«ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛСІН!»

Билік Қоғам
302 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Төлеби ауданындағы елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау, көгалдандыру және тұрғындарға қолайлыжағдай жасау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Облыс әкімі аудан, қалалардыңсанитарлық жағдайы, абаттандыру жұмыстары тұрақты қадағалауда болатынын айтып, басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

– Аудан, қалалардың абаттандыру жұмыстарына, тазалығына тұрақты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Жуырда 3 аудан, қалада болдық. Өкінішке қарай, қуанатын нәрсе жоқ. Жұмыс нашар. Санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді біркелкі әрлеу, абаттандыру бағытында нақты шара қабылдаңыздар. Жұмыстар күшейтілсін. Қаланың, ауылдың кіреберісін, орталық көшелерін, жалпы аумағын ретке келтіріп, дұрыстап қойыңыздар. Үйлердің қақпаларын бір түспен сырлау, көшелерді таза ұстау жұмысын үйлестіріңіздер. Болмайды былай. Жарықшамдарды да ретке келтіру керек. Вандализмге шыдамды әрі сапалы жарықшамдар орнатқан жөн. Облыс бойынша қоршауларды да біркелкі етіп ретке келтіру жолын қарастыру қажет. Елді мекендер, әсіресе аудан орталықтары таза әрі жасыл болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев өңір басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, ауданда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі. Ленгір қаласын көріктендіруге ерекше көңіл бөлінуде. Төлеби көшесінің бойында ұзындығы 900 метр ашық алаңшаға 100 түп қарағай және 900 шаршы метрге лигуструм отырғызылған. Төлеби және Қапал Батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бірнеше кәсіпкерлік нысанның қасбетін әрлеу жұмыстары атқарылып, ағаштар отырығызмақ. Қаланың сәулеттік келбетін ажарландыру мақсатында аталған 159 жеке үйдің қасбеттерін бір түске бояу жұмыстары басталған.

Туризмге жағдай жасау үшін облыстық маңызы бар автожолдардың бойын жарықтандыру, түрлі ағаштар отырғызу көзделіп отыр. Ленгір қаласына кіреберістегі облыстық маңызы бар КХ-35 «Ленгір-Достық» автомобиль жолының 500 метр бойына 2000 түп қарағаш, 100 түп каштан ағашын отырғызу жоспарлануда. Жалпы 7300 көшет отырғызу межеленген. Егілген көшеттерді суғару және күтіп ұстау жұмыстарын аудан әкімдігіне қарасты «Саябақ» ММ-сі атқарады.

Былтыр Ленгірдегі көпқабатты үйлердің аулаларына 9 балалар ойын алаңшасы, 11 мың шаршы метр асфальт, 60 дана түнгі жарықшамдары мен бейнекамера орнатылған. Жұмыстардың жалғасы ретінде 23 көпқабатты тұрғын үйді кезең-кезеңімен бір түске бояу жұмыстары басталып кетті. Ол жұмыстарға демеушілер тартылады.

ЖАҢА ШИПАЖАЙ АШЫЛДЫ

Ауданда шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Бүгінгі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына келушілердің саны жыл өткен сайын артып келуде. Шипажайға деген халық сұранысының көп болуына байланысты шипажайлардың саны жылдан жылға артып келуде. Бүгінде олардың қатары «Comfort KZ» шипажайымен толықты. Жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізіп бастаған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Айдарұлы арнайы барып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі, жеке кәсіпкер Шыңғыс Құрбановтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетсек, «Comfort KZ» шипажайының құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 80-100 адам. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі шешілуде.

Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 55 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.

КЕЛЕСТІК ТҮЛЕКТЕР АУЫЛҒА СПОРТ КЕШЕНІН САЛУДА

Қазақ халқында «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Азаматтар туған үйін қамдағандай ауылының кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуге жұмыстанса, шалғай ауылдан да береке тарқамайды. Осындай өнегелі іс Келес ауданының Ынтымақ ауылында жүзеге асуда. Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі №37 Р.Қошқарбаев жалпы орта мектебінің 2003 жылы оқу бітірген түлектері 20 жылдық мерейтойы аясында спорт алаңын салып беруді мақсат етті. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Ақтөбе ауылдық округі 14 елді мекеннен құралған ауданымыздағы ірі өңірлердің бірі болып табылады. Келес ауданы қайта құрылуы шалғайдағы елді мекендердің тынысын кеңейтіп, дамудың даңғыл жолына түсті деуге келеді. Солардың қатарында осы Ынтымақ елді мекені де жатады. Өткен жылы 300 орындық жаңа мектеп ел игіліне берілсе, биыл ауыл таза ауыз суға қол жеткізбек. Әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерді орта жөндеуден өткізіп, түнгі жарық шамдарын орнатуды көздеп отырмыз. Ауылды атқарылып жатқан игілікті істерге мектеп түлектері де үлестерін қосып, жаңадан спорт алаңын салып беруде, — дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердәулет Жасұзақов.

Осылайша алыста тұрып, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан ынтымақтық түлектер туған ауылына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болуда.

АЛТЫ БӨЛМЕЛІ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ІРГЕТАСЫ ҚҰЙЫЛДЫ

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау қашан да маңызды. Сондықтан игілікті шара еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тауып келеді.

Отырар ауданында да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларында белсенділік танытатын азаматтар аз емес.

Мәселен, Балтакөл ауыл округінде қайырымдылық іс-шараларына қолдау көрсетіп жүрген Асанов Балтабай Тасболатұлы есімді азамат бар. Қайырымды жанның қолдауымен 2021 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «№14 Емдеу орталығы» ЖШС-нің медицина қызметкерлері Балтакөл ауылдық ауруханасына келіп үш күн бойы қызмет көрсеткен болатын. Қызмет көрсету барысында 897 адамды толық тексеруден өтті. Мұнан бөлек өз демеушілігімен Ақкөл елді мекеніндегі аз қамтылған отбасыға құны он екі жарым миллион тұратын баспана салып берген еді. Оның бұл азаматтық ісін ауыл халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Қайырымды азамат мұнымен шектеліп қалмады. Бүгін Балтабай Тасболатұлының демеушілігімен Ақкөл елді мекенінде тағы да бір отбасыға арналған алты бөлмелі тұрғын үйдің іргетасы құйылды. Аталған жұмыстарға ауыл жастары мен белсенді азаматтар атсалысып, көмек беруде.

Салынып жатқан тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қамтылған жалғыз басты көпбалалы анаға берілмек.

Игі жұмыстар қасиетті Рамазан айының қасиетті жұмасында өз бастауын алып отыр. Ауыл азаматтары тұрғын үй толық салынып біткенше атсалысатынын айтуда. Әрине ауыл жастарын ынтымаққа ұйыстырып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікпен қайырымдылық жасап жатқан Балтабай Тасболатұлына ауыл тұрғындарының айтар алғысы көп.

КЕЛЕСТЕ САЛЫНАТЫН ТЕМІР ЖОЛ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының тұрғындарымен кездесуінде тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін темір жол жобасы іске асырылатынын айтқан болатын. Осыған орай, бүгін Келес ауданында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ тапсырысымен «Транспроект-К» ЖШС дайындаған «Дарбаза – Өзбекстан мемлекеттік шекарасы теміржолы» жобасының талқылауы өтті. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талқылауға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етіп, аудан активі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Жобаны дайындаған мекеме тарапы өз жоспарларын баяндап, келестіктердің пікірін тыңдады. Теміржол жобасында жалпы ұзындығы 92,2 шақырымды құрайтын, оның ішінде Келес ауданы аумағын солтүстік шығысындағы шекарасынан бастап оңтүстік батысындағы шекарасына дейін ұзындығы 56 шақырыммен кесіп өтетіндігі көрсетілген. Талқылау барысында бұл жобада шикіліктер кездесетіндігі айтылып, жаңадан жоба жасау керек деген тұжырымға тоқтады.

— Келес ауданы әкімдігі алдын ала таңдау жұмыстарына қатыспағандықтан жобада өрескел кемшіліктерге жол берілген. Келес ауданы аграрлық аудан болғандықтан еліміздің бағалы деп саналатын теміржол желісі шамамен 497 га суармалы жер учаскелерін кесіп өтіп ауыл шаруашылығы алқаптарын жарамсыз күйге келтіретін болып тұр. Сонымен қатар Жобада Келес ауданы аумағынан өтетін Келес, Құркелес өзендері және Тартулы, Игілік, Ошақты, Қият, Мамыт, 8-ші Ұлан, Шошым каналдары мен 4 қашыртқылардың арналарының үстінен өтетін теміржол көпірлер жобаланбауы суармалы егістік жерлерін сумен қамтамасыз етуге күрделі кедергілер туындатады. Жобаланбаған 11 көпірлер теміржол құрылысының сметалық құнына қосымша қаражат талап ететін болады. Қорыта айтқанда, Жоба бойынша Мақтаарал, Жетісай аумағынан өтетін темір жол желілерін қоспағанда, Келес және Сарыағаш аудандарынан өтетін теміржол желісі үшін мемлекеттік мұқтажына алынатын және теміржол құрылысына алдын ала болжамды есеп бойынша құны өте жоғары екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осыған орай «Транспроект-К» ЖШС ұсынған жобаны жарамсыз деп танып, жаңа жоба дайындауды ұсынамыз, — деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

Айта кетейік, Екі елдің тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін «Дарбаза-Мақтаарал» темір жолы жобасын іске асыру бірінші кезекте транзиттік әлеуетті 5 есеге арттыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін көп өндіретін Келес, Мақтаарал сынды аудандарды негізгі магистральдық теміржол желісімен қосуға мүмкіндік береді, тиісінше, өңірдің дамуына оң әсер етеді.

ТРАНСФОРМАТОРЛАРДЫ ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан қаласында жалпы саны 1300-ге жуық трансформатор бар. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, 2021-2022 жылдары жаңа 95 трансформатор қойылды. Сондай-ақ 100 трансформаторға жөндеу, жаңарту жұмыстары атқарылды. Биыл аталған сала бойынша 46 жаңа трансформатор қою жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері жоспар аясында 8 жаңа трансформатор қойылып, 20 трансформаторға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Түркістан қаласында 34 937 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған (орташа сағат тұтыну -48,8МВТ). Бұл пайыздық көрсеткішпен есептегенде 94,7% құрайды.

2023 жылғы жоспарға сәйкес, аталған көрсеткішті 95,2% арттыру көзделген. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін бүгінде 4 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда.

Оның бір нысанында жеке тұрғын үйлерді сапалы электр қуатымен қамту жүргізілсе, 3 нысанда әуе электр желілері кабельдік желіге ауыстырылуда.

Жеке тұрғын үйлерге арналған нысан құрылысы аяқталғанда 9929 абонент электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

ҚОНДЫРҒЫ ТӘУЛІГІНЕ 3400 ТЕКШЕ МЕТР СУ ТАЗАРТУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы Сарыағаш қаласы, Ы.Көшербай көшесіндегі жарық жүйесінің жағдайымен танысты. Қазіргі таңда Ы.Көшербай көшесінің жарықшамдары ескіруі салдарынан басым көпшілігі істен шыққан. Аралау барысында аудан әкімі Сарыағаш қаласының әкімі М.Доспуловқа аталған көшедегі жарықшамдарды толығымен диодты шамдарға ауыстыру қажет екендігін ескертті. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Содан соң, аудан әкімі Сарыағаш қаласында жүргізіліп жатқан кәріздік тазарту қондырғысының құрылыс барысымен танысты. Айта кетсек, Сарыағаш қаласындағы кәріздік тазарту қондырғысы нысанының құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қондырғы тәулігіне 3400 текше метр су тазартуға қауқарлы. Құрылысты 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.

Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі тиісті бөлім басшысы мен мердігер мекеме өкіліне құрылысты жүйелі түрде жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды.

— Құрылыс жұмыстарына екі тарап та үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Себебі алдағы уақытта қаланың дамуын ескеретін болсақ, көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесіндегі мәселелерді шешуде нысанның орны маңызды. Сондықтан, құрылыс жұмыстары барысында ұсақ-түйектің бәрі ескерілуі қажет. Нысанның құрылысына жергілікті тұрғындарды тартып, қол күшін көбейту маңызды,-деді аудан әкімі.

ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Төрткүл, Қарақұм және Бөген ауылдық округтерінде болып, жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын (газбен қамту жұмыстары) аралап көрді. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда Төрткүл (1296 абонент) мен Қызылжар (306 абонент) елді мекендеріне газ құбырын тарту (қос елді мекенге тартылатын құбырдың ұзындығы — 65 шақырымнан асады), ГРПШ бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы Қарақұм ауылын газбен қамту жұмыстарымен де танысты. Қазір онда тиісті 20 895 шақырым құбырдың 15,3 шақырымы жүргізілген. Яғни, жұмыстар 70%-ға бітіп тұр. Нәтижесінде, ағымдағы жылы қарақұмдық 598 абонентке табиғи газ беріледі деп жоспарлануда.

712 абоненті бар Бөген ауылында да газ құбырын тарту жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңға 22,3 шақырым газ өткізгіш құбырдың 20 шақырымы тартылып, ГРПШ бағаналары орнатылған.

Сапарды қорытындылаған аудан басшысы газ тарту жұмыстарында орын алып жатқан кемшіліктердің жоқ емес екенін айтып, оларды тездетіп ретке келтіруді мердігер компанияларға тапсырды. Ал, тиісті бөлімге аталған кемшіліктердің мердігерлер тарапынан орындалуына бақылау жасауды міндеттеді.

Сондай-ақ мердігерлерге жұмыстың сапалы болу керектігін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Шұбар ауылына барып, елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстарымен танысып қайтқан болатын.

Ауылға тартылып жатқан газ құбырының жалпы ұзындығы 38 шақырымнан асады. 621 абонент бар. Қазіргі таңда құбырға шұқыр қазу, оларды көму жұмыстарының 70% аяқталған. Аудан әкімі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігерге жұмысшылардың санын арттырып, жұмысты сапалы етіп жасауды және нысанды мерзімінде тапсыруды міндеттеді.

Сондай-ақ аудан басшысы Темірлан нөмірі 19-шы АГТС-тен бастап ҚТИА — ға дейін тартылатын газ жеткізуші құбырын төсеу жұмыстарын бақылап көрді.

Аталған газ өткізгіш құбырының ұзындығы 36 шақырымнан асады. Іске қосылса 18 е/м газға қосылады. Қазіргі таңда 24 шақырым құбыр төселіп, жұмыс 65% біткен.

Аудан әкімі тиісті бөлімдер мен мердігер мекемеге газ құбырын төсеуге байланысты жеке кәсіпкерлер тарапынан туындаған кейбір мәселелерді заң аясында шешуді тапсырып, құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау керектігін ескертті.

Аудан әкімі орташа жөндеуден өтіп жатқан Темірлан е/м, Қажымұқан көшесінде болды. Қазір онда 1,3 шақырым аяқ жол салынып жатыр.

0,4 шақырымға асфальт төселді. Сондай-ақ 2,0 шақырымға жарықшамдар орнатылатын болады. 300 ш.м. аумаққа балалар ойын алаңшасы салынады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *