АРАҚ АЗДЫРАДЫ, ЕСІРТКІ ЕСІҢДІ АЛАДЫ

Жастар Қоғам Құқық
1 250 Views

Адам өміріндегі ең маңызды, есте қалатын кезеңнің бірі – жасөспірімдік шақ. Яғни, 11-15 жас аралығы. Бұл кезең ең қиын шақтардың бірі. Мінезі құбылып, ересектерге еліктеп тұратындықтан, кейбірі зиянды әдеттерге әуес болып кетуі мүмкін. Осындай сәтте өзін ересек санайтын жеткіншектерді зиянды әдеттерден сақтау үшін ата-ананың тәрбиесі өте маңызды. Дегенмен, өздерін ақылды санап, үлкеннің айтқан кеңесін тыңдамауы мүмкін. Сол сәтте тәрбие жұмыстарымен қатар махаббат пен мейірім қажет.

Жасөспірімдердің спирттік ішімдік пен нашақорлыққа патологиялық әуестігі үлкендерге қарағанда басым болады. Құбылмалы мінез иелері осы әуестігін дұрыс басқара алмай зиянды әдеттерге салынып кетсе, оларды құтқару қиынға соғады. Психологтардың мәліметінше, жеткіншектердің ақыл-ойы толық қалыптаспаған, бірақ физикалық жетілуіне байланысты соматикалық мінез-құлық пайда болып, психопатологиялық және интеллектуалдық бұзылыстарға алып келеді екен.Алкоголь жүйке жүйесіне есірткі сияқты қатты әсер еткендіктен, оны наркоманияның бір түрі деп есептейді. Ішімдікті ұзақ және қарқынды ішу ағзаның ішкі органдарын бұзылуына алып келеді. Бұл да алкоголизмнің бір сипаты болып табылады.

Ғалымдардың дәлелінше, алкоголизмнің дамуына үш түрлі фактор әсер етеді. Ең маңызды себептердің бірі – жеткіншектің генетикалық тұрғыда ішімдікке бейімділігі. Дегенмен, бұл себеп алкоголизмнің дамуына 100 пайыз нақты алып келмейді. Себебі, тәрбие мен әлеуметтік мәртебе арқылы шешу жолдарын табуға болады. Генетикалық бейімділіктен бөлек, физиологиялық фактор да бар. Бұған адам денсаулығының көрсеткішін жатқызуға болады. Жүйке жүйесіне, зат алмасуға зиян келген болса және бауырға қатысты кейбір ауруларда алкоголизм жылдам дамиды. Ішімдік ішетін адам депрессияға өте жиі ұшырайды. Үрейлік сезімі мен күйзеліс буы мазалайды. Ішімдіктің салдары психологиялық тұрғыда да кері әсер көрсетеді. Адам барлық тұрғыдан деградацияға ұшырайды. Кейбір жеткіншектер қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарсы тұра алмай, қателесіп ішсе, енді біреулер жай ғана демалу, көңіл көтеру деп ішеді. Осылайша олар қалай ішімдікке құмартып кеткенін өздері де байқамай қалады. Мұндай жағдайда жеткіншектің араласатын ортасы, уақытын тиімді өткізуі маңызды. Осы екі маңызды көрсеткішке назар аударып, олқылықтарды дер кезінде түзетпеудің салдары ауыр болуы мүмкін.Үшіншісі– әлеуметтік-экономикалық фактор. Жасөспірімдердің қоршаған ортасына байланысты ішімдікке құмарлығы бар ма, жоқ па,соны айқындайды. Отбасылық құндылықтарды ескере отырып, тәрбие арқылы мәселені тиімді шешуге көмектесетін фактор. Егер отбасыда алкоголизмнің көрінісі орын алса, онда ішімдікке құмарлық жеткіншекте де арта бастайды. Демек, баланың санасында әке-шешеме ішуге болатын болса, маған да рұқсат етілген деген түсінік қалыптасады. Бала естігенін емес, көргенін жасайтынын ұмытпаған жөн.

Сондай-ақ, алкоголизм дамуының үш сатылық деңгейі бар. Алғашқысы – құмарту кезеңі. Аптасына бір рет болсын ішімдік ішкісі келіп тұрады. Бұл қауіпті симптом. Адам бұл кезеңде агрессивті және мазасыз күйге енеді. Көп ішсе де мастық сезімінен басқа ешқандай салдар болмайды. Мәселен, құсу секілді. Екінші кезеңде ішімдікке деген төзімділік пайда болады. Енді адам қатты мас болғанша іше бастайды. Тәуелділік пен құмарлық артады. Бірінші кезең мен екінші кезеңнің айырмашылығы – адамда абстинетті синдром пайда болады. Бұл синдром кезінде ішімдік ішпесе психологиялық және физиологиялық жағдайды нашарлайды. Осылайша ағза ішімдіктің келесі порциясын сұрайды. Бойын ашушаңдық билеп, жоғары артериалды қысым, қол-аяқтың қалтырауы, жүрек соғысының жиілеуі, ұйқысыздық, тамақтан кейін құсу байқалады. Физикалық белгілерден бөлек галлюцинациялы психоз пайда болады. Мұны сезінбеу үшін адам одан сайын ішімдік іше береді. Осылайша ішімдікке салынып бітеді. Бұл – адам өмірінде ұзақ созылатын, тіпті өмірінің соңына дейін болатын кезең.Үшінші кезеңде алкогольге деген төзімділік таусылады. Ішімдіктің аз мөлшерінің өзі масайтады. Абстинетті синдром анық көрініп, алкогольді күнделікті ішуге әкеліп соғады. Адамның тұлғалық қасиеті төмендеп, ойлау қабілеті мен интеллекті санасы толықтай жоғалады.

Нашақорлық – жасөспірімдердің денсаулығына ең зиянды әдет. Жастар елдің болашағы екенін ескерсек, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де төнетін үлкен қатер. Нашақорлық пен есірткіге еліктеушілік бүкіл әлемнің ауқымды мәселесі. Біздің елімізде есірткі заттарын сақтау, тасымалдау – сату әрекеттеріне заңмен тыйым салынған.Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің халық денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар тарауында көзделген кейбір баптарының санкцияларында, Қылмыстық кодекстің 296 — 303 баптарында, бас бостандығынан айыру түрі қолданылады.Десек те жасырын түрде жасалып жатқан заңсыз сауда салдарынан, кәмелет жасына толмаған жеткіншектер арасындағы аса қауіпті дерт – нашақорлыққа салыну соңғы жылдары күрт өскен. Есірткі қолданудың әсерінен жасалған қылмыстар саны да артып келеді.Есірткіге еліктейтіндердің дені жасөспірімдер мен жастар. Себебі олар өмірдің мәнін білмей, өлімнің не екенін түсінбейді.Тағы бір себебі қаншалықты заңмен тыйым салынса да психотроптық заттарға қолжетімділік жасөспірімдер арасында бар деген сөз.

Жастар психологиясына жүргізілген зерттеулер олардың өтпелі кезеңде өзіне орта іздейтіндігі, ортасы жоқ болса жалғыз қалғандай сезінетіні дәлелденген. Істейтін іс жоқ болғандықтан да нашақорлыққа ұрынып, есірткі сатушылардың қатарына қосылғанын байқамай қалады.Нашақорлықтың бастапқы кезеңдерінде алкогольмен масайған сияқты жеңіл галлюцинациялар болады. Көңіл-күйі жақсарып, өздерін жағымды сезінеді. Басында қандай да бір шу болады. Кейбір балалар әлсіз эйфорияны сезінеді. Есірткіні пайдаланған кезде оларда теріс соматикалық симптомдар болады. Мысалы, жүректің айнуы, құсу және бас ауыруы. Бес-алты рет қабылдағаннан кейін ағзасы бейімделеді. Еріксіз күліп, ессіз дүниелер жасай бастайды.Есірткі ағзаның табиғи гормондарын алмастырып, арнайы эффектілерді реттейтіндіктен, ағза өзінің алмастырушысына сеніп, сәйкес гормондарды бөлуді толығымен тоқтатуы мүмкін. Гормондардың жұмыс жасамауы біршама қиындықтар тудырады. Содан соң наша қолдануда, үйреншікті болып қалған соң адам толығымен жағымды эмоцияны сезіну қызметінен айырылады. Ағзасы қарапайым тұмаумен, жеңіл аурумен де күресе алмайтын дәрежеге жетеді. Есірткінің қарастырылған әрекеттерінің әсерінен ағзада тәуелділік пайда болады. Тәуелділік психикалық және физикалық болып бөлінеді. Егер есірткі ағзаға көп мөлшерде түссе қанағаттану орталығының жұмысы тежеліп, жоғары сезімталдық сезімі болады. Есірткіні қолдануды тыйған кезде науқас ауыр жағдайға түсіп, физикалық және психикалық бұзылулар пайда болады.Естің бұзылу психозы, галлюцинация, саңдырақтаудың пайда болуы мүмкін. Ағза жүйесінің барлық функциялары бұзылып, қан қысымы төмендеп, тамыр соғуы жиіленеді. Бұлшық ет қысым әсерінде болады, бұлшық ет аурулары, дененің қалшылдауы, дірілдеу және сіңір тартылуы болуы мүмкін. Науқастар өзін ыңғайсыз сезініп,тынымсыз қозғалыста болады. Бұл тез күш жоғалтуына және қозғалмай қалуына әкеледі. Нашақорлар қантамырларындағы жиі қышудың болуына наразылық білдіреді. Есірткіге тек психологиялық, теориялық түрде ғана тәуелді болған адам өз-өзіне зақым келтіріп алуы да мүмкін. Кокаинның әсерінен пайда болған физикалық тәуелділік зат алмасуды бұзады. Ағза құрылымы өзгереді және есірткісіз, өздігінен қызмет ете алмай қалады. Мұндай жағдайларда науқастарға аз мөлшерде есірткі белгіленеді. Нашақор жүдеп, бозарып кетеді, шаштары мен тырнақтары сынғыш болады. Ішек-қарын жолындағы жайсыздық, қанды іш өтуі де болуы ықтимал. Есірткі қолданудың көптеген түрлеріне жастың және сілекейдің ағуы, жөтел, тұмау және түшкіру тән. Тәбеттің болмауы, ұйқысыздықтың болуы шарт. Науқас денедегі қатты және азапты ауруды сезінеді. Мінездің акцентуациялануынан, психопатиядан, мидың органикалық зақымдануынан тұлғаның қоғамға бейімделуі қиындай түседі. Ал бұл есірткі заттардың қолдануына септеседі. Нашақор өмір қиындығынан шығуды нашақорлық елітпеден іздейді.

Осылайша тәуелділіктен арыла алмай қалады.Нашақорлар көбінесе инфарктан, инсульттан көз жұмады. Себебі, есірткі ең бірінші жүрек-қан тамыр жүйесіне соққы береді.Адам іштей толық бұзыла бастайды, бауыр, жүрек, ішек, тағы басқа аса маңызды ағзалар зақымданады. Соңы өлімге алып келетін уақытша ләззат екенін көбі түсінбейді. Статистикаға сүйенсек, елімізде 20 мыңға жуық адам есірткіге және 100 мыңға жуық адам ішімдікке тәуелді екен.Қазіргі таңда Қазақстанда наркологиялық диспансерде есепте тұрған нашақорлар саны 52137 адамды құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 9,5 пайызға артқанын көрсетеді.

Қоғамдағы қасіреттің алдын алу – бәрімізге ортақ міндет. Дертпен күресу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар мен студенттер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.Жастардың уақытын тиімді қамтамасыз ету керек. Жауапты мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік наркоиммунитетті қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін мемлекеттік әлеуметтік саясат, білім беру жүйесіндегі, жастар арасындағы осы салада негізгі бағыт беретін күш – жергілікті атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының жұмыстарын жетілдіру және жандандыру маңызды. Зиянды әдеттерге итермелейтін басты себептер мен жағдайларды зерделеу және оларды қалпына келтіру қажет. Есірткіні қолжетімді болмауын, заңды күшейте отырып қадағалау қажет. Наркобизнес белең алуына жол бермеу керек. Салауатты өмір салтын ұстауға байланысты бағдарламаларды әзірлеп, енгізген жөн. Жастардың өз денсаулығына көзқарасының өзгеруі басқа да алдын алу және емдік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдетеді. Азаматтардың құқықтық сауаттарын арттыру үшін жағдай туғызу қажет.Әдетте психотроптық заттарды қолданатын және тарататын жерлерді бақылауға алу керек. Аула клубтарында, спорт секцияларында, қызығушылықтары бойынша клубтарда жасөспірімдер мен жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және осы мекемелерге тегін бару мәселесін шешу маңызды. Біздің мәдениетіміздің рухани – адамгершілік құндылықтары негізінде білім беру жүйесінде алкоголизмнің алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру мекемелерінің оқушылары мен ата-аналар үшін «Денсаулық мектебін» ұйымдастырған мақұл. Өскелең ұрпаққа адамгершілік тәрбие беруде отбасының жауапкершілігін ұғындыру үшін жұмыстар жасау қажет.

Елдің жарқын болашағы үшін, қылмыс атаулы болмауы үшін жастарды дұрыс қалыптастыру барысында тер төге еңбектену керек. Қоғамды дұрыс қалыптастыру үшін іс-шараларды үздіксіз өткізу маңызды. Қылмысқа алып келетін алкоголизм мен нашақорлық мәселесін тамырымен жою жолында ешқашан аянып қалуға болмайды!

Әлия ТҮГЕЛБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *