ТАР КЕЗЕҢ

Таным Тарих
549 Views

Қазақ халқының өз алдына ел болу жолындағы талпыныстары қай заманда да оңайлықпен жүзеге аса қойған емес. Бұл жолда қазақтың «мың өліп, мың тірілгені» рас. Тарихтың сарғайған беттерінен ашылмай қалған шындықты, ескерілмей жатқан деректерді әлде де кездестіруге болады. Себебі ақиқат біреу болғанымен, саясат сан түрлі. Кейде белгілі бір тарихи оқиғалардың саясаттың құрбанына айналып, маңызы мен мағынасының өзгеріп шыға келетінін де көріп жүрміз. Бұл бұрын да болған, қазір де жалғасуда. Мысал ретінде айтар болсақ, азамат соғысы кезеңінде қазақтың ел болуы, мемлекет құруы үшін күрескен ұлт қайраткерлерінің бір тобы (большевиктер) халқына қарсы шыққандар қатарынан орын алып, екінші тобы (алашордашылар) жазықсыз жапа шеккендер болып саналуда. Тарих ғылымының күрделілігі де осында.

Негізі, өткенімізге үрке қарамай, қазіргімізге де жөн-жосықсыз бас шұлғи бермей, қайсысының да кемшін тұстарын біліп, соны келешекте қайталамауға ұмтылғанда ғана көшіміз түзелмек. Алдымен тарихымызды жөндемей, мықты да тәуелсіз ел болудың іргетасын қалай алмаймыз.

Еліміздің басынан өткен 1917-1922 жылдардағы азамат соғысы да ұлы тарихымыздың бір бөлігі болып есептеледі. Бұл кезеңнің күрделілігі сонда – бір ұлт (қазақ халқы) саяси көзқарастары бөлек екі топқа жарылды. Таразының бір басында большевиктер, екінші басында алашордашылар тұрды.

Алаш қозғалысының бастауында қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы интеллигенциясының болғаны анық. Сол замандағы көзі ашық және көкірегі ояу қазақ азаматтары «Оян, қазақ!» деп ұрандап, аттан салғандары да шындық. Бірақ Ә.Бөкейханов құрған «Алаш Орда» үкіметі өміршең болмады. Мұның себебі неде? Оны бір мақаланың көлемімен баяндап шығу мүмкін емес, біз тек негізгі себептері жайлы өз ойымызды білдірмекшіміз.

Алашорда қозғалысы туралы сөз болғанда: «Олар егеменді ел болу үшін күресті және осы мақсаттарына бола Кеңес үкіметінен зәбір көрді» деп айтылып жатады. Ғаламтордан іздесеңіз Алаш партиясының бағдарламасымен танысып шығуға болады. Бір таң қаларлығы, он тараудан тұратын осы бағдарламада егеменді ел болу жайлы бір ауыз сөз жоқ екен.

«Мемлекет қалпы» аталатын бірінші тарауда былай деп жазылыпты: «Россия құрамында демократиялық федеративтік республика болу». «Жергілікті бостандық» аталған екінші тарауда «…қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болу» деп көрсетілген. Егер партияның негізгі құжатында Ресей құрамында болу көзделіп отырса, қалайша тәуелсіз ел болмақ?

«Ғылым-білім үйрету» аталатын 9-тарауындағы «…бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту керек…» деген сөзі де түсініксіз. Сонда орта мектепте қай тілде оқытылмақ, орыс тілінде ме?

Ал төртінші «Дін ісі» тарауындағы шарттар біздің қазіргі Конституциямызға ұқсас келеді. Онда былай делінген: «…Дін біткенге тең құқық беріледі. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық».

Дегенмен бағдарламаның жақсы жақтары да бар екендігін айта кетуіміз керек. Мысалы: «Үкімет қызметшілері үй иесінің рұқсатынсыз ешкімнің табалдырығын аттамау», «Зор жазалы қылмыскер присяжный сотпен қаралу», «Салық әл-ауқат, табысқа қарай байға-байша, кедейге кедейше әділ жолмен таратылу», «Жер законінде жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астыңғы байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу…» деген жолдар ақылға қонымды.

«Салық байға-байша, кедейге-кедейше салынады» дегеніне қарағанда алашордашылардың ойы халықтың әлеуметтік жағдайын теңестіру емес, бай мен кедей өмір сүретін буржуазиялық қоғам құру болғаны анық. Сегізінші тарауда: «Қазақ жерінде завод- фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. Алаш партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик тобының программасын жақтайды» деуі сондықтан.

Алашордашылардың айтуынша қазақ халқында тап болмаған, «оны ойлап тауып қазаққа әкеліп теліп жүрген большевиктер» дейді. Олардың тұжырымдамасы бойынша байлар кедейлерді қанамаған, керісінше асырап-баққан болып шығады. Алашорда мүшелерінің көпшілігі байлардың балалары екенін ескерсек, бұл ұстанымды түсінуге болады. Бірақ мәселеге, егер ол ұлттың болашағына байланысты болса, тек бір ғана жағынан қарап баға беруге болмайды. Мың адамның біреуі ғана бай екені белгілі, қалған тоғыз жүз тоқсан тоғыз адамның пікірін кім тыңдайды және жоғын кім жоқтайды? Міне, осы кезеңде большевиктер біз тапсыз қоғам құрамыз, барлық адам тең болады, жер халыққа беріледі деген ұранды алға тартты. Қазақ халқының арасынан бүл идеяны қолдаушылар да табылды. Олар Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ғани Мұратбаев сияқты большевиктер еді. Бұл идеяның қарапайым халықтың арасынан қолдау тапқаны соншалықты, осы кезеңде ұлттың көпшілігі қызылдар жағында шықты. Әрине, бұған келіспегендері ақ гвардияшылар мен алаш әскері немесе баспашылар жағында болғанын білеміз.

Ресейде басталған азамат соғысы бұрынғы империяның аймағын түгелдей шарпып, баррикаданың екі жағындағылар арасында ымырасыз соғыс басталды. Бұл соғыста келісімге келуге болмайтын еді, ұрандары «жеңіс немесе өлім» болды. Осы кезеңде майдан даласындағы ашық ұрыстармен қатар жасырын террористік қимылдар да үдей түсті. 1918 жылы Москвада Ленинге оқ атылды. 1919 жылы белгілі большевиктер Урицкий мен Володарский атып өлтірілді. Сол жылы Ленинградта Кировты атып кетті, Сібірде Колчактың қолына түскен Сергей Лазоны паравоздың оттығына салып жағып жіберді. Тізімді әлде де жалғастыруға болады.

Осы кезеңде ақтар жағында болған алашордашылар да аянып қалған жоқ. Бұлар да большевиктерге қарсы арнайы отряд шығарған. Алашорданың төрағасы Ә.Бөкейхановтың 1918 жылдың 29 шілдесіндегі нұсқауы бойынша жазалаушы отрядтар ұйымдастырылды. Олардың міндеті қызылдар жағында болған комиссарлар мен депутаттардың көзін жою болатын. Осы нұсқауды басшылыққа алған алашордашылар Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Амангелді Иманов, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, т.б. белгілі большевиктердің соңына түсті. Амангелдіні келіссөз жүргіземіз деген желеумен қолға түсіріп, аттың құйрығына байлап өлтірді. Тоқаш Бокинді арбаға таңып қойып, отқа жағып жіберді. Бүл жазадан Әліби мен Ғани аман қалды (екеуі де бұл кезде Мәскеуде болатын). Алашордашылардың осы жорығында қызылдар жағынан қаншама қазақтың қаны төгілгені қосымша зерттеуді қажет етеді.

Қызылорда облысы Қазалы уезінің тумасы, жасынан батрақ болып байға жалданып күн кешкен, кейін республика көлемінде түрлі лауазымды орындарда қызмет атқарған Ертас Бөлекбаев ағамыз былай деп жазады: «Үстемтап еш уақытта еңбекші халыққа билікті өз еркімен берген емес. Осы жағдай Қазалы уезінде де болды. Қазалының чиновниктері, болыс-билері мен байлары қашан колхоз құрылысы жеңіп шыққанша Совет өкіметіне, оның басшылары мен коммунистеріне қарсы қастандық әрекеттерін тоқтатпады. Олар ашық күреске ғана шығып қойған жоқ, күрестің жасырын әдісін де жүргізіп отырды. Коммунистерге қастандық жасалды, жала жабылды, сыртынан өсек-өтіріктер таратты. Кейбір адал коммунистердің жаладан абақтыда отырып шыққандарын өз көзіммен көрдім»

Қазіргі басылымдарда Алашорда қозғалысының күйреуін Кеңес үкіметінен көріп жатыр. Шынымен солай ма екен?

1918 жылдың 22 қазанында Бүкілресейлік уақытша үкімет (Адмирал Колчактың «Сібір үкіметі») Алашорда жөнінде төмендегідей қаулы қабылдапты: «Грамотою от 22 октября (4 ноября) 1918 г. Временное всероссийское правительство признало необходимым подчинить все государственное управление единому Совету министров, упраздняя на сем основании Алашское правительство – Алаш-Орду. Временное всероссийское правительство вместе с тем считает нужным ввести в организацию управления казах-киргизских народностей начала, соответствующие их бытовым и хозяйственным особенностям и создать в будущем соответствующий сей цели представительный орган, ведающий культурно-бытовыми и хозяйственно-экономическими делами означенных народностей.

Временное всероссийское правительство постановляет: Правительство Алаша – Алаш-Орду — считать прекратившим свое сушествование».

1918 жылдың күзінде қабылданған бұл құжаттан екі нәрсені анық аңғаруға болады: біріншісі — Алаш Орданың Колчактың «Сібір үкіметіне» тәуелді болғандығы; екіншісі — Алаш Орданың түбіне жеткен большевиктер емес, Колчактың «Сібір үкіметі» екендігі.

Азамат соғысы кезінде ақтар жағында күрескен Алаш Орданың қайраткерлері Колчактың армиясы жеңіліс тапқаннан кейін Кеңес үкіметінің басшыларымен (В.Ленин, И.Сталинмен) тіл табысуға тырысты. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев өзінің «Советтік Қазақ Автономиясы қалай әзірленді?» атты зерттеу мақаласында былай деп жазады: «Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Жаһанша Досмұхамедов бас­таған делегациясы 1918 жылғы нау­рыз­дың соңында Мәскеуге келіп, Совнарком бас­шыларымен тікелей келіссөз жүргізген-ді. Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасын тапсырған. Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш Ордасы мекемелерін советтік рельске ауыс­тыру жобасын жасаған». Мақала 2020 жылы жазылған. Автор кеңестік, алашордалық, немесе қазіргі нұротандық саясаттың ықпалына жығылмай, болған жағдайды нақты деректер бойынша баяндап, кәсіби сараптама жасап отыр.

Алашордашылардың осы кезеңде Кеңестік Қазақ Автономиясын құру жұмыстарына ат салысқандары рас. Себебі Кеңес үкіметі барлық майдандарда анық түрде жеңіске жете бастағаннан кейін алашордашылар өз мақсаттарынан қайтып, жоғарыдағы мақалада жазылғандай «советтік рельске» бет бұруға шешім қабылдады. Бұл кезде Ресейдегі ақ гвардияшылар қозғалысы жеңіліс тауып, басшылары шет елге эмиграцияға кеткен болатын. Кетпегендері Кеңес үкіметіне берілді.

Алаш Орданы кезінде халық неге қолдамады? Оның белсенді мүшесі Міржақып Дулатов бұл жөнінде былай деп жазыпты: «…бұған екі түрлі себеп болды: 1- орыс һәм қазақтан шыққан большевиктердің кесірі; 2- елдің салақтығы» Міржақыптың бірінші дәлелімен келісуге болар, ал екіншісін қалай түсінуге болады?

Патшалық Ресейдің аймағын түгел қамтыған азамат соғысы Кеңес үкіметінің жеңісімен аяқталды. Осы соғыс жүріп жатқан кезде, 1920 жылдың 26 тамызында В.Ленин қол қойған тарихи Декретпен Қырғыз (Қазақ) Автономиясы дүниеге келді. Кейін Қазақ ССР-ы болып қайта құрылды.

Әр жылдарда республика басшылығында жұмыс жасаған Ж.Шаяхметов, С.Меңдешов, Н.Оңдасынов, Д.Қонаев сынды қазақ ұлтынан шыққан ұлт азаматтарының басқаруымен ел экономикасының қарыштап алға дамығаны ешқандай дау тудырмайды. Қарапайым халық арасынан мыңдаған ғалымдар мен өнер қайраткерлері, Социалистік Еңбек Ерлері мен Кеңес Одағы Батырлары, жүздеген қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың шыққандығы жалған емес. Осы жылдарда Қазақ ССР-ы жеңіл өнеркәсіп пен ауыр индустрия, ғылым мен білім, өнер мен мәдениет, халық шаруашылығының басқа да салаларында зор жетістіктерге жетті.

Негізінде азамат соғысы кезіндегі қазақ қоғамындағы жоғарыдағыдай жіктеліс заңды құбылыс болатын. Бұған түсіністікпен қарап, ұлт өкілдерінің бұл ісін қазақхалқының мемлекетін қалыптастыру жолындағы әрекеттері деп қабылдаған жөн.

Ислам АХМЕТҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *