ЕҢБЕКҚОР ЖӘНЕ ІСКЕР АЗАМАТТАРҒА БАРЫНША ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕМІЗ

Қоғам
117 Views

Арыстық кәсіпкер қарапайым халыққа арналған күнделікті аяқ киім өндірісін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. 1994 жылдан бастап жұмыс істейтін «Арай» өндірістік кооперативі таза былғарыдан және табиғи теріден жасалған аяқ киімдерді тігеді. Аяқ киім сапасы жоғары, сәнді және бастысы бағасы қол жетімді.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді. Шаһар басшысы жергілікті тауар өндірушіге ризашылығын білдіріп, сапасына жоғары бағасын берді.

«Қаламызда осындай кәсіпорындар санын арттыру керек. Кәсібімді дөңгелетіп, арыстық тұрғындарға жұмыс беремін деген мақсаткер азаматтардың құлшынысы қуантады. Біз алдағы уақытта да осындай бастамашыл, еңбекқор және іскер азаматтарға барынша қолдау көрсете беретін боламыз,» — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Кәсіпорын иесінің айтуынша, цехта ерлер мен әйелдерге арналған 300-ге жуық аяқ киім түрлері шығарылады. Жылына 10 мыңға жуық аяқ киім тігуге мүмкіндік бар. Қажетті шикізат Түркия, Ресей елдерінен және Жамбыл облысынан жеткізіледі.

Аяқ-киім жобалау, кесу, даярлау, табандау, қалыпқа келтіру, өкшесін жасау барлығын арнайы мамандар әзірлейді. Өкінішке орай, өндіріс меңгерушісі жақсы ұста табу қиындығын айтады. Сондықтан мамандарды шетелден әкелуге мәжбүр.

«Қазір ұлым Еуропада аяқ киім тігу өнерін меңгеруде. Мен «Aray shoes» брендтін қалыптастырғым келеді. Сол үшін бастысы сапаға назар аударамыз» — дейді кәсіпкер Әміртай Бибасаров.

Кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, қос қабатты үлкен кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ, аяқ киім тігу өнерін меңгеремін деген азаматтардың біліктілігін арттыруға және даярлауға да дайын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *