«ПОЛИЦИЯ – ҚАШАНДА ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ, ҚОҒАМНЫҢ ТЫНЫШЫ МЕН ТЫНЫСЫН БАҚЫЛАУШЫ

Қоғам Құқық
774 Views

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор:

«ПОЛИЦИЯ – ҚАШАНДА ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ, ҚОҒАМНЫҢ ТЫНЫШЫ МЕН ТЫНЫСЫН БАҚЫЛАУШЫ

Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – оңай шаруа емес. Ұлы Жібек жолы керуен көшінің жолындағы Шымкент халық саны жөнінен республикада үшінші орында. Мұнда түрлі ұлт өкілдері шоғырланған. Осы себепті Шымшаһар жұртшылығының тыныштығын қорғау мен сақтауда салаға тәжірибелі де білікті басшы-полицей керек екені даусыз.

Екі ай бұрын – ақпан айында Шымкент Полиция департаментінің басшысы болып Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков тағайындалды. Бұл тегін тағайындау емес: Қ. Дәлбековтің ішкі істер органдарында еңбек етіп келе жатқанына 33 жыл.

Нақтылай түссек, ол Ішкі істер органдарында 1989 жылдан бастап қызмет атқарады. Орта және аға басшы құрамның әртүрлі жедел лауазымдарында қызмет атқарған генерал-майор Шымкентке келгелі қала жұртшылығының ұйқысы тыныш. Себебі қалалық полиция қызметінің жұмысы жанданғаны ә дегеннен-ақ көрініп тұр. Сондай-ақ, полиция мен халық арасындағы сенім нығая түскенін аңғаруға болады.

Өткен аптада генерал-майор Қайрат Дәлбеков 2021 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Онда генерал қылмысты ашу 1,3 пайызға артқанын айтты. Жалпы, қала бойынша тіркелген ұрлықтардың жалпы саны 12,0 пайызға төмендеген.

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға көмегі бар керемет жоба қолға алынған. «Көрші бақылауы» деп аталады. Осы жоба іске асырылғалы бері көпқабатты үйлер арасындағы у-шу, кешкі уақыттағы мазасыздық пен бұзақылық басылыпты.

Мегаполисте сергек камералары іске қосылғаны белгілі. Міне, осы камералар бүгінгі күні полицияның қылмысты жедел ашуына жәрдем болып жүрген жайы бар. Атап айтқанда, қаладағы 3868 бейнекамера бүгінде Шымкент қалалық Полициясының бақылауында. Ал нәтижесі – олардың көмегімен 307 қылмыс ашылып, 74 мың 155 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған.

Шындығында, Шымкентте қандай тірліктер атқарылды? Бұл жайлы генерал: «Бүгінде интернет алаяқтық бойынша 281 қылмыстық іс тіркеліп, оның 34 ісі сотқа жолданған, 181 іс тергелуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, интернет алаяқтық қылмысты жасаған 5 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Күдіктілердің 3-уі қамауға алынды, тағы 2 күдіктіге іздеу жарияланды. Қазіргі таңда олардың 20-дан астам қылмысқа қатысы бары дәлелденді», — деді.

Естеріңізде болса, ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз жолдауында еліміздегі жастар арасында есірткі түрлерінің қолдануы өршіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарына есірткі қылмыстарын алдын-алу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Генерал-майор Қ. Дәлбеков басқаратын Шымкент полициясында бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тіпті бұрыннан десек жарасады. Мысалы, 2021 жылы қала бойынша есірткіге қатысты жалпы 350 құқық бұзушылықтар анықталған.

Есірткі сайттарын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамалау деректері де полиция назарынан тыс қалған емес. Осындай еңбектің нәтижесінде 745 есірткі сайттары жарнамаланған мекенжайлар анықталып, жойылды. Жастарды бұл жаман әдеттен арашалау үшін «Нашақорлыққа жол жоқ» деген профилактикалық іс-шарасы жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Көпшілікке мәлім, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондай-ақ балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстарды алдын-алу және оның жолын кесуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала аумағында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар!» атты профилактикалық іс-шаралар күнделікті өткізілуде. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде Шымкентте кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 26,7%-ға, қылмыс жасауға қатысқан жасөспірімдер саны 48,1%-ға төмендеген.

Сондай-ақ қаладағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 152 мектепке бейнебақылау камералары қойылып, оларды департаменттің Жедел басқару орталығына шығару жұмыстары білім басқармасымен бірге атқарылуда. Ал «SOS» дабыл нүктесі барлық мектептерге орнатылып, бұл бағыттағы жұмыс бақылауда екендігіне ерекше тоқталды.

Өз жұмысы туралы Қайрат Дәлбеков: «Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткендей, «Полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі». Яғни, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте, біз тәртіп сақшылары – азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетіп, халықпен тығыз байланыс жасай отырып, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар атқарудамыз. Басты қағида: Полиция – қашанда елдің қорғаны. Қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып бұқарамен жақындастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау – негізгі мақсатымыз. Дәл осы бағытта аянбай қызметімізді жалғастыратын боламыз», – дейді.

Айтпақшы, генералдың бір ұстанымы бар – полицейлерден үнемі халықпен тығыз байланыс орнатуды, халыққа жанашыр, қолдаушы болуды талап етеді. Жұртшылықтың мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, халықпен тікелей диалог құру және нығайту мақсатындағы жұмыстарын ешқашан тоқтатқан емес. ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауда жүктеген тапсырмаларын тиянақты орындауда, қызметте кездескен сан түрлі ауыр қылмыстар, мал ұрлықтары, халықты тұзағына түсіріп, алдаған алаяқтардың ұсталуы, облыста қылмыстың азаюы мен аймағымыздың қауіпсіз болуына қатысты жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей келеді. Осы ерен еңбегі үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков былтыр «Даңқ» Орденімен наградталды. Әбден лайық!

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *