ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ӘЗІРЛЕНУДЕ

Экономика Қоғам
210 Views

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды орындау жөнінде жоспар бекітіледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында арнайы қаралды. Жиында бірнеше басқарма басшысының есептері тыңдалып, жоспарлар жасалды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Түркістан өңірінің дамуына тікелей ықпал ететін мәселелер көтеріліп, міндеттер жүктелді. Таяуда Үкіметтің қарауымен Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары бекітіледі. Біз де өз тарапымыздан әлеуетімізді саралап, дайындықты бастауымыз керек. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері өздеріне тиесілі салалары бойынша жоспар жасап, елдің әл-ауқатын көтеру, Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмысты күшейтулері тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек Жолдаудың барлық саланы қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу үшін бюджеттік – салықтық саясатты дамытуды тапсырды. Сонымен бірге биыл экономиканың өсімін 4% деңгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Биыл облыстың жалпы өңір өнімін 3,5 трлн. теңгеге немесе 3,6% өсімге қол жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс экономикасының өсімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 2-кезеңі әзірленуде. Болжамға сәйкес 2028 жылға жалпы өңірлік өнімнің көлемі 1,5 есеге көбейтіп, 5,2 трлн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов те өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Қазіргі таңда «Кентау қаласы №5 ЖЭО қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру» нысаны бойынша облыстық бюджеттен 3 млрд. теңге қаржы бөлініп, мердігер мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 833 елді мекеннің 814-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 19 елді мекен дербес электр қондырғысынан электр қуатын пайдалануда. Сонымен қатар облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда, Түркістан облысы аумағында жалпы қуаты 228,6 МВт құрайтын 23 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған. Биыл қазан айына дейін Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қуаты 50 МВт құрайтын «Шәуілдір» күн электр станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 833 елді мекеннің (2 млн. 119 063 тұрғын) 465 елді мекені (55,9 %) немесе 1537 588 тұрғын (72,6 %) табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізді.

Жолдауда ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу бағытындағы міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Көкөністі, жеміс-жидекті, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісі жанданады. Осы орайда, аталған саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, отандық және шетелдік инвесторларды тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мақтаны терең өңдеу және кластер құру бойынша өзбекстандық «Global Textile» және қытайлық «Peng Sheng» компанияларымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Шардара ауданында «КазКрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде және «Atmo Capital Turkistan» ЖШС қызанақ және бақша дақылдарын терең өңдеу зауытын жүзеге асыруды жоспарлауда.

Түркістан қаласында пияз және сарымсақ дақылдарын терең өңдеу арқылы кептірілген дайын өнімдерге қосылатын дәмдеуіштерін өндіру зауытының құрылысы қарастырылуда. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС құрама жем өндірісі және ірі қара мал қалдықтарын терең өңдеу зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Одан өзге де жоспарлар бар.

Айта кетейік, Түркістан облысында өнеркәсіп саласында соңғы 5 жылда өнім көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылы 866,6 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 519,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексінің 104,5% құрады. Аталған салада 350-ден аса кәсіпорын жұмыс атқарып, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.

«ШӘУІЛДІР» ЗАМАНАУИ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Отырар ауданында заманауи «Шәуілдір» күн электр станциясы ашылды. Италияның «Plenitude» («Eni») компаниясының инвестициясы есебінен салынған бұл маңызды нысан – аталған компаниясының Қазақстан Республикасы аумағындағы алғашқы күн электр станциясы. Қуаты 50 МВт электр станциясы «Plenitude» компаниясының құрылысын компанияның еншілес кәсіпорны «Arm Wind» ЖШС жүргізді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, инвесторға, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын жеткізді.

– Бүгін біз өңіріміздің дамуындағы маңызды қадам болатын күн электр станциясының ашылуына қатысып отырмыз. Жаңартылатын энергия көздері климаттың өзгеруіне қарсы күресте де тиімді. Бұл жоба – біздің таза, тұрақты энергияға көшуге деген сеніміміздің нәтижесі. Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздері саласында үлкен әлеуеті бар. Облыс негізінен энергияны сырттан импорттайды және өз қуаттары арқылы жалпы сұраныстың 30%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан бүгін ашылған станцияның маңызы өте зор. Қазірдің өзінде облысымызда жалпы қуаты 362 МВт болатын 25 жаңартылатын энергия нысаны бар. Өнеркәсіпті дамыту үшін қуат көздері жеткілікті болуы қажет. Ал жаңартылатын энергия саласын өркендету арқылы облыстың өнеркәсіп саласы да дамитынына сенімдіміз. Бұл бастама Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыстарды нығайтып, жаңа жобаларға жол ашады деген ойдамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти де маңызды жобаға тоқталып, екі мемлекет арасында іскерлік байланыс нығая беретінін жеткізді. Шәуілдірдегі күн электр станциясына соңғы технологиялар қолданылғанын атап өтті. Түркістан облысындағы тарихи сәтпен құттықтады. Ал «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллавато жаңа күн электр станциясы Түркістан өңірінің дамуына серпін беретініне, көміртегінің ауаға таралуын азайтуға және ауа райының жақсаруына үлес қосатынына тоқталды. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатынын айтты.

«Plenitudе» компаниясының бас атқарушы директоры Стефано Гобертидің айтуынша, «Шәуілдір» күн электр стансасының құрылысы – «Plenitude» компаниясының Қазақстандағы күн энергетикасы секторындағы алғашқы маңызды қадамы.

– Электр станциясы өңірге осы саладағы ең озық технологияларды ұсына отырып, Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Компания 2020 және 2022 жылдары пайдалануға берген «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел электр станцияларын толықтыратын осы жоба Қазақстанның қазіргі энергетикалық мүмкіндігін арттыруға, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға серпін береді, – дейді ол.

Аталған жобаны «TURKISTAN INVEST» ЖШС сүйемелдеді. Жобаны іске асыру жұмыстары 2021 жылы басталды. Құрылыс кезінде жергілікті тұрғындардан 300-дей адам жұмыспен қамтылды. Жоба құны – 22,7 млрд. теңге. Қазір күн электр станциясында 50 жұмыс орны ашылды. 100 гектар аумақты алып жатқан күн электр станциясында жылына 90 кВт\сағ электр энергиясы өндіріледі. 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылды. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктіріледі.

ТӘУЛІГІНЕ 600 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер әуелі Азаттық ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысымен танысты. Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жаңажол және Азаттық елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Жалпы 2023 жылға аудандық бюджеттен 95 млн. теңге бөлініп, 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

БАҚ өкілдері кейін Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Қазақ ССР-нің 40 жылдығы ауылында болып, жаңадан салынып жатқан мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылысымен танысты. 2023 жылдың шілде айында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында зауыт-фабрикалар ашу бойынша облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына және көршілес Өзбекстан Республикасына барып келген болатын. Мақтааралдық жеке кәсіпкер Қабыл Боев жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауыт құрылысын бастаған. “Cotton-Мақта” ЖШС өндіріс орны биыл іске қосылмақ. Зауыттың жылдық қуаттылығы — 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Мұнан соң журналистер Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында орналасқан 200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы ауданда 2018-2023 жылдар аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен жаңадан тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Кейін журналистер Иіржар ауылдық округі Азамат ауылындағы «Нұрмағанбет» шаруа қожалығына барды. Биыл қожалықтың иесі 7,5 гектар жерге мақта егіп, бүгінде өнім жинап жатыр. Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 36 мың гектардан аса жерге мақта еккен. Қазіргі таңда диқандар мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Қазіргі таңда мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылуда. Бүгінде 3 мыңнан аса егістік алқаптан 7,7 мың тонна мақта жиналды.

Сонымен қатар, журналистер аудан орталығы Мырзакент кентінде пайдалануға берілген екі қабаттан тұратын спорт сарайын аралап шықты. Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта екі үлкен спорт залы, жаттығу залы мен сабақ өтуге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, спорт залда гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.

«АЙМАҚТАРДА ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР, ЗАУЫТТАР САЛЫНУЫ ТИІС»

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар бақылауға алынып, тағы да тексеруден өтеді. Оларға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашу мәселесі қатаң бақыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне және индустриалды аймақтарға жауапты мекеме басшыларына соңғы рет ескерту жасады.

– Индустриалды аймақтарда жаңа кәсіпорындар, зауыттар салынуы тиіс. Өндірісті өркендетпей облысымыз дамымайды. Бізге одан басқа жол жоқ. Жұмысты күшейтіңіздер. Индустриалды аймақтары қараусыз қалған, инфрақұрылымы нашарлаған аудан, қала әкімдеріне бұдан былай қатаң шара қолданылады. Бұл мәселені бұған дейін де талқылаған болатынбыз. Индустриалды аймақтардағы кемшіліктерді ретке келтіру, өндіріс орындарын ашу бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, орындалу мерзімі белгіленсін. Ұсыныстар берілсін. Егер бұл тапсырма орындалмаса, басқарушы компанияның, аудан, қала әкімі немесе орынбасарларының қызметке сәйкестігін қараймыз. Нақты жұмыс керек, инвестиция тартыңыздар, әлеуетін пайдаланыңыздар. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.

Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана).

Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛУҒА ДАЙЫН

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қолға алынған жүгері өңдеу зауыты іске қосылуға дайын. Биыл наурыз айында инвесторлардың қаржысымен құрылысы басталған өндіріс орны жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы.

Жобаның жалпы құны — 31 миллиард теңгеге бағаланған зауыт 550 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай әсерін тигізетін зауыттың құрылысы 2 кезеңнен тұрады. 2023 жылдың аяғына дейін жүгері сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау көзделіп, қазіргі таңда іргетас құю жұмыстары толықтай аяқталған. Сонымен қатар, әрлеу жұмыстары да басталып кеткен. Ал, екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толықтай пайдалануға берілмек.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан өңірі алдағы уақытты мақта өндірумен ғана емес, жүгері өндірісімен де айналысуды бір арнаға қоймақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *