беруін сұранды.

Биылғы жылы тұрғындардың өтініші бойынша Жаскешу ауылы, Гагарин көшесіне және Рысқұл ауылы, Әуезов көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізіледі.

ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аудан әкімдеріне тұрғындармен жылдың төрт тоқсанында кездесу өткізіп, өзекті мәселелердің шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндіруді тапсырған болатын. Осы орайда, Түлкібас ауданы әкімінің міндетін атқарушы Е.Орманов биылғы жылдың ІІ тоқсанына бекітілген халықпен есептік кездесуін Састөбе кентінде өткізді. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Ербол Керім-бекұлы 2023 жылдың үш айында округ аумағында жүзеге асатын жобалар мен ақпан айында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер негізінде атқарылған жұмыстар барысын баяндады.

Кездесу уақытының басым бөлімі регламентке сай, сұрақ-жауап форматында өтіп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Е.Орманов тиісті мекеме басшыларымен бірге тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, мәселені шешу жолын талқылады.

Өткен есептік кезең барысында састөбеліктер тарапынан барлығы 13-мәселе көтеріліп, соның биылғы жылы 7- мәселесін орындау жоспарға қойылып отыр. Қаржыға байланысты 3-мәселені қанағаттандыру келесі жылға жоспарланса, 4-мәселе бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілетін болады.

Соның ішіндегі көп жылдан бері шешімін таппай келген кент орталығындағы саябақты абаттандыру жұмыстарының бүгінгі таңда 2-ші кезеңі жүзеге асуда. Өткен жылдан өтпелі болып іске асып жатқан нысанда балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы, көлік тұрағы және қақ ортасынан су бұрқағы соғылып, аяқ жол түседі. Орындықтар, жарықшамдар жаңартылып, сәнді мүсіндер мен аркалар бой көтереді. Нысан биылғы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, өткен есептік жиында көтерілген өзекті мәселенің бірі Ынтымақ ауылының ауыз су мәселесі болатын. Проблеманы шешу мақсатында бүгінгі таңда толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сметалық құжаттамасы әзірленуде. Құжаттар толық дайын болғанан соң қаржы қарастыруға бюджеттік комиссияға ұсынылады.

Сондай-ақ, өткен жиында көтерілген Ынтымақ ауылы Мамықов көшесін жарықтандыру жұмыстары биыл толығымен аяқталып, шілде айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Састөбеге сапары барысында Ербол Керімбекұлы кент орталығында Қарлығаш балабақшасына ат басын бұрып, білім мекемесінің бүгінгі жағдайын бақылады. Нысанды аралап, ойын алаңшасын ретке келтіру және басқа да жөндеуді қажет ететін тұстары бойынша тиісті сметалық құжаттар дайындап, аудандық адами әлеуетті бөлімі арқылы облыстық тиісті басқармаға ұсынуды тапсырды. Ал, тозығы жетіп, құлап жатқан балабақша қоршауы кент әкімдігі тарапынан демеушілер есебінен жүзеге асырылады.

АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІН ҚАЙТА ҚҰРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРЛАНУДА

Бюджет түсіміне байланысты бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асатын болады. Бұл туралы Балықты ауылдық округіндегі есептік кездесуде аудан әкімінің міндетін атқарушы Е.Орманов мәлімдеді.

Өткен жылы «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы шеңберінде округ орталығындағы ішкі жолдардың қанағаттандырарлық жағдайы 98 пайызға жетсе, биыл округке қарасты үш елді мекенде 7 көше орташа жөндеуден өтпек. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтсақ:

— Абай ауылы, Алтынсарин, Амангелді;

— Көкбұлақ ауылы, Бақыт, К.Көлбаев, Манасов;

— Шарафкент ауылы, Төлебаев, Алтынсарин көшелері.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы тұрғындар тарапынан соңғы есептік жиындарда көтеріліп келген 11 көшеге жарықтандыру жұмыстары іске асады. Олар;

— Балықты ауылы, Нарботаұлы, Балықты, Рахым;

— Көкбұлақ ауылы, Далбай ата, Б.Момышұлы, К.Байсейтова;

— Шарафкент ауылы, Амангелді, Т.Рысқұлов, Батырхан;

— Абай ауылы, Алтынсарин;

— Ұрбұлақ ауылы, Ерубаев көшелері.

Бұдан бөлек үстіміздегі жылы Балықты ауылы, Сыпатай батыр, Құрманғазы, Болашақ көшелерінің ауыз су жүйелерін қайта құру және Балықты ауылы, С.Нұртаев көшесіне аяқ жол салу (тротуар) жұмыстары жоспарлануда.

Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген мәдениет, жер қатынастары саласы мен көшені жарықтандыру, газ құбырын тарту, ауыз су, ағын су, интернет, мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан жеңілдетілген несиені рәсімдеуге қатысты сауалдарын ортаға салып, аудан басшылығы және тиісті мекеме басшылары мен жаңадан тағайындалған мәслихат депутаттары тарапынан қанағаттандырарлықтай жауаптарын алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *