ЖУРНАЛИСТ МӘРТЕБЕСІ ЗАҢМЕН БЕКІТІЛМЕК

Саясат Қоғам
356 Views

ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі әзірлеп, E-gov сайтында жарияланған «Масс-медиа туралы» Заңының жобасымен танысып шықтық. Бұрын «БАҚ туралы заң» деп қысқа қайырып айта беруші едік, бұл жоба «Масс-медиа туралы» деп аталған екен.

Заң жобасы 2-ақпанда ұсынылып, талқылау 16-наурызға дейін жалғасады. Бас-аяғы 70 баптан тұратын бұл жоба бұған дейінгі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі Заңды бір атаумен біріктірген сынды.

Жобаның басты артықшылығы мұнда журналистің құқықтары мен міндеттері барынша нақтыланып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленіпті. Отыз жылдан бері айтып жүрген мәселеміз. Ол үшін журналистерді басқа жазғыштардан ажырататын «пресс карта» енгізілуі де мен үшін құптарлық қадам. Баспасөз картасы журналистік жоғары білімі бар, БАҚ-та кемінде үш жыл, дипломы жоқтарға кемінде бес жыл тәжірибесі бар азаматтарға беріледі. Бұл әрі қарай журналист мәртебесін иеленгендердің әлеуметтік жағдайларын шешуге де ықпал етсе жақсы болар еді.

Әрине, мұндай қағидалар блогерлерге, интернет ресурстарда жұмыс істейтіндерге жақпауы мүмкін. Біздіңше оларға арналған басқа заң жобасы әзірленгені дұрыс болар еді.

Журналистерді әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыратын кез келді. Журналистер — әрі саясаткер, әрі идеолог, әрі қоғам белсенділері, әрі еріктілер… Су тасқыны болса да, көтеріліс болса да, қақтығыс болса да — ел жүгін арқалап солар жүреді. Оларға лайықты жалақы, дұрыс премия, дұрыс қаламақы, дұрыс әлеуметтік пакеттер, дұрыс муниципалды бағдарламалармен жеңілдіктер берілу керек.

Қысқасы, журналистерді жөн-жосықсыз қудалауды, олардың құқықтарын аяқасты етуді, бай-бағландарға оларды жығып беруді тоқтататын жаңа заң қабылданса, бұл бір үлкен қуаныш, игі жақсылық болар еді… «Мұғалімнің мәртебесі», «Дәрігердің мәртебесі» т.с.с. «Журналистің мәртебесі» туралы да сөз бастайтын кез келді. Әйтпесе біздің елде журналистерден басқалардың бәрі мәртебелі, тек журналистер ғана адамның қоры сияқты… әнші де — журналист, биші де — журналист, күйші де — журналист, блогер де – журналист боп кетті…

Журналистерге мемлекет тарапынан әлеуметтік пакет берілмейді. Яғни мемлекет шеңберінде баспана ала алуға мүмкіндігі болмады. Әлбетте, елдегі БАҚ құралдарының дені жекенің қолында деген жауаптың айтылып жүргеніне де біраз уақыт өтті. Десе де, баспанасыз берекесі қашып, үй-үйді жағалап жүрген журналистің еңсесі тік, мәртебесінің айқын болуы баспанаға байланып тұр. Бұл – материалдық тұрғыдан туындаған ой. Ал, журналист деген абыройды алып жүру, оның мәртебелі болуы ұстаным мен позицияға тікелей қатысты. Біреудің жетегінде не айтаққа ерген тілшінің нақ кәсіби көзқарасының болмауы, ардан аттап, елдің мәселесінен «ақша жасап алу» сынды қасиеттер өз құнымызды түсіреді. Сондықтан, журналистің жеке мәртебесінің биік болуы тікелей өзіне ғана қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «журналистер мәртебесін айқындайтын уақыт келді» дегені көкейге бір сенім ұялатады.

Егер журналистердің жанайқайына шындап мән берілсе, ескіруге жақындаған ұсыныстарға қан жүгірер еді. Қазіргі уақыт иіріміне, яғни журналиске керек сапалы контент жазу, видеоблог түсіру, ағылшын тілінде ақпарат таратуды, фрилансерлік, менеджерлік қасиеттерді, бір салаға машықтанған менеджерлерді дамытатын кәсіби журналистер институтын құра алсақ, нағыз қауқары мықты, айтары бар журналистер бой көрсетеді. Бұл сөзі де, өзі де өтімді журналистиканың жоғалып кетпеуіне жол ашады. Сонда ғана әлеуметтік проблемасы мен кәсіби біліктілік мәселесін шырылдап айтып жүрген аш құрсақ журналистердің талабы орындалар еді.

Жобада тағы бір атап өтетін нәрсе мемлекеттік тілге қатысты талаптардың күшейтілуі. Ең алдымен мемлекеттік тіліміздегі теле-радио бағдарламаларының көлемі басқа тілдердегі теле, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс екендігі көрсетілген. Субтитр пайдаланылатын телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы мемлекеттік тілдегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне кірмейтіндігі де тілге қатысты талаптарды күшейте түскен.

Заң жобасының 24 бабындағы шетелдік теле-, радиоарнаның материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын болса ондай шетелдік бұқаралық құралдарын есепке қоюдан бас тартылатыны өте орынды. Яғни соғысты насихаттайтындар, Z белгісіне құмар телеарналар Қазақстан аумағында тайраңдай алмайды деген сөз. Сондай-ақ дыбыстық сүйемелдеудің көп арналы берілуін пайдаланатын телеарналар негізгі дыбыстық сүйемелдеуді мемлекеттік тілде пайдалануға тиіс екендігі де міндеттелген.

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам және мемлекет қайраткері

Жаңа заң – қоғамның талабы

Шын мәнінде, журналистердің тек құқықтық мәртебесі емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы керек. Мұндай заңы жоқ елдер де бар. Бірақ біздің елдегі жағдайға қарасақ, заң қажет. Өйткені жаңа қоғамның жаңа талаптары бар. Соны ескеруіміз керек. «Масс-медиа туралы» заңда тек журналистер емес, оларға деген қоғамның қатынасы да реттелуге тиіс. Сол үшін де ол көкейкесті. Бұл заңда тәуелсіз, тәуелді журналист деген ұғым болмауы керек. Анығын айтсақ, бұлар – социалистік қоғамнан қалған түсінік. Журналист халықтың тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отыруға міндетті. Шын мәнінде, билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет қолайлы жағдай жасауға тиіс. Заңның ең негізгі міндеті де осыдан өрбиді. Сондықтан біз аталған заң жобасын журналистерді кең ауқымда талқылауын қалар едік. Кәсіби мамандардың пікір-ұсынысын енгізу маңызды.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, журналист:

«СЫЙЛЫҚ БЕРУ – ОЛ ЖУРНАЛИСТІ САТЫП АЛУ ДЕГЕН СӨЗ»

− Журналистің мәртебесін нақтылайтын болсақ, ең алдымен журналистің тәуелсіздігіне назар аудару керек. Қазіргі ақпарат тәуелді, онда үгіт-насихат, көңіл көтеру жағы басым, ал нақты проблемалық журналистика жоғалып кетті. Арыста болып жатқан оқиғалар секілді жаңалықтардан соңғы жылдары аяқ алып жүргісіз болып кетті. Күнде тікұшақ құлайды, төтенше жағдайлар орын алады, адам қолымен жасалған апаттар көбейіп барады. Күн сайын бір нәрсеге бармақ тістейміз. Бірақ сабақ алмаймыз. Мұның бәрі ашық ақпараттың жоқтығы. Ең бірінші, біз бұл заңды қабылдамас бұрын журналистік қызметтің дәрежесін айқындауымыз керек. Яғни кедергілер көбейе бере ме, журналистер тоқпақпен жазуы керек пе, әлде еркіндік беріле ме? Бізде БАҚ туралы заң бар. Меніңше жаңа заң қабылдағанша осы заңды жетілдіру керек. Өкінішке қарай бұл заң журналистің жұмыс істеуіне жол ашқанның орнына, кедергі келтіріп тұр. Сондықтан бұл заңды қайта қарап, шетелдің тәжірибесін алу керек. Ол жақта арнайы заң жоқ. Тек кәсіби-этикалық кодекс бар. Демократия бар. Айлығы да жоғары. Бізде журналистің айлығы шайлығына жетпейді. Журналистердің көбі мемлекеттен тағайындалған сыйақыдан дәметеді. Сыйлық беру – ол журналисті сатып алу деген сөз. Ол журналист ешуақытта тәуелсіз бола алмайды. Ал мемлекеттік тапсырыс − қазіргі журналистиканың аяғына салынған тұсау. Әрине, мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыруына қарсы емеспін. Өкінішке қарай, мемлекеттік мекемелер «Аяғына ас құйып, сабына қарауыл қойып» отырады. Яғни, ақша беріп, контентті бақылап-тексереді. Қаржылай қолдау білдірсін, бірақ контент тексерілмеу керек. Бұл бәлкім журналистиканың тыныс алуына аз да болса септігін тигізер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *