«ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ»

Экономика Қоғам
242 Views

АУЫЗ СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАРЖЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан ауыз су, көшелерге жарықшамдар орнату, жерді әділ бөлу, мектепке қосымша ғимарат салу және өзге де мәселелер көтерілді. Өңір басшысы ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасатынын, бұл істе жергілікті әкімдік пен тұрғындар да белсенділік танытуы керек екенін жеткізді.

– Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерді тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Біз жуырда Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Осы жоспарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 2 есеге арттыру көзделген. Жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Аудан әкімдері бюджет қаражатына ғана сенім артпай, инвестиция тарту жұмыстарын жандандырулары керек. Тұрғындар аулаларын таза ұстап, гүл егіп, аймақты көгалдандыруға, тазалығын сақтауға үлес қосқаны жөн. Қазығұрт ауданы тұрғындарымен былтырғы кездесу нәтижесінде көтерілген мәселелер шешімін тапты. Бірқатарына тоқталсам, Тұрбат ауыл округінен 200 орындық «Ақпарақ» мектебі пайдалануға берілді. Облыстық маңызы бар КХ-44 «Жігерген-Көкібел» автомобиль жолын орта жөндеуге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Тұрбат ауыл округі, Өндіріс елді мекеніндегі 8 көшені орта жөндеуге 430 млн. теңге қаралды. Биыл қазан айында пайдалануға тапсырылады. Ақбура бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылысына қаржы қаралды. Қазығұрт ауданын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысының жеке қабылдауында да тұрғындардың өтініштері тыңдалды. Облыстық басқармалар мен департамент, құқық қорғау мекемелерінің басшылары да тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарымен танысты. Өтініштер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.

Қазығұрт ауданында былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция 23,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 млрд. теңгеге артты. Аудан әкіміне 2023 жылы бұл көрсеткішті арттыру міндеті жүктелді. Ауданда жұмыспен қамту картасы бекітіліп, былтыр 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
2022 жылы Еңбек және Атбұлақ елді мекеніндегі бірнеше көше тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге 86,8 млн. теңге қаралып, пайдалануға берілді. Биыл Шанақ және Ақжар елді мекенін газдандыруға қаржы бөлінді. 62 елді мекеннің 61-і электр жүйесімен қамтылған. 2022 жылы 12 елді мекенге қаржы бөлініп, сапалы электрмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. 2023 жылы 10 елді мекенде электр қуаты жетіспейтін көшелерді қуаты жоғары электрмен қамтамасыз ету құрылысына 407,4 млн. теңге қаралған.
Аудан бойынша ауыз сумен қамтылған елді мекендер 59-ға жетіп, қамту көрсеткіші 95,1 пайызды құрады. Айнатас елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 276,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Қызылдихан елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қолға алынған.
Бюджет есебінен бөлінген 1,2 млрд. теңгеге 102,9 шақырымды құрайтын 28 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға 2022-2023 жылдар аралығына жоспарланған орта жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, 2023 жылы Қақпақ ауылы округі, Қақпақ елді мекеніндегі 9 көшені орта жөндеуге 434 млн. теңге қаралды. Биыл аяқталады деп межеленген.

Денсаулық сақтау, білім салаларын дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының ғимаратына 590 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы Жаңаталап елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталған, биыл пайдалануға беріледі. 2022 жылы 7 елді мекенде типтік мектеп ғимараттарының құрылысы басталған. 2023 жылы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 3 мектеп (Атажұрт, Көкібел, Тұрбат) 2024 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық 1 жаңа мектеп салынады.

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА КӨШУДІҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНДІРДІ

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының барысы мен озық технологияларды пайдаланудың тиімділігі Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Қазығұрт ауданында өткен семинар-кеңесте талқыланды. Оған агробизнес өкілдері мен ғылыми қызметкерлер, аудан, қала әкімдері қатысты. Басқосуда малазықтық және масақты дақылдарды тікелей егу әдісі таныстырылып, әлемдік тәжірибенің тиімділігі кеңінен талқыланды.

No-till технологиясы – нөлдік өңдеу жүйесі, сүр танапсыз тікелей себу бойынша алғашқы сынағы өңірде осыдан 5 жыл бұрын басталған. Бразилиядан алынған дән сепкіш құрылғының көмегімен, масақты дақылдардың түсімділігі 2 есе артқан. Ашық аспан астында өткен басқосуға аймақ басшысы жемісті қалдықсыз өңдеуге басымдық беріп, заманауи озық технологияны пайдалануға бет бұрудың маңыздылығын айтты. Егістікті әртараптандырудың тиімділігіне тоқталды. Өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту мен әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ету бағытында жұмыстардың күшейтілетінін атап өтті.

– Халқымыздың 80 пайызы ауылда тұратындықтан, ауыл шаруашылығы саласын дамыту — аса маңызды. Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу», су үнемдеу технологияларын енгізу және жылыжай шаруашылығын дамыту жүйелі жолға қойылған. Облысымызда аграрлық секторда 74,2 мың агроқұрылым бар. Республикадағы көрсеткіші — 31%-ды құрайды. 2024 жылдан бастап 4 ғылыми мекеме облыс әкімдігінің теңгеріміне қабылданады деп жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, біз ғылыми мекемелер мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері арасында тығыз байланыстар орнатып, шетелдік инновациялық заманауи агротехнологияларды өндіріске шығару, аграрлық ғылымды, білікті кадрлар даярлауды тікелей қолға аламыз. Өйткені еліміз азық-түлік импорттаушы елден экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы мемлекетке айналуына мүмкіндігі бар. Жаңа технологияларға көшуіміз керек. Ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, жалпы өніммен қатар еңбек өнімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі сапар барысында ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі және Шанақ ауылдық округінде орналасқан «Тілеуберді» шаруа қожалығында жоңышқа дақылын тікелей себу барысымен танысты.

Қазығұрт ауданы өзіндік тарихы және тұмса табиғаты ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерімен де әйгілі. Оған мысал, 2022 жылы ауданда 66,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 3500 тонна дизель отыны бөлінді. Ал дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 95%-ды құрап отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *