«ҰРПАҚТЫҢ ДАМУЫНА КӨҢІЛ БӨЛМЕСЕК, ҚОҒАМ ДАМЫМАЙДЫ»

Білім Саясат
364 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның даму барысы туралы кезекті көшпелі мәжілісін өткізді. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білім, мәдениет, спорт, жастар саясаты салаларындағы мәселелерді қозғаса, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Аудан әкіміне тапсырмалар берілді.

– Ауданға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру бойынша жоспарлар орындалмаған. Жалпы, жүзеге асып жатқан жұмыстардың сапасы өз деңгейінде емес екендігі аңғарылып тұр. Бюджет түсімін молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауданның даму жоспарын жасау бағытында жұмыстар атқарылуы керек. Кемшіліктерді жою үшін 1 ай мерзім беремін. Нәтижесі бойынша ақпарат енгізіңіз. Жұмысыңызды көрсетіңіз. Бәрін ретке келтіру керек. Биылғы су тасқынына аудан дайын болмай шықты. Енді ол жағдай қайталанбауы үшін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын күшейтіңіздер. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды көптеп тарту қажет. Сауран ауданының туристік мүмкіндігі де үлкен. Бұл бағытта ұсыныс беріңіздер. Тек бюджетті игерумен отырсақ, іс алға баспайды. Іскерлікті көрсететін кез келді. Идеялар, ізденістер қажет, – деген Дархан Сатыбалды білім, мәдениет, «Artsport» бағдарламасын жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да назарда ұстауды тапсырды.

– Біз жас ұрпақтың дамуына көңіл бөлмесек, қоғам дамымайды. Жаңа слайдтан мектептердегі жағдайды көрдіңіздер. Жарайды, жөндеу жұмыстары енді басталады делік. Бірақ іші-сыртын қоқыстан тазартып қоюға болады ғой. Мәдениет үйінде де сол жағдай. Қоршаған ортасы осындай болса, жастарымыз қалай дамиды? Білім ұяларындағы кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Бізге әділдік, тазалық пен тәртіп керек. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, басқармалар мен аудан әкімдігі жұмысты ширатсын, – деді өңір басшысы.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтің айтуынша, бюджет кірісі 1 млрд. 636,1 млн. теңгені құраған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 101,0 млрд. теңгеге жеткен. Құрылыс жұмыстары 4 млрд. 270,0 млн. теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 30 мың 124 шаршы метрді құрап отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты ауданды дамыту жұмыстары жалғасады.

МЕКТЕПТІҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ 1,5 АЙ УАҚЫТ БЕРДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы құрылысы бойынша өзекті мәселелері бар нысандарды аралады. Алдымен Сауран ауданындағы Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің жай-күйімен танысты. Аталған білім ұясы 2022 жылы тапсырылған. Конкурстық құны – 1 млрд. 180 млн. теңге. Бірақ бұл мектеп әлі оқушыларды қабылдай алмай отыр. Себебі, абаттандыру және сумен қамту жұмыстары аяқталмаған. Осы мәселеге тоқталған облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысы мен аудан әкіміне кемшілікті мамыр айының соңына дейін жоюды тапсырды.

– Мектептің құрылысына аз қаржы жұмсалмаған. Әдемі мектеп салуға толық жетеді. Бірақ мердігердің жұмысы қадағаланбаған. Абаттандыру жұмысын атқару керек. Сумен қамту жүйесін, ойын алаңшаларын, стадионын ретке келтіріңіздер. Жаттығу құрал-жабдықтары мен спорт алаңы балалар үшін қауіпсіз болуы қажет. Құрылыс басқармасы, аудан әкімдігі, Білім басқармасы осы мәселелерді бірлесе атқарып, мектептің жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы одан кейін Сауран аудандық емханасын аралап, жұмысымен танысты. Денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Алдағы жоспарлар сараланды. Талқылау нәтижесінде ауданға 500 адамды қабылдайтын заманауи емхана қажет екені анықталды. Облыс әкімі бұл мәселені шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімдігіне осы жоба бойынша ұсыныс беру тапсырылды.

ЖАҢА МЕКТЕП ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАУ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Түркістан облысында жаңадан Білім-инновация лицейі салынып жатыр. Бір ерекшелігі – облыс тарихында алғаш рет қыздар лицейі де ашылмақ. Облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Түркістан қаласында бой көтерген білім нысанының құрылысымен танысты. Облыс орталығында салынып жатқан жаңа мектептің ішін аралап, құрылыс сапасын бағамдады. Мердігерге жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы жаңа білім ұясының жоспары туралы баяндаса, Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев ғимарат құрылысы жөнінде айтып берді.

– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен білім саласында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі әрі сәтті шешім ретінде Білім-инновация лицейінің бой көтеруін айтуға болады. Бұл білім ұясы өңірде білім сапасын арттыруға, Түркістанды білім мен ғылым орталығына айналдыруға үлес қосады деп сенеміз. Себебі Білім-инновация лицейлері елімізде үлкен беделге ие екенін білеміз. Кентау қаласында балабақша ғимаратында ашылған Білім-инновация лицейі жаңа оқу жылынан бастап Түркістан қаласынан жаңадан салынған ғимаратқа көшеді. Демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты өңірде жыл сайын жаңа мектептер салу қажеттілігі туындап жатыр. Мектеп тапшылығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасады, – деді Бейсен Тәжібаев.

Жауапты мердігер компания өкілдері қазірге таңда құрылыстың 77% аяқталғанын айтады. Сыртқы-ішкі әрлеу жұмыстары мен техникалық базамен қамтамасыз ету қалды.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары білім ошағының акт залы мен спорт зал, гимнастика залдарын да аралады. Жаңа ғимараттағы жатақхана 500 орынға арналған. Ол 2023 жылы қыркүйек айында ашылады деп көзделген. 700 орынды оқу ғимараты базасында 30 сынып, 15 лабораториялық, 23 қосымша кабинет бар. Ал асханада бір мезгілде 250 адам тамақтана алады. Оқу ғимаратына жапсарлас орналасқан 500 орынды жатақханасы да бар. Ұлдар мен қыздар бөлек оқып, жатақханада да 2 бөлек блокта тұрады.

Лицейге оқушылар 7 сыныптан бастап қабылданады. Ұлдар мен қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейін жаңадан құру бойынша ұлдар үшін 400-ге жуық орындық, қыздар үшін 300-ге жуық орындық мектеп-лицейін ашу көзделген.

Түркістан Білім-инновация лицейі 2023-2024 оқу жылына 7-8 сынып оқушыларын қабылдау жұмысын бастап кетті. 7-сыныпқа үміткерлер (6-сынып оқушылары) bilemtihan.kz сайты арқылы онлайн форматта құжаттарын жүктейді және емтиханға тіркеледі. Емтиханға тіркелу 27 сәуір, сағат 23:59-ге дейін (Астана уақытымен) жүргізіледі. Емтихан екі кезеңнен жүргізілмек. Қабылдау емтиханы нәтижелері емтихан өткеннен кейін 5 жұмыс күнінен кейін жарияланады

8-сыныпқа үміткерлер емтиханға тіркелу үшін құжаттарын Түркістан қаласы, Жолбарысхан көшесі 1/1 үй, «Неке сарайы» ғимаратында («Hampton by Hilton» қонақ үйінің жанында) тапсырады. Емтиханға тіркеу 27 сәуір, сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі. Қазірдің өзінде қыздар бойынша 7 сыныпқа 300 оқушы, 8 сыныпқа 170 оқушы тіркеліп үлгерген.

ТҮРКІСТАН ШАҺАРЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ ОШАҒЫ БОЙ КӨТЕРМЕК

Түркістан қаласында IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалы ашылуы мүмкін. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ-тың Пенсильвания университетінің деканы Стивен Барнсты қабылдады. Кездесуде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды. Бұған себеп — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының АҚШ Penn state (Пенсильвания) университетінің Түлектер бағдарламалары және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы Стивен Барнсты қабылдауы. Кездесуде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды.

«Түркістан қаласында IT университет филиалын ашу мәселесіне қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. 2018 жылы Түркістан облысы құрылғалы бері бұл қалаға тартылаған инвестиция көлемі едәуір артқан. Қала құрылысында заманауи сәулет үлгілері қолданылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халық саны өсіп келеді. Облыстың екі миллионнан астам тұрғыны бар. Түркістан бұрын Қазақ хандығының астанасы болған. Қалада түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Бүгінгі таңда облыста екі университет бар. Қазіргі дәуір — цифрландыру дәуірі екенін ескеретін болсақ, өңір жастары үшін IT бағыты бойынша жоғарғы оқу орнын ашу қажеттілігі бар. Сондықтан Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын», — деді өңір басшысы.

Стивен Барнс Түркістанның тарихи орнына тоқталып, қаланың дамып жатқанына, өңір басшысының құрметпен қабылдағанына ризашылығын білдірді.

«Ұлы Жібек жолындағы бірнеше елде жұмыс істегендіктен тарихынан хабардармын. Қазақ даласының тарихы тереңде, мұнда бұрыннан өркениет болған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, ғасырлардан жалғасқан сабақтастықты сезіндім. Мен Пенсильвания университетінде жұмыс істеймін. Үндістандағы Ұлттық сот сараптамасы университетімен тығыз байланыстамын әрі құрылтайшыларымен бірлесе жұмыс атқарып жүрмін. Халықаралық деңгейдегі келіссөздеріне көмектесемін. Футбол тілімен айтқанда, білім мен ғылым саласындағы үздіктерді іздейтін скаутпын. Түркістанға келу мақсатым — Үндістанның сол жетекші оқу ордаларының бірінің филиалын Түркістанда ашуға көмектесу. Жол, ғимарат салу оңай, бірақ, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын іс. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимараты бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайын», — деді Стивен Барнс.

Университет өкілдері келіссөздерді жалғастыру мақсатында елімізге биыл маусымда келеді деп жоспарланып отыр. Ұлттық сот сараптамасы университеті (National Forensic Sciences University) — Үндістандағы киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы салалары бойынша әлемдегі жетекші оқу ордаларының бірі. Күрделі технологиялармен байланысты қылмыстар санының күрт өсуі кезінде ғалымдар мен технократтарға қажеттілік туындауына байланысты 2009 жылы құрылған. Оқу ордасы сот сараптамасы және криминалистика саласындағы 14 факультетте киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика бағытын қоса алғанда 75 (оның ішінде 10 мамандық IT саласына қатысты) мамандық бойынша білім береді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кездесу барысындағы ұсыныстар мен шарттар толық сарапталып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін, халықаралық талапқа сай оқу ордасын ашуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің жобалар жетекшісі Самғат Ермекбаев бұл бастаманың маңызы жоғары екеніне тоқталып, тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді. Университет өкілдері келіссөздерді жалғастыру мақсатында елімізге биыл маусым айында келеді деп жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *