ҚАТЫГЕЗ КИНО БАЛАНЫ ЖАУЫЗ ЕТЕ МЕ?!

Тәрбие Қоғам
939 Views

Кино – жай ғана өнер емес, кино бүтін бір әлем.Уақыт машинасы тәрізді өткен шақтың,тіпті болашақтың атмосферасына енгізе алатын күшке ие. Талғамың мен өзіндік көзқарасыңды қалыптастыратын тылсым саланың қоғамдағы маңызы өте зор. Уақытты қызықты өткізу құралы ғана болып қоймай, санаңды жаңғырта да алады. Бүгінгі таңда киноның түрлі жанрлары бар. Олардың барлығы бірдей пайдалы бола ала ма?!

Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселенің бірі – киноның бала психологиясына әсері. Жұмысбасты ата-аналар балаға көңіл бөлуге уақыт таппай жатқан кезеңде, бұл – алаңдататын жайт екені мәлім. Қорқынышты фильмдер немесе жауыздық көріністері бар экшн, триллер сияқты фильмдер баланың психологиясына әсер етуі мүмкін деп қорқатындар аз емес.

Десек те Стетсон университетінің соңғы деректеріне сүйенетін болсақ, рейтингі PG-13 болатын фильмдердің баланың психологиясына кері әсері жоқ. Рейтингі бұлай аталатын фильмдер зорлық-зомбылық, жауыздық сынды әрекеттер сюжеттелген кинолар екен. Балалардың денсаулығын сақтау орталығының директоры Майкл Рич зерттеудің біржақты ғана зерттелгенін айтып, олардың сондай жанрдағы фильмдерді насихаттау жоспары болуы мүмкін деген пікірді алға тартуда.

Психологтардың пікірінше, қорқынышты фильмдер жасөспірімдердің психикасына міндетті түрде әсер етеді. Өтпелі кезеңдегі әр балаға әр түрлі әсер етеді. Негативті әсер етіп, жадында қорқыныш сезімі фобияға айналуы мүмкін. Әртүрлі қорқынышты әрекеттерді көрген баланың психикасы тұрақты болмайды. Эмоциясын басқара алмайтын, агрессияға бейім болып кетуі мүмкін. Аяушылық қасиеті жоғалып, кинодағы іс-әрекеттерді қалыпты деп көретіндіктен, жасауға ұмтылып тұратын болады. Десек те 12-16 жас аралығында қорқынышпен күресіп, жеңе білу оңай. Есейген кезде қорқынышты жеңу оңай болмайды. Сондықтан, санасында жаман жәйттер жатталып қалмауы үшін ата-аналардың қолдауы керек. Фильмдерді мүмкіндігінше бірге тамашалау ұсынылады. Сол арқылы бала психикасының бүлінбеуіне көмек бере алады.

Қатыгездік бейнеленетін фильмдердің де жақсы тұстарын көрсетіп, ғибрат аларлық дүние үйретуге мүмкіндік бар. Жаман кейіпкердің әрекетіне еліктеушілік пайда болмауы қажет. Себебі, өзін таба алмай жүрген, өмірлік мақсатын толық түсінбеген жасөспірімдер арасында еліктеушілік болуы қалыпты жағдай. Сондай кезеңдерде ата-ана тәрбиесі маңызды.

Кейбір психологтар жасөспірімдер арасында қылмыс белең алуына кинолардың әсері болуы бек мүмкін дейді. Атыс-шабыс, мейірімсіздік көріністері көп экшн, боевик сияқты жанрларды көп көру арқылы ондай іс-әрекеттер оларға үйреншікті жағдай болып қалыптасуы ықтимал. Солайша жаман болып көрінбегендіктен теріс қылықтарды қайталауы да мүмкін.Ондай фильмдерді қарап үйреніп қалғандықтан, ешқандай реакция бермей, қатыгез бола бастайды. Белгілі бір дәрежеде балалардың психологиясына фильмдердің әсер ететіні хақ. Бірақ, барлық балаларға бірдей жақсы немесе бірдей жаман әсер етпеуі мүмкін. Әр баланың тәрбиесіне, психикасының күштілігіне байланысты.

Ғалымдардың зерттеуінше, қатыгездік көрсетілетін фильмдер, сондай-ақ қорқынышты кинолар адамның психикасына сөзсіз әсер етпей қоймайды. Әлі дұрыс қалыптаспаған жасөспірімдер кинодағы кейіпкердің іс-әрекетін, мінез құлқын қайталауға әрекет жасайды. Көптеген адамдар өзін бақылауда ұстай алмай, депрессияға түсуі де ғажап емес.

Nottingham Trent University ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, жасөспірімдердің мұндай киноларды көп көруі денсаулыққа пайдалы екен. Кино көру арқылы жаман эмоцияларды сыртқа шығарып, қиындықтарға қарсы иммунитет те қалыптастырады деген пікірде.

Статистика бойынша боевик, экшн сынды фильмдерді ұнататындар көп. Бір рет осы жанрдағы фильмдерді көрген соң, адамның санасы тағы да көруге, одан да қатыгезін көруге ұмтылып тұрады.

«Дегенмен, психикасы дұрыс, ешқандай эмпатикалық ауытқулары жоқ балаларға кино негативті әсер етуі екіталай. Психикасы дұрыс жетілмеген, қандай да бір ауытқулары бар немесе эмоциялық қабылдауы жоғары, сезімтал жандар невроз сияқты психологиялық ауруға шалдығуы, немесе агрессияға бейім болып кетуі мүмкін», – дейді психологтар. Осылайша ғалымдар мен психологтардың кино туралы пікірі екіге бөлінуде. Балалардың қатігез болып өсуіне киноның нақты әсері болмауы да мүмкін. Бірақ, ата-ана тәрбиесінің әсері болатыны айтпаса да белгілі. Балаларға фильмдерден көрген жауыздық емес, өмірінде болып жатқан жауыздықтар, ата-анасының шектен тыс қатал болып, мейірім бөлмеуінен қатыгез болып өседі. Кейбір ата-аналар ұру арқылы жазалауды дұрыс деп санайды. Бұл тіпті үйреншікті дүниеге айналып кеткен. Баланы осындай жазалау салдарынан оның психологиясына салмақ түседі. Тұлға болып жетілуіне, өзін еркін ұстауына кері әсер етеді.

Ата-аналар қатыгездігі ауру емес, оның қалып-тасып жатқан ортасының ауруы. Сондықтан дұрыс тәрбие бере алу міндет. Көңіл бөліп, мейірімге бөлеп өсіру қажет. Соны-мен қатар қылмыстың алдын алу үшін баланың бос уақыты болмағаны дұрыс. Түрлі үйірмелерге ба-рып, жақсы ортада, жақсы адам-дармен қарым-қатынаста қалыптасқан бала қатыгез болып өспейді. Ешқандай қылмыс жасамайды. Қатыгез адам болып өскен балаға, қылмыс жасау да таңсық дүние емес. Балалар – еліміздің болашағы болғандықтан, олардың тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл бөліңіз!

Әлия ТҮГЕЛБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *