«АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫСТАРДЫ САРАЛАП ОТЫРСАҚ, ЖҰМЫСЫМЫЗДЫ ОҢТАЙЛАНДЫРАДЫ»

Билік Қоғам
231 Views

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан қаласындағы 109 – бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылы іске қосылған болатын. Бұл жүйе арқылы қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдарға келу қажеттілігі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мәселелерді жылдам шешу мақсат етілген.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған орталыққа арнайы барып, жұмысымен танысты. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылған істер мен жұмыс механизмі туралы баяндап өтті. Облыс басшысы мамандармен кездесу барысында халықпен кері байланыс орнату маңызды екеніне тоқталды.

– Әрбір тұрғынның мәселесін, мұң-мұқтажын мұқият қараңыздар. Біз ашық болуымыз керек. Көтерілген проблемалар мен айтылған ұсыныстарды саралап отырсақ, жұмысымызды оңтайландыратыны белгілі. Сондықтан сіздерге жауапкершілікті сезіну жүктеледі, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Байланыс орталығы әкімдік жұмысының сапасын жақсартуға өз септігін тигізіп келеді. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарының арыз-өтініштерін тіркей отырып, өзекті мәселелер зерделеніп, ұсынылуда. Келіп түскен талап-тілектер негізінде инфрақұрылымдық жүйелер бойынша орын алған олқылықтарды шұғыл ретке келтіру шаралары атқарылуда. Орталыққа келіп түсетін өтінімдер 5 категория бойынша қаралады. Олар: кеңес беру, оқиға, ұсыныс, шағым және алғыс.

Жыл басынан бері Түркістан қаласы бойынша 42 мыңнан астам өтінім қабылданған. Оның 400-ге жуығы қаралу үстінде, ал қалған талап-тілектер оң шешіліп, өтініш иелеріне жауабы жолданған. Шағымдардың басым бөлігі инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салаларға қатысты тіркеледі.

Бірыңғай байланыс орталығында оператор, инспектор, PR-менеджер, талдау секторының меңгерушісі, сапаны бақылау талдаушысы, методолог-талдаушы және талдаушы мамандары сынды жалпы 41 адам 4 ауысыммен қызмет етеді. Мұнымен қоса, қала аумағы 6 секторға бөлінген және әр секторда байланыс орталыққа бағынысты дербес бөлімдер бар. Онда 82 адам жұмыспен қамтылған.

Азаматтар орталыққа 109 қысқа нөмірлі байланыс телефонына қоңырау шалу арқылы өтінім білдіре алады. Call-орталық тәулік бойы қызмет атқарады. Одан бөлек, Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда, WhatsApp мессенджерінде, Telegram желісіндегі чат-ботта өтінімдер қабылданады. Айта кетейік, Бірыңғай байланыс орталығының қызмет көрсету барысында тұрғындардың өтініштері SLA жүйесіне негізделген регламент бойынша орындалады.

«ХАЛЫҚҚА ШЫН ЖАНЫ АШИТЫН АЗАМАТТАР ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте ауданның өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Жұмысты ширатуды тапсырып, оларды тез арада ретке келтіру үшін аудан әкіміне 1– шілдеге дейін уақыт берді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

Мәжілісте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды.

Қазығұрттың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім және медицина саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Талдау қорытындысы негізгі көрсеткіштердің төмендегенін көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласында қойылған межелер орындалмаған. Құрылыс жұмыстары бойынша бекітілген жоспар жүзеге аспаған. Кіріс көлемі төмендеген. Ауданда салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Салық салу объектілерінің (тойхана, жанармай құю станциясы, т.с.с) бағалау құндары нарықтық бағадан төмен бағаланған. Тиісінше салық аз төленуде.

Тазалығы сын көтермейтін ғимараттар мен оның аумағы күл-қоқысқа толған нысандардың жауапты басшылары қатаң сынға алынды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, медицина және білім беру нысандарының, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының күтіп ұстауы төмен деңгейде. Көшелер мен жол сапасына да сын өте көп.

– Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер кеміген. Бұл дегеніміз, халықтың табысы азайды деген сөз. Жұмысты ширатып, жоспарды орындау керек. Аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдасын. Нәтижесі баяндалсын. Талап өте жоғары. Халыққа шын жаны ашитын азаматтар жұмыс істеуі керек. Жұмыс істегісі келмейтін адам сылтау іздейді. Ақталудың қажеті жоқ. Сіздерге қойылатын талап бар, маған қойылатын талап бар. Артық ешнәрсе сұрамаймыз.

Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, ауданның инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салынсын. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Тазалыққа мән берілсін. Жылдар бойы қараусыз қалған соң ғимараттар осындай деңгейге түскен. Тек бюджетке тәуелді болсақ, іс алға баспайды. Жаңа форматта жұмыс істеуге бет бұру шарт. Ізденіс керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі білім, мәдениет, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.

Жаңа форматтағы кездесулерде облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделген.

ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кездесулері тұрақты түрде жалғасып, онда көтерілген мәселелер шешімін табуда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың «Бірлік» секторы тұрғындарымен кездесуінде де маңызды мәселелер көтерілген болатын. Өтініштер назарға алынып, тапсырмалардың орындалуы түзілген жоспарға сай жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Бірлік» секторының 49 көшесіне кәріз жүйесі жүргізілді. Секторға қарасты Сарысу көшесіне интернет байланысын күшейту мақсатында қабылдағыш құрылғылары орнатылып жатыр. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Еділ көшесіндегі көгалды аймақтың күтімі үшін су ұңғымасы қазылып, сондай-ақ, тұрғындардың сұранысы бойынша №16 қоғамдық көлік халыққа қызмет етіп жатыр. Ал Шамил Дүрия, Алғабас, Үржар көшелерінде ойын алаңшаларының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ықылас көшесін көгалдандыру қолға алынып, ағаш көшеттері егілді.

Бұдан бөлек, «Яссы» секторына қарасты А.Юсупов көшесіндегі тұрғын үйлер нөмірі жүйелендіріліп, аталған көшенің тұрғындарының өтініші бойынша аймақтағы жол тұйықтары реттелді. Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, асфальт төселді. 5-ші көше және И. Алтынбек көшелеріндегі су ұңғымалары реттелді. Р.Тойшыбаев көшесіндегі электр қуаты, тұрғын үйлердің ауыз су мәселесі шешімін тауып, жол қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар Кентау тас жолы бойы тазаланып, көгалдандырылуда. Тұрғындарының сұранысына орай, №2, №2а қоғамдық көліктер бағыты ұзартылып, Сақ қорған көшесінде балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Байдалы, Шоқтас Майлыкент көшелеріне ұялы байланыс құрылғысы және И. Алтынбеков, Р.Тойшыбаев көшелеріне бақылау бейнекамералары орнатылды. Тұран мөлтек ауданындағы электр желілері және трансформаторлар қайта жаңартылуда. Үстірт, Қарасай батыр, Есет батыр көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кездесулерде халық тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша жұмыстар жалғасады.

ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ІС САПАЛЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекені, сондай-ақ Қабланбек ауылдық округі Ақниет елді мекендеріне арнайы барып, онда жүргізіліп жатқан ауыз су қоймаларының құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, сапасын тексерді.

Сонымен қатар, аудан басшысы су құбыры өтіп жатқан аталған елді мекендердің көшелерін арнайы аралап, жөндеу жұмыстарын бақылады.

Бүгінгі таңда, аталған су қоймаларының қалыптары құйылып, бетін жабу кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс монтаж жұмыстары 70 пайызы орындалып, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарда.

Құрылыс нысандарында болған аудан басшысы Арман Абдуллаев елдің игілігіне бағытталған істер сапалы әрі өз уақытында жүргізілуі тиістігін, сондай-ақ бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшыларына алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын арнайы өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.

ТҰРҒЫННЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласы, Т.Қасымбеков көшесі №38 үй тұрғыны Ж. Сунакбаеваның тұрғын үйіне қатысты көтерген мәселесі бойынша арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысты.

Қала тұрғыны Рамадан каналынан үйіне қарай су түсуіне байланысты, қазір таңда үйінің апатты жағдайда тұрғанын аудан басшысына таныстырып өтті.

Аталған мәселе бойынша қала тұрғының алдында атқарылған жұмыстар жөнінде, атап айтқанда 2022 жылы астау (лоток) салынғандығы және Т.Қасымбеков көшесінің жолын орташа жөндеуден өткізу мақсатында сметалық құжаттамасы әзірленгендігі туралы Сарыағаш қаласының әкімі М.Доспулов пен аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкері бірге баяндап берді.

Осы орайда аудан басшысы Арман Абдуллаев тиісті бөлім басшыларына халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, жедел шешу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Тұрғындардың әрбір мәселесі аудан басшысының назарында. Әрбір мәселенің оң шешімін табу жолында тынымсыз әрекет етілетін болады.

«СЫН АЙТЫЛҒАН ЖЕРДЕ ЖҰМЫС ТА ЖҮРЕДІ»

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың кезекті халықпен есепті кездесуі Бабайқорған ауылдық округі тұрғындарымен өтті. Бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Шешілу жолдары да талқыланды. Мәселен, аудан әкімінің жыл басында тұрғындармен кездесуінде 33 мәселе көтерілген. Шешімі тапқаны басым.

 – Сауран ауданы бойынша көшелерге тас төсеу жұмыстары үшін жергілікті бюджеттен – 88,0 млн.теңге бөлініп, оның ішінде Бабайқорған ауылдық округінің көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда, Бабайқорған-Абай автожолына орташа жөндеу жұмыстарына сараптаманың оң қорытындысы алынып, қажетті қаржыны облыстық бюджеттен бөлдіруге өтінім жолданды. Жоба құны – 295,9 млн. теңге.

Абай елді мекенінен 300 орындық мектептің құрылыс жүргізуге 2024 жылға сұраныс Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасына ұсынылды. Қазіргі таңда ЖСҚ әзірленуде. Аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы осы сынды бірқатар атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.

 Бабайғорғанда атқарылар тірлік көп. Мәселен, қазіргі таңда медициналық бекет салуға ұсыныс берілген аймақ Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі елдімекеніне тиесілі. Сондай ақ, «Сасықбұлақ» су қоймасынан шығатын 8,67 км тас арықты ағымдағы жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге 11 млн. 219 мың теңге қаражат бөлінген. Ағымдағы жылдың тамыз айында ЖСҚ аяқтау жоспарлануда. Мердігер: «МПК Проект» ЖШС-гі.

 Сонымен қатар, Бабайқорған елді мекеніндегі спорт залдың құрылысы жүріп жатыр, биыл қазан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Жоба «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құны 99 743 млн. теңге. Аудан әкімі барлық ауылдарда кезең-кезеңімен балалар алаңшасы салынатынын жеткізді.

 Бұл Бабайқорғанда жасалынып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес ауданды дамыту жұмыстары тоқтамайды.

 – Бүгінгі кездесуге туған жеріне жанашыр азаматтар келіп отыр деп ойлаймын. Бұл мені қуантады. Себебі, сын айтылған жерде жұмыс жүріп жатыр деген сөз. Сіздердің әрбір көтерген мәселелеріңіз менің жіті назарымда. Талаптарыңыз орынды. Біз заң шеңберінде шешілетін мәселе болса қол қусырып қалмаймыз. Аса қажет деген мәселе алдымен шешіледі. Аудан өз алдына еншісін алған жас отбасы сияқты. Өзіміздің депутаттарымыз бар. Ендігі мәселе, біртіндеп шешіледі. Бабайқорғанның да түлейтін кезі алда, – деп кездесу жиынын түйіндеді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

 Расында, Бабайқорған дәуірлейді. Жасалынатын жұмыстардың жоспары ауқымды. Ендігі мәселе ауылдың ауызбіршілігі. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Елдің жайын айтамын деп, ынтымақты бұзып алуға болмайды. Үлкен істер байыппен шешіледі. Әкімдік ашық. Мемлекет естуші. Тек заң аясында жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындары аудан әкімінің төрт айта атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Ақсақалдар қадамына сәттілік тілеп бата қайырды. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді екшеп, тиісті сала мамандарына жүктеді. Орындалу мерзімі басшылық тарапынан қадағалауда болады. Бабайқорғандағы байыпты кездесу осылай қорытындыланды.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ӘКІМНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Түркістан қаласын сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында 15 жоба іске асырылуда.

Қазіргі таңда, 7 нысанда құрылыс жүруде. Оның ішінде 3 нысанды пайдалануға биыл тапсыру көзделген.

6 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қатаң бақылауында.

Бүгінге дейін Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан сарқынды су жүйесін жүргізуші мердігер мекеме «Азия СЕРВИС» ЖШС-не міндеттемелерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін 25 АЕК айыппұл салынған болатын. Алайда кемшіліктер өз деңгейінде қайта қалпына келтірілмегендіктен мердігер тағы 300 АЕК айыппұл “арқалады”.

Сондай-ақ ауыз су құбырын жүргізіп жатқан «Азия СЕРВИС» ЖШС-не де 300 АЕК айыппұл салынды. Газ құбырын жүргізуші «Рем Строй» ЖШС-не 15 АЕК, ауыз су жүйесін реконструкциялау бойынша мердігер мекеме «Құрылыс ТЭД» ЖШС-не 25 АЕК айыппұл салынды.

Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, инженерлік инфрақұрылым құрылыстарының жұмыс сапасы мен мерзіміне қадағалау тұрақты жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған мердігер мен техникалық қадағалаушыларға заң аясында шара көрілуде.

ӘР МӘСЕЛЕНІ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер негізінен табиғи газ, тұрғын үй, жол, мобильді интернет жылдамдығына қатысты сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Диханкөл елді мекенінің тұрғыны Гүлжан Аманкулова мектептердегі жайттар, білім беру саласындағы олқылықтар мен жеткен жетістіктер жөнінде әңгімелесе, қала тұрғыны Бақытжан Айнабеков демалыс аймағындағы күл-қоқыстарын жинау мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ленгір қаласының тұрғыны Айсана Өмірқұлова табиғи газ жеткізуге қатысты толғандырған сұрақтарын қойса, Шахта Тоғыс елді мекенінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жақсыбаев елді мекендегі тозығы жеткен жолдар мен мобильді интернет желісінің сапасын жақсарту жөнінде шағымдарын айтты. Зәуре Абдирова тұрғын үй мәселесіне қатысты мамандардан кеңес алып, кезектілікке қатысты өтінішін жеткізді.

Қабылдау барысында аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы көтерілген әр мәселені мұқият тыңдап, мәселелер зерделеніп, заң аясында шешу жолдары қарастырылатынын айтып, ҚР ӘРПК заңының талабына сәйкес, әр өтініш иесіне жазбаша жауап берілетінін түсіндірді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *