АУЫЛДАҒЫ «ТӘТТІ» БИЗНЕС

Қоғам
376 Views

Мақтааралдық тұрғын Венера Серікбаева биыл «БизнесБастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша грант ұтып алды. Бүгінде кондитерлік өнімдер пісіріп, кәсіпкерлікті бастап кетті. Сапалы, дәмді үйтағамдарына тапсырыс берушілер де көп. Айтуынша, қазір ауыл түрғындарыдүкендерде сатылатын тәттілерді сатып алуды қойған. Венераның рецептімен дайындалған печенье, торт, блинчиктерді ауыл тұрғындары таласа-тармаса сатып әкетеді екен.

Жасынан еңбекқор жан тағдыр тауқыметін де аз тартпаған. 3-топ мүгедектігі бар келіншек 4 баласын жалғыз асырап отыр. Таңертеңнен қара кешке дейін тәттілерге тапсырыс қабылдап, күнкөрістің қамында жүреді. Аядай баспананың асүйінде бизнесін дөңгелетіп отыр. Заңгер мамандығын алған кейіпкеріміз кезінде бірқатар мекемелерде жұмыс істеген. Алайда, отбасылық жағдайларға байланысты жұмыссыз қалған келіншек «Бизнес Бастау» жобасы аясында ұйымдастырылған курсты аяқтап, сүйікті ісінен табыс табуды ұйғарған. Үйдегі бизнесі оған балаларының тәрбиесінен алшақтап қалмауға да мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, үй шаруасын да бала тәрбиесін де отбасын асырауды да ұштастырып отырған іскер келіншекті мемлекеттің қолдауын пайдасына асырып отыр.

Табыстың еңбекпен, ізденіспен, біліммен келетінін жақсы түсінген ол алдағы уақытта шағын бизнесін ұлғайтысы келеді. Тәшкенде арнайы курстар оқып, заманауи әдіспен жасалатын кондитерлік өнімдерді саудаға шығаруды көздейді.

Тауарды өндіру бар да оны сату бар. Пікірінше, әлеуметтік желі кондитерлік өнімдерді саудалауда таптырмайтын алаң. Сондықтан да ол алдағы уақытта әлеуметтік желінің қыр-сырын үйрететін мамандардан дәріс алуды жоспарлап отыр. Өз брендін қалыптастырып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысу да ойында бар.

Мақтаарал ауданында аталған жоба аясында кәсіпкерлікке ден қойғандар жетерлік. Грантқа өтінім берушілердің қатары да көбейген. Жобалары қаржыландырылған тұрғындар қазір түрлі шағын кәсіпкерлікпен айналысып, отбасын асырап жүр. Бірі тігіс тіксе, енді бірі егін салып, шаштараз ашып, ауыл-аймақтың өркендеп дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *