ҚОШ БОЛ, АКАДЕМИКТЕР АУЫЛЫНЫҢ ДАРЫНДЫ ҰЛЫ!

Өмір-өзен
825 Views

Қазақ тарихы мен журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. 69 жасқа қараған шағында қазақ баспасөзі тарихының білгірі, Қазақстан жоғары оқу орындары журналистика факультеттері мен кафедралары студенттерінің қолынан түспейтін ондаған оқулық пен оқу құралдарының авторы, журналистика теориясы мен тәжірибесінің тарланы, көрнекті көсемсөзші, ұлағатты ұстаз, ғибраты мол ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдабергенов Қырықбай Мазанұлы мезгілсіз дүниеден озды.

Қырықбай Мазанұлы 1952 жылы шілде айының 16-шы жұлдызында Баянауыл ауданы қазіргі Ж.Аймауытов атындағы ауылда дүниеге келген. Жастайынан жазу өнеріне бейін болып өскен жас жеткіншектің тырнақ алды туындылары – мақалалары мен өлеңдері мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ аудандық «Жеңіс», облыстық «Қызыл Ту» газеттерінде жариялана бастаған. 1970 жылы C.Торайғыров атындағы орта мектепті бітірген соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырылып, Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетінде әскери тілші болған.

1973-1977 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде әдеби қызметкер, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Павлодар облыстық радиосының редакторы қызметтерін абыроймен атқарып, өңір тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы деректер жинап, зерттеп, баспасөз беттерінен оқырмандарға танымдық мәні зор материалдар сериясын ұсынған.

1978-1983 жылдар аралығында қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде республикалық басылымдарда көптеген ғылыми-танымдық зерттеу мақалалары жарық көрген. Сол арқылы студент шағында-ақ ғылымға бейімдігін танытып, нәтижесінде «Отечественные записки» журналындағы қазақ тақырыбы (1818-1884 жж.)» деп бекітілген диплом жұмысын өте жоғары деңгейде қорғап, университет ғалымдарының көзіне түседі. 1983-1987 жылдар аралығында Қазақ телерадиокомпаниясының ғылыми-көпшілік редакциясында редактор болып жұмыс істеген кезінде «Қазақстан ғылымы» және «Көкжиек» деп аталатын қазақ тіліндегі алғашқы ғылыми көпшілік телехабарлардың авторы және жүргізушісі болды. Ғылымға деген осы құштарлық оны 1987 жылы өзі оқыған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика тарихы» кафедрасына оқытушылық қызметке алып келеді. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі M.X.Асылбековтің ғылыми жетекшілігімен Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы диссертациялық кеңесте 1992 жылы «Отечественные записки» журналы Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты туралы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын, 2001 жылы «Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады.

Қырықбай Мазанұлы қаламынан қазақ тарихы мен журналистикасына қатысты ондаған оқулық, оқу құралдары мен монографиялар, жүздеген ғылыми мақалалар туды. Сонымен бірге Баянауылдың бай тарихы мен тағылымды тұлғалары туралы құнды еңбектері мыңдаған оқырмандарымен қауышты. Жүздеген шәкірттерін ғылым жолына баулыса, бірнеше буын журналистерді БАҚ саласының майталман мамандары етіп тәрбиелеп шығарды. Сонымен бірге бірнеше ғылыми журналдың алқа мүшесі, көптеген ғылыми кеңестердің мүшесі, білікті эксперт ретінде де еліміздің ғылымының дамуына ерен еңбегін сіңірді. Білім ордамыздың журналистика және саясаттану факультеті «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының профессоры қызметін атқарған кейінгі 5-6 жыл көлемінде асқан таланты мен телегей теңіз білім-білігімен ұжымымызға үлгі-өнеге бола білді.      

«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»,– деп Абай ақын жырлағандай, ізін жалғайтын ұрпағы, жолын қуған шәкірттері, өшпейтін мол мұрасы тұрғанда ұлағатты ұстаздың аты өшпейді дегенге тәубе етеміз.

Марқұмның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыс, достарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Аяулы азаматтың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады! Бақұл бол, академиктер ауылының дарынды ұлы!

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *