ҒЫЛЫМ-ҒҰМЫР

Тұлға
1 052 Views

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді.

Халық даналығы

2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №1117 Қаулысымен бұрынғы республикалық кітап музейінің базасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрілігінің «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі құрылды. 2016 жылдың мамыр айында кітап музейі өзінің ауқымды кітап қорымен тұтастай Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көшіріліп, өз қызметін біржола тоқтатты. Жаңадан құрылған Орталықтың басшысы ретінде танымал археолог-ғалым, тарихшы-зерттеуші, педагог, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» орденінің иегері Карл Молдахметұлы Байпақов тағайындалды.

Күні бүгінгідей сол сәт әлі көз алдымда. Бұл 2016 жылғы наурыз айы болатын. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров арнайы келіп, ұжымға таныстырды. Мен кітап музейінің ғылыми хатшысы ретінде өзімді таныстырып, әлі Астанаға көшіріле қоймаған кітап музейінің алты залдан тұратын экспозициясына экскурсия жүргіздім. Өте зиялы кісі екені келбетінен көрініп тұрды. Менің айтқан зерттеуімді аяғына дейін тыңдап, «Қай оқу орнын бітірдің? ҚазМУ? – деп сұрады» Мен: «Жоқ, инязды бітіргемін дедім». «Иняз емес Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті» деп мені түзетті. Өзім тіліме жеңіл болған соң, аузымыз үйреніп кеткен «Иняз» деп айта салғаныма қысылып қалдым. Сәлден соң «Қай жақтансың?» деп сұрады. Мен болсам «Нарынқолданмын» дедім. Ол кісі сәл жымия «Мен де Нарынқолданмын» деді. Өзі Талғарда туып-өссе де, ата-бабалары Нарынқол жақтан екен.

Мен бала кезімнен естіп өскен «Байпақ» асуы осы кісінің атасының атымен аталған екен. Бұл асу Алматы облысы Райымбек ауданының Тұзкөл, Қарасаз ауылдарының маңында орналасқан. Енді Байпақ деген кісі кім болған деген сұраққа аз-кем тоқтала кетсем.

Байпақ 19-43 жас аралығындағы қазақ жастарын, яғни ер азаматтарды жаппай майданға тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болған 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне қатысушы. Қарқара көтерілісі — 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің Жетісу облысындағы орталығы. Кейбір мұрағат құжаттарында «Албан көтерілісі», халық жадында «Албан — Бұғы» көтерілісі деп аталады. Бірақ көтеріліс қару-жарақтың күшімен аяусыз басылды. Бүкіл болыстар жойылды. Бір ғана Байпақ отбасында 13 адам өлтіріледі.

* * *

Карл Молдахметұлы «Мәдениеттерді жа-қындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің басшысы ретінде көптеген жауапты жұмыстардың басы-қасында жүрді. Себебі, Орталық тәй-тәй басып, жаңа құрылып жатқан еді.

Орталықты Қазақстанның ғылыми кеңістігінде жаңа профильді мекеме ретінде қалыптастыру үдерісі жүрді. Кадр құрамы қалыптасып, алдағы онжылдықтағы және үстіміздегі жылдардағы мәдени-ағарту қызметінің басым бағыттары айқындалып, сәйкесінше Орталықтың жұмыс жоспарынан орын алды. Атап айтатын болсақ, тарих ғылымының кандидаттары Ерофеева И.В., Дубровская Т.В., Терновая Г.А., Нұржанов А.Ә., э.ғ.д. Қалиева С.А., Нурпеисов М.М., PhD Сыдыков А.Ж., Казизов Е.С., Камалдинов И.Р., Ильин Р.В. тағы басқа да ғалымдар жұмысқа қабылданды.

2016-2017 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталықтың шап-шағын ғимараты жарқырап, тап-таза, қызметкерлердің жұмыс істеуіне, ғылыммен шұғылдануына өте қолайлы болды. Орталыққа техникалық құралдар, кеңсе жиһаздары сатып алынды.

Қазіргі және болашақтағы ғылыми зерттеулердің басты басымдылығы болып дінаралық диалог, бірінші кезекте біздің еліміздің және басқа мемлекеттердің халықтарына Қазақстан мен Орталық Азияның діни әртүрлілігін таныстыратын арнайы еңбектер жазу, әлемдік діндер тарихының Орталық Азияда жеткілікті зерттелмеуі және оның өзектілігін ескере отырып, Орталықтың ғылыми зерттеулерінің негізгі бағытына айналды.

Қазақстандағы ислам, христиан және буддизм тарихы жайлы арнайы ұжымдық монографиялар дайындалып, орта ғасырларда Жетісудың солтүстік-батысында буддизм мен христиандықтың орталықтары болған Иланбалық және Қойлық қалаларындағы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 2018 жылы «Қазақстандағы діндер тарихы (ежелгі кезең және ортағасыр)» атты ұжымдық монография жарық көрді. Авторлары: Байпақов К.М., Ерофеева И.В., Казизов Е.С., Терновая Г.А. 2019 жылы бұл монография қазақ және ағылшын тілдеріне аударылды. Бұл Қазақстанның ғылымы үшін өте құнды еңбек болды.

Карл Молдахметұлының басшылығымен өткен тағы бір елеулі іс-шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2016 жылы қыркүйек айының 28-і күні Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік Бюросымен бірлесе ұйымдастырылған «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы 2013-2022 жылдары аясында «Әлеуметтік трансформация және мәдениетаралық диалог» атты халықаралық конференция өткізілген. Бұл конференцияға Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтері Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар Секторының Әлеуметтік трансформациялар және мәдениетаралық диалог Дивизионының директоры Д.Бадарч мырза, ассистенті Уг Чарни арнайы келіп, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығына» 2-санат мәртебесін беру және техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары туралы мәселелерді талқылады.

Д. Бадарч «Мәдениеттерді жақындастыру орталығының» алдағы уақыттағы жұмыстары туралы бірқатар ұсыныстар жасап, «Әлеуметтік трансформация және мәдениетаралық диалог» дивизионының міндеттеріне сай болатындай басымдықтарды белгіледі. Сапар қорытындысы бойынша ЮНЕСКО штаб-пәтерінің өкілдері есеп жасап, қамтылған ұсыныстар бойынша Орталықтың алдағы жұмысына оң баға берген болатын.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 12-13 маусымындағы «Ұлы Жібек жолындағы Қазақстан және Орталық Азия діндері» халықаралық ғылыми-практикалық конференция, 2017 жылдың 4-5 қыркүйегіндегі «1253-1254 ж.ж. Гийом де Рубруктың Қазақстан арқылы Қарақорымға саяхаты: ортағасырлық Қазақстан мен Францияның мәдениеттерін жақындастыру» атты Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Францияның павильонында өткізілген Халықаралық симпозиум, 2018 жылы өткізілген «Ұлы Жібек жолындағы Орталық Азия: ежелгі кезеңнен қазіргі кезеңге дейінгі мәдениеттер мен конфессиялардың диалогы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды атап кетуге әбден болады. Себебі, осы ірі іс-шаралар Карл Молдахметұлының басшылығымен, ұйымдастыруымен өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар оң бағасын берді.

Орталық Карл Молдахметұлы басқарып тұрған кезде аккредитациядан өтті. Орталықты көтеру жолында аянбай, тынбай еңбек етті.

Осындай білгір басшы, көреген ғалым, адам ретінде өте қарапайым жан Карл Молдахметұлын өзі басқарған ұжымы ешқашан ұмытпайды.

Енді ғалымның өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталсақ.

Карл Молдахметұлы Байпақов, 1940 жылы 17 қарашада Алматы облысындағы Талғар қаласында педагогтар отбасында дүниеге келген. Талғардың №1 орта мектебін алтын медальға бітіріп, сол жылы А.А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетінің археология кафедрасына оқуға түсіп, Ленинград Мемлекеттік университетін бітіргеннен соң, 1963 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына конкурс бойынша аспирантураға қабылданған. Аспирантураны 1966 жылы «VI-XII ғғ. Жетісу қалалары мен қоныстары» атты кандидаттық диссертациясымен бітірген.

1986 ж. Мәскеу қаласында (КСРО ҒА Археология институты) «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қала мәдениеті (VI-XVIII ғ.) докторлық диссертациясын қорғап, 1994 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған, 1995 ж. – Археология профессоры ғылыми атағы берілді. 2003 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының тұрақты мүшесі – академигі болып сайланды.

Кандидаттық жұмысын қорғағаннан кейін 1966 жылы – ҚазКСР ҒА ТАЭИ кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрды. 1971 жылдан – аға ғылыми қызметкер, 1973 жылдың наурыз айынан – ортағасырлық археология бөлімінің және Археология мұражайының меңгерушісі, 1989 жылдан ТАЭИ-нің Археологиялық зерттеулер орталығының басшысы, 1991 жылдан 2010 жылға дейін Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры болып тағайындалды. 2010 жылдан «Урбанизация және номадизм» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1963 жылдан бастап топ басшысы ретінде археологиялық экспедицияларға қатысты. 1971 жылдан ОҚКАЭ басшысының орынбасары болды. 1978 жылы Қазақ-қырғыз археологиялық экспедициясының жетекшісі, 1984 жылы Тараз археологиялық экспедициясының басшысы, 1986 жылы Ескерткіштер жинағы экспедициясының басшысы, 1989 жылдан өмірінің соңына дейін ОҚКАЭ басшысы болды.

Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық археологиясы саласындағы жетекші маман болды. Өзекті ғылыми қызығушылықтарының негізі – Еуразия мемлекеттерінің саяси, экономикалық және мәдени байланысы аспектісіндегі «Ұлы Жібек жолы» мәселесі, сонымен қатар қасиетті география, орта ғасырлардағы рухани мәдениет мәселелері еді.

Соңғы жылдардағы ғылыми қызметінің басым бағыты археологиялық ескерткіштерді туристік нысан ретінде зерттеу, сақтау және пайдалану болды. 2001–2004 жж. Қазақстан-Жапония-ЮНЕСКО-ның «Көне Отырар қаласын сақтау» халықаралық бағдарламасының Қазақстан Республикасы тарапынан жетекшісі ретінде біліктілік көрсетті.

2006 жылдан бастап К.М. Байпақовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен «Ежелгі Отырардың қайта өрлеуі» – ескерткішті зерттеу және қалпына келтіру бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілді.

1966 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор ретінде дәріс оқып, студенттердің диплом жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасады. Карл Молдахметұлының жетекшілігімен көптеген жас ғалымдар диссертацияларын қорғады. 17 кандидаттық, 5 докторлық диссертация қорғалды. Өзі басы-қасында болып «Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық қалалары», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан археологиясының негіздері» атты арнайы курстарды дайындады.

ҚазССР тарихы мен Қазақстан тарихының көп томдық басылымдарының бірнеше бөлімдерінің авторы, орта мектептің 5, 6, 7 сынып оқулықтарының және жаңа 12-жылдық мектеп бағдарламасына арналған оқулықтардың авторы ретінде де еңбегі жоғары бағаланған. Жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ және орыс тіліндегі Қазақстан археологиясына қатысты оқулықтар авторларының бірі.

Қазақстанның ежелгі астаналарының бірі – Алматы қаласының пайда болуы, дамуы мен жасын анықтауда Карл Молдахметұлының еңбегі зор. Зерттеулер нәтижесінде Жетісу өңірі мен Алматы қаласы бойынша оның іргелі еңбектері мен монографиялары, сонымен қатар журналдар мен газеттерде ғылыми-көпшілік мақалалары жарияланды.

Ол 1966 жылдан өмірінің соңына дейін 60-тан астам авторлық және бірлескен авторлықта монография, ЖОО үшін археология пәнінен 6 оқу құралы, орта мектеп оқушылары үшін 6 оқулық, 15 альбом және 550 астам ғылыми мақалалары орыс, қазақ, ағылшын, француз, неміс, италия, түрік, жапон, кәріс және қытай тілдерінде Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Бішкек, Сеул, Токио, Исламабад, Берлин, Рим, Милан, Лондон, Кембридж, Үрімші, Париж, Тайбей, Анкара қалаларында жарияланған.

Орталығымыздың басшысы болып жүрген кезінде 2016 жылы Алматы қаласының Құрметті азаматы атанып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2017 жылы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Қашан көрсең де қағаз жазып отыратын. Дүниеден өткенше ғылыммен шұғылданды. Ұлы Жібек жолындағы ежелгі қалаларды зерттеу ғалымның ең сүйікті ісі еді. Өте қарапайым, адам алаламайтын ол кісі туралы жаза бастағанда биік таудың мұзарт шыңдарына қайта өрмелегендей күйде болдым. Өйткені, олардың әрқайсысында өмірлік дерегі табиғи мінезі, түп-тұқияннан келген бітімі, тіпті адамдық кейбір осал тұстары, ал негізінен, көне дүние түпкіріндегі ата-бабаларынан бізге жетіп тұрған мол, кемел адамдық тұрпатын толық танығандай болдым. Иә, әр адам тарих. Келместің кемесіне мініп кеткенімен ол кісі артына өшпес-өлмес мол мұра қалдырды. «Орнында бар оңалар» деп атам қазақ айтқандай, аяқталмай қалған еңбектерін, зерттеулерін жары, кеңесшісі әрі көмекшісі болған тарих ғылымдарының докторы, археолог-зерттеуші Тамара Владимировна Савельева жалғастырып, ошағының отын өшірмей отыр. Артына өлмейтұғын мұра қалдырған асыл жан салған арналы істердің желісі үзілмей, шәкірттері жалғап келеді.

Карл Молдахметұлының есімін ешқашан есімізден шығармаймыз, артына тастап кеткен мол мұрасы мәдениет пен тарихтың алтын қорына қосылған қомақты үлес, халқымыздың баға жетпес мәдени-тарихи байлығы. Былтыр 2020 жылы 12 қарашада туғанына 80 жыл толуына орай Орталық «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен дін» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, конференция материалдары жинақ болып жарық көрді.

Танымал академик, тарих, археология саласының нағыз маманы болған Карл Молдахметұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы облысы Райымбек ауданындағы және өзі туып-өскен Талғар қаласындағы бір мектепке есімі берілсе, жыл сайын дәстүрлі түрде «Байпақов оқулары» өткізілсе, тарих, археология факультеттерінде «Байпақов атындағы шәкіртақы» тағайындалса, еңбектерінен дипломдық жұмыстар қорғалса деген болашақтың еншісіндегі ұсыныстарымыз бар.

Еліміздің білімі мен ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан осындай танымал академикпен бірге жұмыс істегенімді әрдайым мақтан тұтамын.

Есіміңізді әспеттеп, әр кез сағынышпен еске аламыз әлемнің академигі! Бар саналы ғұмырын ғылымға, оның ішінде археология саласына арнаған дара ғалымның жарқын бейнесі өзі қадір тұтқан халқының жадында мәңгілік сақталады.

С.ӘШІМОВА,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғылыми хатшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *