Д.САТЫБАЛДЫ: «САЙРАМ АУДАНЫ ӨҢІРДЕ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА»

Экономика Қоғам
265 Views

САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Халықтың пікірі мен әрбір өтініші, ұсынысы маңызды. Осы ұстанымды арқау еткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесулерін Сайрам ауданында жалғастырды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ауданның даму қарқыны туралы баяндады. Білім, құрылыс, инфрақұрылым, ауыз су, газ және өзге де салалар бойынша өткір әрі күрделі мәселелерді тыңдады.

– Тұрғындар тарапынан маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Әділ шешім қабылдау үшін қос тарапты да тең тыңдаған жөн. Сондықтан әрбір сұрақ пен арыз-шағым зерделенеді. Мемлекет тарапынан атқарылуы тиіс жұмысты атқарамыз. Тұрғындар тарапынан да қолдау, белсенді жұмыс болса ғана іс алға басады. Бұл ретте Сайрам ауданының әлеуеті зор әрі даму қарқыны өңірде үздіктер қатарында. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін былтыр ауданда 7 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып, инженерлік-коммуникация желілерін: ауыз су, газ, жол, электр желісін тартуға 848,4 млн. теңге қаралып, 3 нысан пайдалануға тапсырылды. Елді мекендерде су құбырларының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су ұңғымалары қазылып, су мұнаралары орнатылды.

Көлкент ауыл округіне қарасты Ақсуабад ауылында 32 гектар жерге ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 300 тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылды. Әйтеке би ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауданда 42 елді мекеннің 32-сі табиғи газбен қамтылған. Құтарыс, Қызылжар, Ақсуабад, Оймауыт, Ақарыс, Көлкент елді мекендерінің газ құбырларының құрылысына 2022 жылы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілген.

2022 жылы 6 елді мекенде жалпы ұзындығы 25,3 шақырым электр желілері ауыстырылып, 15 дана жаңа трансформатор, 1113 жаңа бағана орнатылды. Былтыр 2,6 млрд. теңгеге аудандық маңызы бар 5 автомобиль жолдардың 17,5 шақырымына күрделі жөндеу, 184,3 млн. теңгеге 13 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Былтыр сайрамдықтар облыс басшылығына 16 мәселені көтеріп, оның басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтсақ, Жібек жолы ауылындағы ауыз су жүйесін жаңарту үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылға 100 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал Қарасу ауылына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысына 649 млн. теңге қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Аталған бағдарлама арқылы Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін салуға қаржы бөлініп отыр. 7 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттарды дайындалуда.

Құтарыс, Қызылжар елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Ақарыс, Оймауыт ауылдарында құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар 2022 жылы Көлкент ауылына газ жүйелерін салуға 395,5 млн. теңге, Ақсуабад ауылына 215 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Биыл аталған нысандарға тағы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысандар 2024 жылы тапсырылады.

Тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Жеке қабылдауда да тұрғындар облыс әкімімен еркін пікір алмасып, өз сауалдарын қойды. Басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да тұрғындарды қабылдады. Түйткілдер хаттамаға енгізілді.

Сайрам ауданында былтыр өнеркәсіп өнім көлемі 57,5 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 11,4 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,5 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10,7 млрд. теңгеге артып отыр.

Былтыр ауданда 2,9 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба (газоблок зауыты, өнеркәсіптік жылыжай, диірмен, сүт өңдейтін зауыт, өсімдік май шығаратын цех) іске асырылып, 105 жаңа жұмыс орны ашылған. 2023 жылы құны 6 млрд. теңгені құрайтын жаңа 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 2 зауыт құрылысы мен газоблок және мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жобалары бойынша 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 124 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.

АУЫЛДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОҢ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

Сайрам — сансыз баптар мекенi, бұл өлке киелi де, шежiресi мол аймақ. Еңбекқор халқы бар, кәсіпкерлігімен танылған Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Демография жағынан да облыста алдыңғы қатарда.

Бірлігі мен тірлігі жарасқан аудан тұрғындары тынымсыз еңбекпен ертеңінің еңселі болуына негіз қалауда. Мұнда мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы мықты дамыған. Шағын кәсіпкерлікке ерекше ден қойған ауданда соңғы жылдары жаңа өндіріс орындары мен ауруханалар, мектептер іске қосылып жатыр. Заман талабына сай әзірленген әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Былтыр Сайрам ауданында 2 есепті кездесу өтіп, ауданның 16 мәселесі көтерілген. Оның ішінде, 7 мәселе өз шешімін тауып, осы жылы Қарасу елді мекенінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын биыл аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Ақбұлақ ауылына мәдениет үйі салынып, жыл қорытындысымен халық игілігіне тапсырылмақ. Сондай-ақ, биыл облыстық бюджеттен маңызды 7 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарды дайындауға 105 млн. теңге бөлінген.

Аудандағы Құтарыс, Қызылжар елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысы биыл аяқталса, Ақарыс, Оймауыт ауылдарындағы жұмыстар келесі жылы аяқталатын болады. Сонымен қатар, былтыр Көлкент ауылына газ жүйелерін салуға құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, нысандар 2024 жылға өтпелі.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жоспарланып отыр. Сайрам ауданында бұл бағдарламаны пилоттық режимде Ақбұлақ, Жібек Жолы ауыл округтерінде іске асыру жоспарланған. Ауданда 2023 жылы құны 6 млрд. теңгені құрайтын жаңа 4 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 2 зауыт құрылысы мен газоблок және мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жобалары бойынша 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылы төмендетілген бағамен 3 мың тоннаға дизель отыны бөлінді. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 92 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жылдық 5 пайызбен тауар өндірушілерге 4,8 млрд. теңге бөлінді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 18 мыңнан асып, оларда 27 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Сайрам ауданы бойынша былтыр 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Cайрамда мектептер салу үшін бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлініп, Манкентте 600 орындық жаңа мектептің және Нұржанқорған ауылындағы №62 мектепке қосымша корпустың құрылысы жүргізілуде. Ал, инвесторлар есебінен ауданда 12 жеке меншік мектептер пайдалануға берілді. Жекеменшік мектеп салудан облыс көлемінде Сайрам ауданы көшбасшылардың бірі болып тұр. Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Көлкент, Ақсуабад елді мекендерінде 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарамұрт елді мекеніндегі №6 мектепті күрделі жөндеуге 448 млн. теңге қаралды. Биыл жөндеу жұмыстары аяқталады.

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласында аудан халқына 41 мекеме қызмет көрсетеді. Былтыр 83 млн. теңгеге Қарасу ауыл округіне қарасты Жаңатұрмыс елді мекенінде медициналық пункт салынды. Аудандағы барлық 42 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жібек жолы елді мекенінде су құбырларын күрделі жөндеу жұмыстарына 100 млн. теңге қаралды. Сонымен қатар, табиғи газбен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 1,1 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес 16 шақырым электр желілері ауыстырылып, 575 дана электр бағаналары орнатылды.

Аудандығы облыстық және аудан-дық маңызы бар автомобиль жолдарға күрделі жөндеу, сондай-ақ 184 млн. теңгеге елді мекендердегі 13 ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылға аудандық маңызы бар 6 жолдың күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен 1 млрд. теңге қаралды. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 728 млн.теңгеге 14 көшені, аудандық бюджеттен 449 млн.теңгеге 11 көшені орташа жөндеуден өтеді.

ҚҰРЛЫҚТАРДЫҢ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық ауылына барып, ауыз су, электр жарығы, қоғамдық тасымалдау қызметін ұйымдастыру, құрылысы жүргізілетін нысандарды қадағалауға алу секілді бірнеше мәселемен танысты.

Жақын күндері облыс әкімінің Сайрам ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді зерделеп, түсіндіру мақсатында нысандарды аралады.

Аралауға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев, «Сайрам тазалық» ЖШС-нің басшысы Ж.Матов, аудандық құрылыс және сәулет қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ұ.Мамутов, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаев және жергілікті тұрғындар қатысты.

Ауыл тұрғыны Б.Құлжабаевтың қоғамдық көлік жүргізу мәселесіне жергілікті жерде автобус аялдайтын автобекет салу үшін топотүсірілім дайындалып, құжаттары рәсімделетін болады.

Аудандағы коммуналдық-шаруашылық саласына жауапты басшы Б.Бейсембаев Шымкент қаласы мен Құрлық ауылы бағытында жүретін қоғамдық көлік облысаралық бағыт болып есептелетіндіктен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе шешім табатынын жеткізді.

Ал, келесі ретте ауыз судың жетіспеушілігі туралы айтылған сынға жаңа су ұңғымасын қазып, су мұнарасын салу үшін сметалық құжаттары дайындалған. Ендігі кезекте, аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында қаржы қарастыруға ұсыныс енгізіледі.

Мұнан бөлек, ауылдың аумағына мәдениет және спорт кешені ғимараттарының құрылысын тезарада аяқтау, сапасын қадағалауды қажет ететінін назарға салып өтті.

Тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформатордың жағдайы зерделеніп, 2023 жылы аудандық бюджеттен Байдеуов және Асанбаев көшелеріне 25 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Мердігер анықталған соң, электр бағаналары, трансформатор және СИП кабельдер жаңартылады.

Қазіргі таңда нысан құрылысына 2,1323 га жер қарастырылған «Qazak-Saulet-1» ЖШС өз тарапынан жобалау жұмыстары өз қаржы есебінен жүргізілуде. Жобалау жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында аяқталған соң, нысанның құрылыс жұмыстарын іске асыру үшін ұсыныс енгізіледі.

Сонымен қатар, ауыл биі Қ.Қожамбердиев Құрлық ауылына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан кіретін және шығатын, автожолдарды салу, осы жол бөлігіне арнайы жол белгілерін орнатуды сұранған болатын. Көпшіліктің жол жүруіне ыңғайлы жағдай жасау үшін аталған жолға сметалық құжаттарды дайындау қолға алынды. Ауылдың кіре-беріс жеріндегі жолын асфальттеу үшін үш жақтан кіретін жолдардың екеуін заңдастыру мәселесі қаралып, талқыланды. Аудандық бюджет есебінен жолдарды асфальттеу мәселесі алдағы уақытта бюджетті қалыптастыру кезінде қаралады.

Аралау соңында Мадияр Мұхтарұлы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін бақылауына алып, тиісті бөлім мен ауылдық округінің әкіміне нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *