АБЫЗ

Руханият Тарих
257 Views

Жан айқай жыры болып «Елім-ай» лап,

Халқымен бір жасаған абыз ата.

Соқса да замананың желі қайдан,

Санадан сен өшпедің, аңыз ата.

Барады бұрынғыдан өмір озып,

Тап енді бұзбас қамал қияс арнаң.

«Елім-ай» жыр қалыбы тәңір өзі,

Көз жасын қазағымның құя салған.

Өмірге құштарлықтан жанып тұрып,

Жүрек-ай, жыр толқытып, ән шығарған.

Халқының қайсарлығын таныттырып,

Өрт болып жалындаған өршіл арман.

Жалынмен шарпып жазып жан жарасын,

Маздатқан үміт отын тамұқта да.

Рухына абыз ата таң қаласың,

Қырандай биік шырқап қалықтаған.

Айналып ұлт арына, намысына,

Толғады жер тағдырын, ел тағдырын.

Дем берді алты алаштың арысына,

Сезімнің төгіп сазды сел жаңбырын.

Сай болған өнеріне ерлігі де,

Сан рет жауға шапқан атойлатып.

Тұлпардың тер қатырмай терлігіне,

Найза сап, қылыш қаққан, ат ойнатып.

Жырымен жазбақ болып жан жарасын.

Маздатқан үміт отын кеуделерде.

Қазақта Қожаберген – шын дара шың,

Рухына бас иетін сен де, мен де.

Сан ғұмыр өтті бұрын сан ғасырың,

Жаңғырар санада одан із біртіндеп.

Арқасы аға ұрпақтар арғы, асылы,

Бар болсақ, бүтін болсақ біз бұл күнде.

Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ,

ақын, қоғам қайраткері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *