СОТ САЛАСЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШУДЕ

Құқық
891 Views

Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында «Электронды қылмыстық іс», «Қазақстан Республикасының пробация туралы» заңы» тақырыптарындағы «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді. Іс-шараны Еңбекші аудандық сотының төрағасы А.Сұлтанов ашып, электронды қылмыстық іс қараудың ерекшеліктеріне тоқталды:

– Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған шара «Электрондық қылмыстық іс» атты Жоғарғы cот тарапынан ұсынылған қанатқақты жоба негізінде жүзеге асып отыр. Жобаға сай еліміздің барлық өңіріндегі қылмыстық істер ендігі жерде электрондық форматта қаралып жатқандығы жайлы баяндалады.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық соттарының алғашқысы болып «Электронды қылмыстық іс» қанатқақты жобасы Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратында былтыр 19 қыркүйекте іске қосылды. Алдағы уақытта барлық айыптау актісімен түсетін қылмыстық істерді тек электронды нұсқасы болған жағдайда ғана қабылдайтын боламыз.

Электронды сот ісін жүргізу шарасы Елбасының «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көзделген тапсырмалар шеңберінде жүзеге асуда. Жалпы, электрондық қылмыстық істерді қарау қылмыстық процеске адам құқықтарын қорғауды күшейту, тараптардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, соттық бақылауды кеңейту, қайталануды болдырмау және тергеу органдары, прокуратура мен сот арасында өкілеттіктерді нақты бөлу туралы мәселелерді шешуге бағытталған. Электрондық қылмыстық іс жүргізудің басты мақсаты – қылмыстық сот ісін жүргізуге сандық технологияларды енгізу, оның айқындығын арттыру, қылмыстық процестің мерзімін қысқарту, сондай-ақ қағаз жұмыстарын оңтайландыру болып табылады.

Электронды қылмыстық істің ерекшеліктері:

a) қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды;

б) қажеті жоқ, қағазбастылықтан құтыламыз;

в) электронды форматқа көшсек, істер тезірек тергелмек. Жүйеде 100 шақты процессуалдық құжаттың шаблоны болады. Соттан санкцияны электронды түрде алуға болады;

г) талдау күшейеді. Әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, мемлекет бойынша біркелкі тәжірибе қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ;

д) жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай тергеліп жатқанын кез келген уақытта онлайн режимде көре алады;

ж) электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн тексере алады.

Бағдарлама бөгде адамдардың, соның ішінде жүйенің әкімшілерінен қылмыстық іс материалдарына рұқсатсыз қол жеткізуінен қорғайды. Істің материалдарына тек істі жүргізетін тергеуші және прокурор қол жеткізе алатындығын түсіндіріп, баяндамашы судья С.Шиналиеваға сөз берді.

Қазақстан Республикасының «Пробация туралы» заңы 2016 жылғы 30 желтоқсанда (№38-VІ ҚРЗ) қабылданған. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған.

Жалпылай айтсақ, бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету болып табылады. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тоғытпай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.

– Қазақстанда пробация жеке институт ретінде толық қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен, оның кейбір элементтері қылмыстық атқару жүйесінде байқалып қалады. Мәселен, шартты түрде бас бостандығынан айыру, жүкті әйелдердің жаза мерзімін азайту, кішкентай баласы бар әйелдерді уақытынан ерте босату секілді. Алғашында Қазақстанда шартты түрде сотталғандарға қатысты шартты үкімдік пробация қалыптастыру көзделген. Өйткені, шартты түрде сотталғандар сынақ мерзімінде жүреді. Ал сынақ мерзімін беру – пробацияның негізгі белгісі болып табылады. Аталмыш қызметке деген қажеттіліктің туындау себебі, қылмыстық-атқару инспекциясына қарайтындардың 85 пайызы – шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар. Олар айына екі рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруға міндетті. Қала аумағынан шықса немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстырса, пробациялық қызмет өкілдеріне міндетті түрде хабарлауы қажет. Пробация қызметкерлерінің әрекеті заңға қайшы болса, онда ҚР заңдарына сүйене отырып, шағым түсіре алады.

Пробация қызметкерлері шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың сот міндеттемелерінің орындалуын қатаң қадағалаумен қатар, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетеді. Оның негізгі бағыттары шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал жасап, ауырып қалса, дәрігерлік көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Әлеуметтік-құқықтық көмек әрқайсысының қажеттілігіне байланысты көрсетіледі. Пробациялық қызметке жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар жәрдемдесе алады.

Басқосу барысында пробация қызметкері Ж.Абдулла сөз сөйлеп, пробация ұғымы, мақсаты мен міндеттеріне жеке-жеке тоқталды. Судья С.Шиналиева сотпен 644 ұсыныс кері қайтарылғанын айтты. Бас маман Қ.Арыстанова:

– Электронды сот ісін жүргізу шарасы Елбасының «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көзделген тапсырмалар шеңберінде жүзеге асуда. Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотына 2018 жылы барлығы 54 электронды қылмыстық істер, яғни қылмыстық теріс қылық, ауырлығы орташа және ауырлығы онша ауыр емес қылмыстық істер түскен. Осы орайда 50 электронды қылмыстық істер қаралып, олар бойынша тиісті және заңды сот актілері шығарылған, қалған төрт қылмыстық іс қазіргі таңда судьяның өндірісінде қаралу барысында.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағаз жүзінде қабылдау тоқтатылады. Барлық құқық қорғау органдарына ескерту мақсатында осындай «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізіп тұрамыз. Алдағы уақытта құқық қорғау мекемелеріне ұсыныс хат жолданатынын жеткізулеріңізді өтінген болар едім, – деді.

Іс-шараны қорытындылай келе сот төрағасы Е. Сұлтанов «дөңгелек үстел» мәжілісіне қатысушыларға алғысын айтып, алдағы келе жатқан жаңа 2019 жылмен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

 Жанат САРБОЗОВА,

 Еңбекші аудандық сотының кодификаторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *