ТУҒАН ЕЛДЕ ТӨС ТҮЙІСТІРГЕН ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ КӨТЕРІЛДІ

Туған жер
1 173 Views

Тәуелсіздік жылдарынан бастап шетелдегі қандастарды қолдау және отандастарымызды тарихи атамекенімен таныстыру жұмыстары жүйелітүрде іске асырылуда. Осы мақсатта «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Jas Qazaq» халықаралық жастар клубы бірнеше жылқатарынан «Киелі Қазақстан» жобасын ұйымдастырып келеді. «Киелі Қазақстан» –шетелдегі қандастарымызды Қазақстанның тарихи әрі көрнекті жерлерімен таныстыратын арнайы жоба.

Биыл аталмыш шара 11-14 қазан аралығында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Дегенмен жоба осы уақытқа дейін 3 рет, атап айтсақ, 2018 жылы киелі Түркістанда, 2019 жылы Маңғыстау облысында, ал 2020 жылы Шымкент және Түркістан қалаларында ұйымдастырылған.

«Отандастар Қоры» президентінің кеңесшісі Болат Дидардың айтуынша, биыл халықаралық деңгейдегі кездесуге Түркия, Жапония, Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен келген 21 қандас қазақ қатысқан. Олар 4 күндік экскурсия барысында Алматыдағы Райымбек батыр кесенесіне, Республика алаңына, ал облыс бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі мен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне, Қайыңды мен Көлсай көлдеріне барған.

Жоба қатысушылары шетелде тұратын білімді, таланты және өнерлі жастар. Мәселен Түркиядан келген отандасымыз Орхун Акдаг Ыстамбұл қаласындағы жастар ұйымының басшысы, Алия Карбаева мен Сүйініш Хасенов «Омбы қазақтары», Жадыра Сембай «Жапония қазақтары», Мереке Боранбаев «Өзбекстан қазақтары», Сүндет Исраилов «Ташкент қазақтары», Айдана Мырзагулова «Орынбор қазақтары» ұйымының белсендісі. Сонымен қатар «Отандастар Қоры» және «Жас қазақ» жастар ұйымы жыл бойы түрлі байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарына «Киелі Қазақстан» жобасына жолдама берген болатын. Мысалы Балжан Рзахметова «Level Up» байқауының, Айболат Базарбек шахмат турнирінің, Ерхулан Жанат киберспорт турнирінің, Темірхан Сергазиев пен Азамат Жусупкалиев пікірсайыс турнирлерінің жеңімпазы атанып, жоба қатысушылары атанды.

Жоба қатысушыларының арасында қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қандас студенттер, олардың ішінде жас IT маман, журналист, музыканттар мен белсенді блогерлер, MBA мен магистрантар бар.

Жобаны ұйымдастырушылардың мақсаты – шетелде туып-өскен, тарихи Отаны Қазақстанда бұрын соңды болмаған отандастарымызға еліміздің киелі жерлеріне бару мүмкіндігін беру. Осы арқылы ұлтымыздың тарихымен, қазіргі қалыптасқан жағдайымен таныстыра отырып, олардың бойында атамекенге деген махаббатын арттыру. Осы орайда «Киелі Қазақстан» жобасының әлеуметтік-рухани маңызын ерекше атап өткен жөн.

Қатысушылардың қатарында Қазақстанға алғаш рет келген жастар да бар. Олар өз сезімдері мен алған әсерлерін жасыра алмады.

— Мен Түркияның Ыстамбұл қаласынан келген өздеріңіздің Орхун бауырларыңыз болам. Өзім Түркияда туып-өскен қазақ баласымын. Осы жоба арқылы Отаныма, атамекеніме келгеніме өте қуаныштымын! Бұл менің алғаш келуім. Замандастарым, отандастарым әр жақтан келген келген екен. Бірақ біз бір болсақ, бірге болсақ қана ел боламыз. Дөңгелек үстел барысында да әрқайсысымыз «Елімізге не бере аламыз? Қандай қызмет етеміз?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Біз осы жердің баласымыз. Алдағы уақытта келеміз, — деді Ыстамбұлдағы қазақ жастарының көшбасшысы Орхун Акдаг.

Ал Токио қаласында тұратын Жадыра Сембіқызы:

— Мен «Киелі Қазақстан» жобасына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Сонымен қатар осындай мүмкіндік жасаған Қазақстан мемлекетіне, «Отандастар Қорына» алғысым шексіз. Жоба аясында көзбен көрген кереметтей жерлер менің Отанымаға деген махаббатымды одан сайын арттырды. Қазақтың киелі жерлері көп. Жапония тұрғындары табиғатты қорғау дегенге асқан жауапкершілікпен қарайды. Біздің де осындай әдемі табиғатымыз, көркем жерлеріміз қорғалса деймін. Себебі бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын атамекен, аманат. Болашақта мен де Қазақстанның дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосуға ниеттімін. Мен елге көп кешікпей ораламын, — деп ағынан жарылды.

Айта кетейік, жоба аясындағы дөңгелек үстелде қазақ жастары білім, мәдениет пен спорт бағытындағы өз ойларымен бөлісіп, идеяларын ортаға салды. Ал мерекелік кешкі ас кезінде ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың ән-күйлерін орындап, «Қара жорғаны» билеп, бір-бірлерімен жақынырақ танысып, табысты.

Мен «Киелі Қазақстан» жобасына былтыр «Qazwrite» жобасының авторы, шетелдегі қандастарымызға қазақ тілін үйрететін ерікті студент ретінде қатыссам, биыл ұйымдастырушы ретінде атсалыстым. Алғашқыда осы қоғамға волонтер ретінде келген менің мақсатым біреу-ақ еді. Ол – шетелдегі бауырларыма білгенімді үйретіп, олардың Қазақстанға келуіне кішкентай болсын үлесімді қосу. Ал бүгінде менің кішкентай ғана мақсатым нақты жоспарлар мен жобаларға ұласты. Бұл мені қуантатын бірінші жайт.

Екіншіден, азаматтық қоғамның белсенді мүшесі ретінде атқарылған жұмыстан кейінгі кері байланыстар қуантады. Себебі қандастар арасында Қазақстанға бірінші рет келіп, оның тарихымен, табиғатымен танысқан соң кеуделері ерекше күйге, сезімге бөленеді. Ол жылы сөз боп төгіледі. «Мен Қазақстанға қайтып келемін», «Келесі айда азаматтық аламын», «Отаныма ораламын», «Балаларым Қазақстанда өмір сүріп, білім алса екен деймін» деген сөздерді естіген сайын өзіңнің істеп жүрген қызметіңе қанағаттанып, іштей марқая бастайсың. Бұл әсердің орны тым бөлек.

Айна АЛПЫСБАЙ,

ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің студенті, волонтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *