ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМ РЕЙТИНГТЕРІНДЕ ҚАНДАЙ ОРЫНДА ТҰР?

Саясат Қоғам
612 Views
  • Баспасөзі, бостандығы мен сыбайластық жағынан…

Жылда жарияланатын бірнеше рейтингтердің ішінде Қазақстанның позициясы қандай? Қазақстан кімнен кем, кімнен артық?

АДАМ ДАМУ РЕЙТИНГІ: ҚАЗАҚСТАН 56-ШЫ ОРЫН

Алдымен, Адам даму индексіне келейік. БҰҰ Даму бағдарламасы бұл рейтингті 2022 жылдың қыркүйегінде жаңартқан.

Бұл рейтинг бойынша, алғашқы бестіктегі елдер – Швейцария, Норвегия, Исландия, Гонконг (Қытай) мен Австралия. Ең соңғы орындарда Оңтүстік Судан, Чад пен Нигер тұр.

Бұрынғы совет елдері ішінде алғашқы үштікте Эстония (31 орын), Литва (35 орын) мен Латвия (39 орын). Ресей бұл тізімде 52 орында болса, Қазақстан 56 орында. Қазақстаннан кейін 60 орында Беларусь тұр. Бұл рейтингте «жүздікке кіріп кеткен» елдердің ішінде Өзбекстан (101 орын), Қырғыз Республикасы (118 орын) мен Тәжікстан (122 орын) тұр.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – 102-ШІ ОРЫН

Аты айтып тұрғандай, аталған рейтинг қай елде жемқорлық көптігін талдайды. Бұл талдаудың рейтингі соңғы рет 2022 жылдың мамырында жаңартылған. Алғашқы үштікті рейтингте Дания, Финляндия мен Жаңа Зеландия бастайды. 180 елдің тізімінің ең соңында Оңтүстік Судан, Сирия мен Сомали тұр.

Ал посткеңестік елдердің ішінде рейтингі ең жақсы елдер – Балтық елдері тұр. Эстония 13, Литва 34, Латвия 36 орынға жайғасқан. Ізінше Грузия (45), Армения (58) мен Беларусь (82) тұрса, Қазақстан 102 орында тұр. Ресей 136 орыннан көрінсе, Өзбекстан (140), Қырғызстан (144), Тәжікстан (150) мен Түрікменстан (169) да бұл рейтингтің аутсайдерлері қатарында.

ДЕМОКРАТИЯ – 127!

Жыл сайын жаңарып тұратын рейтингтің бірі – Демократия индексі. Оған сәйкес, 167 мемлекеттің демократияны дамыту деңгейі және ол үшін жасалған саяси режимдердің квалификациясы сараланады. Рейтингті британның Economist Intelligence Unit компаниясы жасайды.

Аталған рейтингте алғашқы үштікте әлбетте, Еуропаның дамыған елдері – Норвегия, Жаңа Зеландия мен Исландия тұр. Посткеңестік елдердің ішінде ең жақсы көрсеткіш Эстонияда – 27-ші орын. Эстониямен бірге тізімнің «толық емес демократия» елдері қатарында Латвия мен Литва тұр (38 және 39-шы орын). Аталған рейтингте Армения 82-ші орында тұрса, Украина 87-шы орынға табан тіреген. Грузия 90-шы орында тұр. Орталық Азиядағы ең жақсы көрсеткіш Қырғыз Республикасының еншісінде – 116 орын.

Қазақстан өкінішке қарай 127-ші орыннан көрінген. Бұл – аталған рейтингтің авторитарлы режим санатына жатады. Посткеңестік елдерде Қазақстаннан көрсеткіші төмен елдерге Әзербайжан (134), Ресей (146), Өзбекстан (149), Беларусь (153), Тәжікстан (156), Түрікменстан (161), тұр.

БАСПАСӨЗ БОСТАНДЫҒЫ – ӨТЕ НАШАР!

Баспасөз бостандығының бүкіләлемдік индексі – «Reporters Without Borders» халықаралық үкіметтік емес ұйымы жыл сайын жариялайтын рейтинг. Рейтинг 2001 жылы алғаш рет жарияланып, соңғы рет 2022 жылы жаңарған.

Аталған рейтингтің көш басында әлбетте Еуропа елдері – Норвегия, Дания, Швеция тұр. Посткеңестік елдердің ішіндегі Эстония осы алғашқы үш елді алға оздырып, төртінші орында тұр! Литва (9) мен Латвияның да (22) позициясы жақсы.

Қазақстан өкінішке қарай бұл тізімде Иордания мен Бениннен кейін 122-ші орында тұр. Қазақстанның бұл индексте статусы «нашар» санатта болса, Өзбекстан (133), Тәжікстан (152), Беларусь (153), Әзербайжан (154) мен Ресей (155) елдері рейтингтің «өте нашар» статусына кіреді.

БАҚЫТТЫ ЕЛДЕР РЕЙТИНГІ – АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДАМЫЗ!

Әлемдегі бақытты елдер рейтингінде Қазақстан 40-шы орында тұр. Посткеңестік елдердің ішінде Қазақстанның алдында тек Литва (34) мен Эстония (36) тұр. Ал аталған рейтингке сенсек, әлемдегі ең бақытты адамдар Финляндия, Дания, Исландия, Швейцария, Нидерланды (алғашқы бестік) елдерінде тұрады екен.

Соғыс болып жатқан Ресей мен Украина рейтингтің 80-ші және 98-ші орнында тұр.

БҰҰ жыл сайын жариялайтын бақыт индексі тізімінде ең соңғы орындарда Зимбабве, Ливан мен Ауғанстан елдері тұр.

АДАМ БОСТАНДЫҒЫ РЕЙТИНГІ

Адам бостандығы рейтингінде алғашқы жүздікте Қазақстан жоқ – 106 орында тұр. Бұл рейтингті бастап тұрған елдердің үштігі – Швейцария, Жаңа Зеландия мен Дания.

Посткеңестік елдердің ішінде бұл тізімде көрсеткіші жақсы елдер – Эстония (4), Литва (19) мен Латвия (21). Қазақстанға көрші елдердің ішінде Қырғыз Республикасы 81-ші, Ресей 126-шы, Әзербайжан 127-ші, Өзбекстан 150-ші орында тұр. Адам бостандығы рейтингінде ең төменгі орныда Йемен, Венесуела мен Сирия тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *