«БАСТАЛҒАН ЖҰМЫС МІНДЕТТІ ТҮРДЕ САПАЛЫ АЯҚТАЛУЫ ТИІС!»

Қоғам
204 Views

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы алаңы 10 га аумақтағы 13 көпқабатты тұрғын үйлерге арнайы барып, жағдайымен танысты.

– Біздің басты міндет – халыққа қызмет етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Осы ұстанымды жақсы білген басшы ел қамын ең бірінші кезекке қояды. Басталған тірлік міндетті түрде сапалы аяқталуы тиіс. Тұрғындарды сапалы тұрғын үймен қамтылуы қажет, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Танысу барысында аудан басшысы бүгінгі таңда аталған тұрғын үйде орын алып отырған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшыларына арнайы тапсырмалар беріп, орындалуын бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, әрбір берілген тапсырмалар бойынша нақты орындалу мерзімдері бекітілді.

КӨПІР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Ордабасы ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-15 «Алтынтөбе-Бадам-Бөген-Төрткөл» автомобиль жолының 51+400 шақырымындағы көпір (Саналы е/м) күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Мердігер мекеме – «СК«ДАР» ЖШС. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес, көпірдің ұзындығы 24 метрді, ал ені 14 метрді құрайды. Аталған жолда көлік қозғалысына уақытша айналма жол ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда көпірдің темірбетонды қадалары қағылып, тіреуіштерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Көпірдің құрылысы биыл тамыз айында толығымен аяқталады деп жоспарланған.

Жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші тарапынан, техникалық қадағалаушы «Жасыл Алем Сервис» ЖШС және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы филиалының мамандары тарапынан тұрақты бақылауға алынған.

180 ШАҚЫРЫМ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Яссы» секторының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Тұрғындардың сауалдарының көпшілігі кәріз жүйесі жайында болды.

«Яссы» мөлтек ауданында бүгінде 180 шақырым кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, 86% жұмысы аяқталған.

Сектордағы жобадан тыс қалған жеке тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жобасының 75% жұмысы атқарылған.

Жол саласы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асқан. Атап айтқанда, 21 шақырым құрайтын 23 көшеге тас, 5 (6,3 шқ) көшеге асфальт төселді. Одан бөлек, 64 көшеге жарықшамдар орнатылып, 4,4 шақырымды 5 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды.

Сондай-ақ №6, 10 бағыттағы автобустар жаңартылып, №17, №20 жаңа бағыттары іске қосылды. Жыл соңына дейін, тағы жаңа №16 бағыт іске қосылмақ.

Басқосу соңында тұрғындар өтініштері бойынша орталық басшысы тиісті мамандарға бірқатар тапсырма жүктеді. Тапсырмалар орындалу кестесіне қойылып, жүзеге асатыны жеткізілді.

Жалпы, қала әкімінің «Яссы» секторындағы соңғы кездесуінде 84 мәселе көтеріліп, оның 65-і орындалды. Қалған өтініштер орындалу үстінде.

ТӨЛЕБИДЕ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛМАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде Төлеби ауданында 1000 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы басталады. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асыруда.

ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Төлеби ауданынан 100 га жер бөлінді. Жаңа жобаның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылады. Ал жоба толық іске қосылғанда, 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы базасында электр станциясы негізгі алаңын салу жобасы бойынша «дайын күйінде тапсыру» кешенді жұмыстарды сатып алуға ашық тендер өткізу қорытындысы бойынша Doosan ENTERBILITY CO. LTD LTD және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы жеңімпаз деп танылды. Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС жүргізеді. Газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалған.

Жаңа электр орталығы іске қосылған жағдайда, өңірдегі энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде.

Айта кетейік, бу-газ қондырғылы электростанцияның бірқатар артықшылықтары бар. Бұл қондырғылар өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын дайындайды. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.

АУЫЗ СУҒА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Жақында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдаған болатын. Қабылдауға келген Жіңішке елді мекенінің тұрғыны Кулмира Мұздыбаева ауыз суға тапшылығы бар екенін, оған қатысты халық арасында түсінбеушіліктер орын алғанын жеткізді.

Аталған мәселемен танысып, халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ асу мақсатында Төлеген Тұртайұлының тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуесханұлы тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында Жіңішке елді мекені халқының ауыз суға қатысты шағымдарын, орын алған проблеманы шешу үшін ұсыныстарын тыңдады.

Екі сағатқа созылған кездесу барысында тұрғындардың өтінішін ескере келе, елді мекен орталығында орналасқан су қондырғысы арқылы тіршілік нәрін қолданатын тұрғындар суды үнемдеу үшін есептегіш құралын орнатып, тұрақты түрде абоненттік төлем жасауға келісімге келді. Аудан әкімдігі өз тарапынан бұлақ көзін каптаждап, су сүзгісі мен фильтр орнату ісіне ықпал етеді. Ал бұлақ суын пайдаланушы тұрғындар ауыз су көзі қоршалып, оның сапасы жақсарғаннан кейін есептегіш құралын орнатып, абоненттік төлем жасайды.

ТАУ БАУРАЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН АУЫЛ ЖАҢА СУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев жұмыс күнін тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдаудан бастаған болатын. Қабылдау барысында келушілер негізінен ауыз су мәселесін көтеруіне байланысты, түс мезгілінде құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Аққұм ауылдық округіндегі 5 көшеге ауыз су жеткізу үшін Нысанбек елді мекеніндегі ескі су жүйесін пайдалануды мақсат етіп, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тау баурайында орналасқан Нысанбек ауылын жаңа су жүйесіне қосу мақсатында 22 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 300 куб метрді құрайтын резервуар орнатылған Бұған қоса, жобаға ілінбей қалған 10 үйге ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау бойынша мердігер мекемемен келіссөз жүргізіліп, шілде айында 170 абонент таза сумен қамтылады деп көзделіп отыр. Нысанбек елдімекенінде ауызсу құрылысы аяқталуға жақын. Аудан басшысы құрылыс нысанының басында мердігер мекеме басшысымен кездесіп, ауыз су жеткізу ісін бекітілген кестеге аяқтауды, оның сапасына көңіл бөлуді тапсырды.

Кейіннен Керегетас елді мекеніне арнайы ат басын бұрып, су жинақтауға арналған қондырғы, қойма орналасқан аумақтың жай-күйімен танысты. Қазіргі кезде Керегетас елдімекеніне 27 шақырым су құбыры жүргізіліп, сыйымдылығы 300 куб метрді құрайтын су қоймасы орнатылған. Су қоймасының маңайын абаттандыру ісі аяқталғаннан кейін 158 абонент ауызсуға қосылады деп жоспарлануда.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы резервуар орналасқан аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде аяқтауды, абоненттерге су жеткізуді дұрыс ұйымдастыруды тапсырып, құрылыс жұмыстарының сапасын өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Қасқасу ауылдық округіне газ құбырын жүргізіп отырған мердігер мекеме «Azia RS»ЖШС өкілдеріне жолығып, құрылыс жұмыстарының барысына көңіл бөліп, тұрғындарға табиғи газ кестеге сай берілуі қажеттігін тапсырды.

ТҰРҒЫНДАР ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЖАРЫҚПЕН ТОЛЫҚТАЙ ҚАМТЫЛУЫ ТИІС

Шу ауылында күні кеше кешкі уақытта қатты дауыл тұрып, салдарынан бірқатар тұрғын үй мен қосымша жайлар және мәдениет үйі мен балабақша шатырларына зақым келген.

Екі электр, бір байланыс бағанасы құлап, тұрғындар байланыс және әлектр жарығынсыз қалған.

Осы ретте Созақ ауданының басшысы Мұхит Тұрысбеков арнайы Шу ауылына барып, дауылдың салдарын жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Онда жауапты мамандарға бірінші кезекте тұрғындарды тұрақты түрде жарықпен толықтай қамту керектігін ескертіп, атқарылған жұмыстардың басында болды.

Сонымен қатар, шатырына зақым келген әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіру үшін сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазіргі таңда жел екпіні тұрақты. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде электр желісі мен ұялы байланыс қалпына келтірілді.

Аудан басшысы электр жарығының сөнуі алдағы уақытта қайта орын алмас үшін, арнайы мамандар мен қажетті техникаларды осында жұмылдыруды тапсырды. Онда зақым келіп, алмастыруды қажет ететін басқа да электр бағаналарын нақтылап, тиісті шараларды қолға алуды айтты.

Сапар барысында Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс сапасымен танысты. Онда бірқатар кемшіліктерді сынға алды. Жұмысшы азаматтардың санын арттырып, құрылыс жұмысын белгіленген уақытында аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.

БІРЛЕСУДЕ ДӘРІГЕРЛІК ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

Келес ауданының Бірлесу ауылдық округі аумағын абаттандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы инфрақұрылыммен қамту, ауылшаруашылығы саласында тың технологияларды жүзеге асыру сынды шаралар атқарылуда. Сонымен қатар тұрғындар сұранысын қанағаттандыру басты мақсат болып тұр. Жергілікті тұрғындар көтерген мәселенің бірі – ауылдық округі аумағынан дәрігерлік емхана салу болатын. Бұл мәселені аудан басшысымен өткен кездесуде бірлесуліктер көтерген еді. Бүгінгі таңда 28 гвардия елді мекенінен ФАП құрылысын жүргізу үшін арнайы 0,50 га жер ажыратылып, толықтай құжаттандырылды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлесу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

– Қазіргі таңда «Абай Келес аудандық ауруханасы» МКК тарапынан 28 гвардия елді мекені аумағынан дәрігерлік емхана құрылысы үшін мемлекеттік актісі алынып, сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалды. Мәселе толық шешімін тапқанша өз бақылауымда болады. Сонымен қатар таяу күндері Бірлесу ауылдық округіндегі кезек күттірмейтін ішкі каналдармен қашыртқыларды тазалау үшін «Тұран Су» мекемесімен ішкі каналдар механикалық тазалаудан өткізілетін болады, – аудан әкімі.

Тұрғындармен кездесуге аудан әкімімен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, дербес бөлім басшылары, құрылымдық бөлімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелерді шешу мақсатында арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілмек.

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен ауылдық округтегі ауыз су мәселесі бойынша жұмысшы топтың отырысы өтті.

Аталған жұмысшы топ Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекеніндегі су ұңғымасын пайдалану мәселесіне қатысты тұрғындардың наразылығына талдау жасау, су ұңғымасын пайдалану бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою, алдын алу, болдырмау шараларын ұйымдастыру мақсатында құрылған.

Отырыстың қорытындысы бойынша күннің екінші жартысында аудан басшысы жұмысшы топ мүшелерімен біргелікте Дербісек елді мекеніне арнайы барып, «Рауан» ЖШС-нің өкілдері және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында аудан басшысы өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша «Рауан» ЖШС-не тиісті ұсыныстар айтып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

СУ МҰНАРАСЫН ОРНАТУҒА БЮДЖЕТТЕН 23 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРАЛҒАН

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлы Манкент ауылдық округін аралады.

Аралау барысында Алма-ата және Бірлік көшелерінде орналасқан су ұңғымаларының жағдайы, аудандық маңызы бар КХ-40 «Ақсу-Манкент-Жібек жолы» автомобиль жолына жүргізіліп отырған күрделі жөндеу жұмыстары, сонымен қатар «Қайрағаш» атындағы бастауыш мектебінің ғимаратын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің балансына өткізу мәселелерімен танысты.

Ауылдық округінің әкімі А.Сайтмуратов жаз айында жергілікті тұрғындардың ауыз суға сұранысы жоғары болатынын айтып, кейбір су ұңғымаларынан шыққан су мөлшерінің аз болуы және лай су шығып жатқанын жеткізіп, аудан әкімінен аталған мәселенің оң шешімі қарастырылуына ықпал етуін сұранды. Білім мекемесінің ғимаратын жастарға спортпен шұғылдануға беру керек екенін жеткізді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде Алма-ата көшесіндегі 150 метр су ұңғымасы қазуға, 40 текше метр су мұнарасын орнатуға бюджеттен 23 млн. теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, 250 үй ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, Бірлік көшесінде «Сайрам тазалық» ЖШС-нің балансындағы ұңғыманың жанынан қосымша 180 метр су ұңғымасын орнатуды ауыл демеушілері қолға алып отыр. Құрылысы аяқталған соң, судың мөлшері көбейіп, 280 үй тұтынатын болады.

Аудандық маңызы бар жол құрылысы 2022 жылдың шілдесінде басталып, 2024 жылға дейін құрылысын аяқтау жоспарланған. Мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ЖШС. Жобалық сметалық құны 1 млрд. 551 млн 730 мың теңгені құрайды.

«Қайрағаш» атындағы бастауыш мектебінің оқу корпусы 2015 жылы ауыл тұрғындары есебінен ыңғайластырылып, қайта құрылған. Мектеп 0,30 га жер теліміне орналасқан. Мектеп 6 бөлмеден тұрады. Аудан әкімінің тиісті қаулысына және аудандық білім беру бөлімінің бұйрығына сәйкес, Манкент ауылдық округі әкімі аппаратының балансындағы ғимаратты №64 Ш.Рашидов атындағы жалпы орта мектебінің балансына өткізілген. Бүгінгі таңда облыстық салалық басқарманың балансынан аудандық бөлімге өткізу жайында ұсыныс жасалды.

Аралау соңында, ұсыныс-пікірлер талқыланып, өзекті мәселелер бақылауға алынып, тапсырмалар берілді.

КЕНТАУДА ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

«Amanat» партиясы Кентау қаласы бойынша 2023-2027 жылға арналған Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 2023-2024 ж.ж. жылыту маусымына дайындық мақсатында «Кентау қаласының № 5 ЖЭО-ның, 6,6 шқ магистралдық жылу жүйесін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру» жұмысына 4 609,9 млрд.теңге қаржыға бюджеттік өтінім берілген. Қазіргі таңда Ұлттық қордан 2 105,565 млрд.теңге қаржысы бөлінді. Түркістан облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурстық шаралар өткізіліп, 23.05.2023 жылы мердігер анықталды. Мердігер «Ер – Мад» ЖШС. Қазіргі таңда тапсырыс беруші мен мердігер арасында келісім-шарт түзіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, 4,7 км құбырларды бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2.0 шақырымдай құбырларды бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары жүргізілді. Жоспарланған жұмыстарға жылу-электро орталығының 15 жұмысшысы жұмылдырылуда.

Нәтижесінде Кентау қаласының жылумен қамту жайы жақсарады. Жылу желісіндегі шығындары мен жылу энергиясын өндіруге кететін шығындар азаяды деп күтілуде.

Жылу орталығының 1960-жылдары орнатылған 38,2 шақырым құрайтын магистральдық құбыры бар. Оның 16,5 шақырымы 2014-2015 жылдары ауыстырылған.

Сонымен қатар, Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарының қайта құру жұмыстарының 1 кезеңіне 4 қазандықты қайта құру (реконструкция) жұмыстарына қаржы қаралуда. Басталу мерзімі маусым айының соңына жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *