САУРАНДЫҚ ҰСТАЗДАР САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІ МАҚСАТ ТҰТАДЫ

Білім Қоғам
897 Views

Еліміздің болашағы – жас ұрпақ. Олардың білімді, саналы болып өсуі үшін тек білім беріп қана қоймай, жан-жақты тәрбие беріп, тұлға етіп қалыптастыруымыз қажет. Осы орайда Сауран аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі жас өскінге сапалы білім беру мақсатында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Сауран ауданы жаңадан құрылғандықтан, 1 қыркүйек білім күні 300 орындық жаңа мектеп ашылды. Іші айнадай жарқыраған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Осы орайда жаңа оқу жылы басында аудан әкімі Ғани Құрмашұлы шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, жеңістер мен жетістіктер тілеген еді. Сондай-ақ биыл «Әліппенің» қайта оралуы бүлдіршіндеріміздің қуанышын еселей түсті. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға аудан әкімі Ғ.Құрмашұлы әліппе оқулығын өз қолымен табыс етті.

Жалпы білім саласындағы бастамалар мен жобалар, соның ішінде ауданның білім деңгейіне қатысты міндеттердің барлығы биылғы тамыз кеңесінде қозғалғанын айта кетейік. Барлық санитарлық нормаларға сәйкес өткізілген білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесіне Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы мен Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова және білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздары қатысып, білім саласындағы келелі мәселелерді талқылады.

Осы жиында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қазақстан Республикасы Үкіметі мен облыс әкімдігінің тапсырмаларына сәйкес ауданымызда жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өткен болатын. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы Батырбекова ұзақ жылдар бойы Түркістан қаласының білім саласына еңбегі сіңген тәжірибелі, әрі білікті басшы. Сауранға келгелі де білімнің көкжиегін кеңейтіп, ел сенімін ақтап жаңа қырынан көрінді. Бұған қарап аудан әкімі Ғани Құрмашұлының кадр таңдауда қателеспейтінін аңғаруға болады. Ауданның білімінде бірқатар ілгерілеушілік бар дегенмен, өкінішке қарай идеология саласының деңгейі төмендеп кеткен. Соңғы кезде идеология саласында жүйесіздік байқалып, бұл жүктемені адами әлеуетті дамыту бөлімі қатар алып жүруіне тура келгендей. Ауданда әлі де атқарылар шаруа шаш етектен.

Алдағы уақытта оқушылардың, нақты айтқанда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектептен тыс мекемелер үлесін арттыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі аудандық мәслихатпен бірлесе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды насихаттау барысында жұмыла жұмыс істеп келеді. Аудан әкімі Ғани Құрмашұлы осынау маңызы зор Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты тапсырмалар жүктеді.

Ғылым мен білімді дамыту біздің аса маңызды басымдығымыз. Білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе – мектептердегі орынның тапшылығы. Мектеп тапшылығын шешуде биыл 1 мектеп қолданысқа берілсе, екінші мектеп жыл соңына дейін ашылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар Жолдауда көтерілген дарынды оқушылар мен ұстаздарына моральдық және материалдық тұрғыда ынталандыру жасалатындығы көңіл қуантады. Қазіргідей жаңарған заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алатыны шындық. Тек елге адал қызмет ету, абыройлы іс жасау, ерінбей еңбек ету керек.

Ауданда мұғалімдер күніне орай өткен іс-шарада аудан әкімі Ғ. Рысбеков ауданның барша ұстаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан ұстаздарды алғыс хатпен марапаттады.

Қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі – құқықбұзушылық. Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі осы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жиналыстар өткізілді. Биыл ауданымыздағы М.Әуезов мектебінің құрылғанына 90 жыл толды. Осыған орай мектепте өткен іс-шарада заңғар жазушының ескерткіші ашылды. Жас өрендерге, мектеп ұжымына ізгі тілегімізді білдіріп, Әуезов шығармаларын оқып, жете меңгеруге шақырамыз. Аудан басшысы сенім білдірген бас педагог Ақмарал Үсенқызына ел үшін атқарар қызметіне біз де мүлтіксіз сенім білдіреміз.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *