Төлеби ауданының тамаша табиғаты туризмді дамытып, халықтың әуелетін арттыруға қолайлы. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары туристік бағытта табыс табу көздеріне машықтанып, тәп-тәуір нәпақаларын табуда.
Осы ауданға іссапармен барған облыс әкімі Ө.Шөкеев:
«Төлеби ауданында өмір сүретін адамдарды бақытты деп есептеймін. Өйткені табиғаты айрықша, өмір сүруге өте қолайлы. Ауданның туристік әлеуетін көтеруде ауыл тұрғындарын осы салаға баулу керек. Өзбекстанның тәжірибесіне сүйеніп, әр үйді туристер түсетін қонақ үй ретінде бейімдеп, ел табысын арттыруға толық мүмкіндік бар» деген болатын. Сондай-ақ, облыс басшысы үлкен зауыттардан гөрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін айтты. Мемлекет тарапынан тегін оқулар өткізіліп, гранттар беріліп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қолдау жасалып жатыр. Шағын ауылдарға мектеп салу жайлы сөз болғанда; «200-300 адам тұратын елді мекендерге мектеп салу тиімсіз. Бұл ретте біз оқушыларды көрші ауылдардағы білім ұяларына тасымалдау жөн деп есептейміз және таяу уақытта облысқа оқушылар тасымалы үшін 100 автобус бөлінеді деп жоспарланып отыр» – деді Өмірақ Естайұлы.
Жеке өтініштері бойынша қабылдауға келген тұрғындардың бірі көпқабатты үйлердің апатты жағдайына алаңдаушылығын жеткізді. Облыс әкімі бұл түйткілді мәселенің назарға алынғанын, жаңа үйлер салу бойынша жұмыстар жасалатынын айтты.