«ҚЫЗЫЛЖАРДЫ ҚАЗАҚЫЛАНДЫРСАҚ ДЕП ЖҮРМІЗ»

Саясат Қоғам
268 Views

Газетіміздің алдыңғы сандарында солтүстік өңірге көш түзеген кейіпкерлер жайлы жазған болатынбыз. Бірі өмірлік жолын тауып, кәсібін дөңгелетіп отырса, енді бірі жақсы жұмыс орнына орналасып, теріскейдің тынымсыз тіршілігіне бой үйретті. Талаптары мен ізденістерінің арқасында жайлы баспана мен тұрақты жұмысқа қол жеткізіп, тұрмысын түзеген отбасылардың саны да жыл сайын артып келеді. Әрине, бұл оқиғалардан бағдарламаның бір жолға қойылғанын байқау қиын емес. Басылымның бүгінгі кейіпкері денсаулық жағдайына байланысты солтүстік өңірге қоныс аударып, егде тартса да, тынымсыз еңбек етіп жүрген жан.

Назарова Нағима – Шымкент шаһарында дүниеге келген. Аспаздық өнері бар кейіпкеріміз жанұясымен Көкшетау қаласына қоныс аударып, кішігірім дәмханада аспаз болып жұмыс істеп, нәпақасын табады. Көп уақыт өтпестен, кейбір келеңсіздіктерге байланысты солтүстіктің басқа ауданына қоныс аударуға бел байлайды. Әлеуметтік желіден «Солтүстікке ұлы көш» тобын тауып, теріскейге қоныс аударып барған қандастарынан көмек сұрайды.Бірнеше өңірді қарастырған отбасының көңілі Ғ.Мүсірепов ауданына түседі.Жұмыспен қамту орталығынан көмек сұрай келген Нағиманы орталық қызметкерлері құшақ жая қарсы алып, бар көмегін аямайды.Сол ауданға қарасты Червонное ауылына қоныс тепкен отбасыға мемлекет тарапынан 642000 теңге көлемінде жәрдемақы берілді.Тіпті, орталық отағасыға табысты қызмет тауып береді. Ал қазіргі таңда жолдасы қоғамдық көлікті тізгіндейді.

– Жақында «Бастау бизнес» жобасы жайлы түрлі ақпараттарды қарап шықтым.Мемлекеттің беріп жатқан мүмкіндігін тағы да пайдалануды қалап, отбасымызбен бизнес жоспар құрдық.Берілген гранттық ақыға жеңіл көлік сатып алып, аудан мен қалаға жолаушыларды тасымақпыз, – дейді ол.

Нағима солтүстік өлкедегі пәтердің бағасы күнгейге қарағанда әлдеқайда арзан екенін айтады.Үйдің сапасы тұрғындардың көңілінен шығады. Әр ай сайын 6000 теңге жалдау құны мен әр адам басына 375 теңге көлемінде су ақысын төлейді. Көршілері де 2021 жылдың күз мезгілінде солтүстікке көшіп келіпті. Әрбірінің жеке жұмысы мен ыңғайлы пәтері бар.

– Халық солтүстікке келуге жүрексінеді. Табиғаты қатал, жұмыс табу жағы қиын, тұрғындары суық деп ойлайтын шығар. Алайда, теріскейді қазақыландыру қажет. Бұл өңірдің халық санын оңтүстікпен салыстыруға келмейді. Бұл жақта халық аз, жұмыс орындары өте көп. Көрші тұратын кісілер жайдары әрі ақкөңіл. Биыл ыңғайы келмегендіктен, бау-бақша ісімен айналыса алмадым. Тұрғындар еккен жемістері мен көкөністерін тегін беріп, сыйға тартты.Осындай мейірімді жандардың бары көңіл қуантады.

Солтүстікте екі қолға бір күрек табу қиынға соқпайды. Жұмыс істеймін деген құлшынысыңыз болса, жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуге болады. Бұл жақта маман жетіспегендіктен, айлық та көп, бос орындар да жетерлік.

– Бәрін мемлекетке жүктеп қойып, өздері еш талпыныссыз жүретіндерге наразымын. Егер шын ниеттеніп, ізденер болса, алынбайтын қамал жоқ қой. Бәрі өз қолымызда. Мемлекет шексіз мүмкіндіктер ұсынып жатқанда құр қарап отыруға болмайды. Барша оңтүстік халқын теріскейге көш түзеуге шақырамын, – дейді Нағима.

Жыл өткен сайын бағдарламаның өз нәтижесін беріп, халықтың сұранысы артқанына куә болып келеміз. Тұрғындардың баспана алуына, отбасын асырау үшін шағын кәсіппен айналысуына, жоғары білім алудың қолжетімді болуына жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылды. Тек бағдарламаны қолдап, солтүстікті қазақыландыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

А.АЗАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *