ОРДАБАСЫЛЫҚ ЕРІКТІЛЕР ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСТЫ

Жастар Қоғам
395 Views

Қазіргі таңда жастар саясат пен қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, табиғатты аялап ұстауға үндейтін тұрғындардың қатары күн санап өсіп жатыр. Мейірім мен жылулық жоғалған заманда еріктілердің көбеюі көңіл қуантарлық іс. Осыған орай, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ордабасылық ерікті жастар Түркістан қаласында, «Ерлік қызмет. Волонтерлік патриотизмнің жарқын бейнесі» волонтерліктің негізгі бағыттарын дамыту семинар-тренингінде бас қосты. Басқосудың мақсаты — волонтерлық қызметтің деңгейін арттыру және дамытуға бағытталған оқыту. Киелі шаһарда орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ұйымдастырылған семинарда волонтерлық жайлы жан-жақты ақпараттар берілді. Алқалы жиынға қоғам белсенділері мен тәжірибелі волонтерлар қатысып, жас өрендерге жол сілтеді.

Семинар барысында қатысушылар түрлі психологиялық ойындар ойнап, тың жобалармен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейірім мен түсіністік орнаған жерде игі іске жастарды бір кісідей жұмылдыруға болады. «Бүгінгі семинарға 50-дан аса ерікті қатысты. Кейбірінің жасы тіпті 15-те. Олар қоғамдық жұмыста өте белсенді. Біздер еріктілікпен айналысып, мемлекетімізді гүлдендіруге тиістіміз», — дейді еріктілер ұйымының жетекшісі Жасмин Әшімова.

Семинар соңында жастар Түркістанның туристік нысандарымен танысып, тарихи мұражайға барып, мұрағаттарды тамашалап, киелі шаһардан рухани азық алып қайтты. Айта кетейік, мұндай шаралар алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылмақ.

Қ. ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *