«АСТАНАНЫҢ» ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУІ МҮМКІН ЕДІ

Спорт
1 045 Views

Футболдан Еуропа лигасында сынға түсіп жүрген елордалық «Астана» клубы топтық бәсекедегі алғашқы ойынын Киевте өткізді. Украина астанасындағы «Олимпийский» стадионындағы кездесу тартысқа толы болды. 15 минутта Цыганков есеп ашты. Араға алты минут салып Аничич таразы басын теңестіріп үлгерді. Бірінші таймның соңына таман (45+2) Гармаш киевтіктерді тағы да алға шығарды. Ненад Эрич уысында ұстап тұрған допты қапелімде қолынан шығарып алды. Қарсылас аясын ба, гол соға салды. Кездесу аяқталар сәтте, нақтырағы, төрешілер тарапынан белгіленген қосымша уақытта (90+5) Роман Мұртазаев есепті тағы да теңестіріп кетті. Осылайша елордалық клуб Киевтен бір ұпай олжалап қайтты. Жалпы, бұл кездесуде жерлестеріміз жаман ойнаған жоқ. Қос допты да баспен соқты. Ендеше, «екінші қабатта» да шебер ойнауды меңгере бастаған сыңайлы. Кейбір сәттерді барынша ұтымды пайдалана білгенде жеңіске жетуі де мүмкін еді.

Сол күні Францияның Рени қаласындағы осы аттас клубтың футболшылары Чехияның Яблонец-над-Нисоу қаласының «Яблонецын» қабылдаған болатын. Кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Сөйтіп, франциялық клуб үш ұпаймен көш басына шықты. «Астана» мен «Динамода» бір-бір ұпайдан бар. Әзірге чехиялық клубтың қоржыны бос тұр.

Келесі турдың кездесулері қазан айының басында өтеді. 4 қазан күні «Астана» француздардың «Рениімен», ал ертеңіне Яблонец-над-Нисоу қаласының «Яблонецы» Киевтің «Динамосымен» жасыл алаңға шығатын болады.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *