Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «ҚАЛЫПТЫ ӨМІРІМІЗГЕ ҚАЙТА ОРАЛАМЫЗ ДЕП СЕНЕМІН»

Денсаулық Қоғам
997 Views

Құрметті түркістандықтар!

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус індеті біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Облыста коронавирустық инфекция расталып, тіркелген адамдар саны – 2079. Оның ішінде, Түркістан қаласы – 602, Кентау қаласы – 415, Сайрам – 262, Созақ – 155, Төлеби – 145, Арыс – 127, Сарыағаш – 56, Жетісай – 54, Отырар – 52, Ордабасы – 48, Бәйдібек – 44, Түлкібас – 44, Мақтаарал – 30, Қазығұрт – 20, Келес – 18, Шардара – 7 жағдай тіркелді.

1 911 адам (9 бала) – стационарлық бақылауда (оның ішінде: инфекциялық стационарда – 196 адам (2 бала), провизорлық стационарда – 1 715 адам (7 бала).

2020 жылғы 9 шілдедегі жағдай бойынша короновирустық инфекциямен 28 жағдай тіркеліп, бір күндік өсім 1,4 пайызды құрады. Бұл аурудан жалпы сауығып шыққандар саны – 795 (11 адам қайтыс болған).

Бұдан бөлек, пневмония дертін жұқтырғандар саны – 5421 болса, оның ішінде сауығып шыққандар – 2933, яғни, 54% (Пневмония дертінен қайтыс болғандар саны – 46 адам).

Жақындарынан айрылған азаматтарға өзімнің атымнан, облыс жұртшылығы атынан жанұяларына, жақындарына қайғырып, көңіл айтамын.

Облыс бойынша коронавирусқа қарсы дер кезінде қабылданған тиісті шаралардың арқасында қазіргі таңда жағдай тұрақты. Емдеу шаралары үшін инфекциялық стационарларда 440 төсек-орын, провизорлық стационарларда 1 891 төсек-орын, карантиндік орталықтарда 980 төсек-орын ұйымдастырылған. Жалпы, ауруханадардағы төсек-орындар қоры жеткілікті. Дайындалған орындардың 41 пайызы қазіргі таңда бос тұр.

Халқы тығыз орналасқан біздің облыста артық пайда табуды көздеп, қолында бар дүниелердің бағасын аспандатқандар да анықталып, жазаға тартылып жатыр.

Түркістан облысында індеттің алдын алу, науқас адамдардың жазылып шығуы үшін көптеген шаруалар атқарылуда. Барлық жұмыстарды өз қадағалауымда ұстап, сәт сайын бақылап отырмын.

Дәл қазіргі халықтың амандығын қамтамасыз ету, жағдайды тұрақтандыру жұмыстары тікелей Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының назарында. Алдағы аз уақытта біз қиындықтың барлығын артқа тастап, қалыпты өмірімізге қайта ораламыз деп сенемін.

ҚАТАҢ КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУ ІС-ШАРАЛАРЫН САҚТАУДЫ ЕСКЕРТТІ

Коронавирус Түркістан өңірінің барлық әкімшілік аумақтарында тіркелді. Өңірде соңғы бір аптаның ішінде 360 адам осы індетке шалдыққан. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен лездемелік мәжіліс отырысында мәлімденді. Жиында облыс аумағында коронавирустық инфекциясы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Аймақ бойынша соңғы деректерге сәйкес, аталған індетпен тіркелгендер саны – 2000-нан асты.

КВИ-дан 33 өлім жағдайы тіркелген, оның ішінде 24 жағдай негізгі COVID 19 коронавирусты инфекция диагнозымен және 9 жағдай COVID 19 коронавирустық инфекция ілеспе диагнозын құрайды.

Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысының аумағында қатаң карантиндік шектеу іс-шаралары 5 шілдеден бастап 20 шілде аралығында енгізілгенін ескертті. Және оларды қатаң сақтауды қадап айтты. Осыған орай, барлық аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқарулары қажет екенін ескертті.

ДӘРІХАНАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысы әкімдігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік жұмысшы топ Түркістан қаласындағы бірқатар дәріханаларды аралап, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мен бағаның тұрақтылығына байланысты тексеру жұмысын жүргізді.

Жұмысшы топ құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің уәкілі, облыстық «Nur Otan» партиясы, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департамент өкілдері, ҚР ҰЭМ «Бәсекелестікті қорғау және дамыту» Түркістан облысы бойынша департамент қызметкерлері мен облыстық «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты.

Алдымен жұмыс топ «Қуаныш» базарының маңында орналасқан 6 бірдей дәріхананы аралап шықты. Белгілі болғандай дәріханаларда ұзын-сонар кезек жоқ. Дегенмен, бірқатарында қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі анықталды. Оған себеп ретінде дәріхана иелері дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуін алға тартып отыр. Сондай-ақ, бұл дәріханаларда медициналық препараттардың бағасын шектен тыс көтеру фактілері анықталған жоқ. Соған қарамастан топ мүшелері дәріханалардың лицензияларының және кассалық аппараттарының бар-жоғына көз жеткізді. Сонымен қатар, карантин кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуына да мән берді. Бұдан бөлек кәсіпкерлерге бағаны шектен тыс көтерген немесе карантиндік талаптар сақталмаған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді.

Облыс аумағындағы дәріханаларда заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында 109, 102, және агенттіктің 1424 Call-орталығы немесе +7 776-837-09-00 нөмірлі Whatsapp қосымшасының іске қосылғанын хабарлаймыз. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауына алынғанын еске саламыз.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРҒА РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған жұмысшы топ мүшелері елімізде орын алған індетке байланысты қаладағы бірнеше әлеуметтік нысандарға рейдтік шараларын жүргізуде. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап елімізде карантиндік режим енгізілгені баршаға аян. Осыған орай, жұмысшы топ құрамында Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г.Абишева, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Ж.Жұмабекова және тиісті сала мамандары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Түркістан қаласындағы жұмысшы топтың кезекті рейдтік шаралары жүргізілуде. Біздер жұмыс барысында қаладағы халық коп шоғырланатын орындарға тексеру жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтсақ, қаладағы халыққа қызмет көрсететін бірнеше орындарды бақылаймыз. Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин мерзімінде бекітілген талаптарды орындау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Қоғамдық орындарда 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Одан бөлек, әлеуметтік нысандарда белгіленген арақашықтықты сақтау қажеттігі ескертілуде. Рейд барысында кейбір халыққа қызмет көрсететін мекемелер тарапынан аталған талаптар сақталмауда», – дейді Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г.Абишева.

Рейд барысында жұмысшы топ мүшелері қаладағы «Каспий банк», «Халық банк», «Алтын бұлақ» базары мен пошталарды, дәріханаларды тексерді. Нәтижесінде карантин режиминде талаптарды сақтамаған мекеме басшыларына хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, жұмысшы топ мүшелері қаладағы қоғамдық көліктердегі белгіленген талаптарды тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шара барысында қоғамдық көліктерде тұрғындардың арақашықтықты сақтау, бетперде тағу, жүргізушілерге көліктерді тұрақты түрде дизенфекциялау қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта жұмысшы топ тарапынан тексеру шаралары тұрақты бақыланатын болады.

РАШИД АЮПОВ ДӘРІХАНА ИЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қала әкімі Рашид Аюпов шаһардағы дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешу мақсатында дәріхана иелерімен кездесті.

«Әкімдікте қызметкерлермен бірге коронавирус пен пневмония бойынша қажетті дәрі-дәрмек тізімін жасап, қалаға қанша қажет екенін анықтадық. Ендігі мақсатымыз барлық дәріханаларға жеткізіп, бағасын халыққа қолжетімді етіп ұстасақ деген ниет», – деген шаһар басшысы Алматы қаласынан дәрі қоры келетінін және кәсіпкерлерге қолдау үшін логистика, яғни жеткізіп беруін қала әкімдігі қолға алғанын айтты.

Сонымен бірге, дәріханаларға рейд жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ екенін, мобильді топ кете, бағалар қайта шарықтайтынын айтып, бос уақытты пайдасыз жұмсамауға шақырды.

Үлкен жүк көлігі, яғни 40 тонна дәрі-дәрмек ертең қалаға келіп, өтініштері бойынша дәріханаларға артығымен тарқатылады. Ал, одан соң халықтан дәрілер бойынша шағым түспеуі қажеттігі де айтылып, осындай сын сағатта біріге қолдау көрсетіп, халық денсаулығын басты орынға қою мәселесі қаралды.

БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН НЫҒАЙТУ

Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Түркістан облысында қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу» туралы Қаулысына сәйкес, Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және әкімшілік қызметкерлерінен құралған мобильді топ мүшелері ауыл аумағындағы барлық азық түлік дүкендері және басқа да кәсіпкерлік нысан иелеріне Қаулыны таныстырып, санитарлық-гигиеналық талаптарын қатаң сақтау керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Ұшқын ауылдық округінде жұмысшы топтың кезекті шаралары жүргізілуде. Біздер жұмыс барысында ауылдағы халық коп шоғырланатын орындарға сақтық шараларын насихаттау және оның сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтсақ, осы мақсатта ауылдағы халыққа қызмет көрсететін бірнеше орындарды бақылаймыз. Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин мерзімінде бекітілген талаптарды орындау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Қоғамдық орындарда 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Одан бөлек, әлеуметтік нысандарда белгіленген арақашықтықты сақтау қажеттігі ескертілуде. Түсіндіру жұмыстары барысында кейбір халыққа қызмет көрсететін мекемелер тарапынан аталған талаптар сақталмауда», – дейді топ өкілдері.

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫН ҚЫМБАТТАТҚАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері дәріханалардағы дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактілерін болдырмауға бағытталған рейдтік шараларды өткізді. Нәтижесінде облыс аумағында 5 дәрі-дәрмектер мен медициналық құрылғылдарды заңсыз сату фактілері анықталды.

Түркістан қаласының аумағында жүргізілген жедел іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері қалалық дәріханалардың бірінің фармацевтін «Cef-3» дәрі-дәрмектерін үлкен көлемде сатып жатқан жерінен ұстады. Сатушы 336 қорапты 1500 теңгеден 405 000 теңгеге саудалаған. Ал, дәріханалардағы бір қораптың құны 1300 теңге.

Одан әрі, әлеуметтік желілерді бақылау барысында криминалдық полиция қызметкерлері Сарыағаш тұрғынының медициналық маскаларды заңсыз саудалағанын анықтады. Тұрғынның көлігін тексеру кезінде тәртіп сақшылары тағы 4950 дана мөлшерде медициналық маска тәркіледі.

Сол күні Арыс ауданында полиция қызметкерлері «аскорбин қышқылын» Арыс қаласындағы дәріханалардың бірінен 700 теңгеден сатылғанын анықтаған. Бөлшек саудада аталған дәрі бағасы 300 теңге.

Барлық анықталған фактілер бойынша тексеру жүргізіліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы шаралар қабылданатын болады.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полициясы дәрі-дәрмектердің қымбат бағамен, әрі заңсыз сатылуына куә болған азаматтарды полицияның 102 телефонына хабарласуға шақырады.

САРЫАҒАШТАҒЫ АУРУХАНА 100 ЖАТЫН ОРЫНҒА АРНАЛҒАН ЖАБДЫҚПЕН ТОЛЫҚТЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы орталық аурухана 100 жатын орынға арналған жабдықтармен толықты.

Елді жайлаған індеттің құрығына ілінгендер қатары күн санапартып келеді. Осыны ескерген аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan»партиясы Сарыағаш аудандық филиалының фракция мүшесі Жомарт Әбдібаев демеушіліктанытты. Ол аудандық орталық ауруханадағы провизорлық стационарға ем алушынауқастарға қосымша орындар дайындау мақсатында 100 жатын орынға арналғанжабдықтар үлестірді. Алайда бұл қосымша орындар дайындалғанымен індеттіңтаралуы алдын алынды деген сөз емес. Қайта керісінше ауырып ем іздегеншеауырмаудың жолын жасау керек. Сондықтан да аудан тұрғындары мен өңіржұртшылығын барынша сақтанып жүру керектігін ескертеміз. Мейілінше қоғамдықорындар мен адам көп шоғырланатын жерлерге бармаған жөн. Барған жағдайдаміндетті түрде медициналық бетперде тағу керек. Сондай-ақ қолыңызды жиісабынбен жуған аурудың алдын алады. Карантин талаптарын қатаң сақтап, барыншаүйде болуға тырысыңыз.

Бетті әзірлеген
Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *