ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ТЕМІР ЖОЛ МАГИСТРАЛІ САЛЫНАДЫ

Экономика Қоғам
871 Views

Биыл Түркістан қаласынан Шымкент арқылы Ташкентке дейін жоғары жылдамдықты темір жолмагистралі салынады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығыменөткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.

Айтулы жобаның құрылысы 2021 жылы басталып, 2024 жылы аяқталатын болады.

«Биыл келешегі зор туристік дестинация ретінде экотуризмді, ұлттық парктерді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Осының аясында туристер легін арттыру үшін Түркістан-Шымкент-Ташкент бағыты бойынша жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады. Бұл туризм саласында 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, ішкі туристер легі 22 пайыздық өсіммен шамамен 4,5 млн. адамға жетеді. Жалпы ішкі өнімдегі туризм үлесі 5,2 пайыз болады», – деді Үкімет басшысы.

Айта кетерлігі, темір жол магистралінің жалпы ұзындығы – 260 шақырым болмақ. Жобаның құрылысы аяқталған кезде жолаушылар Түркістаннан Ташкентке екі сағат көлемінде жететін болады.

1500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ЖЕКЕ КӘСІБІН АШҚАН

Түркістан облысында «Бастау» жобасына қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Былтыр пандемия салдарынан кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн форматта өтті. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар «Atameken.соm» сайтында өтінім толтырып, өзіне ыңғайлы уақытта жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Оқыту уақытында қатысушыға кеңес беру үшін бизнес-тренер бекітілді. Пандемия кезінде өз ісін ашудан қорықпаған тыңдаушыларды мемлекет жеңілдетілген несиелер мен өтеусіз гранттармен қолдады.

«2020 жылы «Бастау» жобасы бойынша 3 676 адам оқудан өтті. Жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 1 500 түркістандықтың жобасы қаржыландырылған. Оның 720 млн. теңгесі – 1298 жобаны мемлекеттік грант есебінде қолдауға бағытталған. Ал 202 жобаға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие ретінде 791 млн. теңге бөлінді. Кәсіп ашқан жоба түлектері екі мыңға жуық азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде», – дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Мамандардың айтуынша, «Бастау» жобасы қатысушылары соңғы жылдары – ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласына ден қойылған. Атап айтқанда, өткен жылы қаржыландыру алған жобалардың 82 пайызы – ауыл шаруашылығына, ал қалған үлес – қызмет көрсету саласына тиесілі.

САЙРАМ АУДАНЫНДА АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ 100 ПАЙЫЗ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Түркістан облысы, Сайрам ауданында апатты мектептердің мәселесі 100 пайыз шешімін тапты. 2020 жылы ауданда 1,7 млрд. теңгеге 7 білім беру нысандарының құрылыстары жүргізілді. Оның ішінде, 1200 орындық екі жаңа мектеп, 300 орындық үш мектептің қосымша ғимараты пайдалануға тапсырылды. Тағы екі нысан 2021 жылға өтпелі. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында № 92 жалпы орта мектебіне 600 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Қарабұлақ ауылында үш тілде оқытатын 1200 орындық «Низамхан Сулайманов» атындағы жекеменшік мектеп ашылды. Жалпы, былтырғы жылы бюджеттен Қарабұлақ ауыл округіне барлығы 257,5 млн. теңге қаржы бөлініп, мақсатты игерілді.

2021 жылға 244,1 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті жобалар мен жұмыстарды іске асыру көзделіп отыр. Яғни, Қарабұлақ ауылындағы екі мектепке 17,1 млн. теңгеге қосымша оқу корпустарының құрылысының жобалық сметалық құжаттары әзірленеді. 62,5 млн. теңгеге екі көше орташа жөндеуден өтеді.

БИЫЛ КЕЛЕС АУДАНЫНДА 70 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Келес ауданының ағымдағы жылғы жоспарында аудан тұрғындарының сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым, сонымен қатар, аудан аумағындағы жолдарды жаңарту басты назарға алынған. Аудан аумағында жалпыға ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы мың шақырымнан асады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 260 шақырым.

Биыл жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделген. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 123 шақырымға жуық. 100 шақырымдай жол орта және ағымдағы жөндеуден өткен.

Бүгінде екі шақырымға жуық «KXSG-33 Бiрлiк – Қосөткел» автомобиль жолы жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 80 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш биыл едәуір артпақ. Елді мекендердегі ішкі көшелердің ұзындығы 700 шақырымнан асады. Оның 240 шақырымы орта жөндеуден өткен. Яғни, ішкі көшелердің 40 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.

2020 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Абай ауылы және Ақтөбе ауылдық округіндегі ұзындығы 23 шақырымды құрайтын 16 ішкі көшелердің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен ұзындығы 16 шақырым 16 көшеге және бір аудандық маңызы бар автомобиль жолы жөнделді. Сонымен қатар, 23 шақырымға жуық алты ішкі көшеге шағал-тас төселген.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30 шақырымға жуық Ошақты және Біртілек ауылдық округіндегі 15 ішкі көшелерді орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл аудан бюджет есебінен ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 14 ішкі көшелерге және бір аудандық маңызы бар автожолы орта жөндеуден өтеді. Және ұзындығы 22 шақырым болатын 9 көшеге шағал-тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА 379 МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында мал шаруашылығын асылдандыру бағытында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен 665 ірі қара мал сатып алынып, тапсырма 139 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасымен 2 мыңнан астам асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу жоспарланып, нәтижесінде 2 есеге артық мал басы алынды. Яғни жоспар 190 пайызға орындалды.

Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасымен 277 бас жылқы алу жоспарланып, жоспар 104 пайызға орындалған.

Аудандағы жалпы мал бордақылау алаңдарының саны – 379. Оның ішінде былтыр мал бордақылайтын 100 жаңа алаң ашылды. Нәтижесінде ауданның бордақылау алаңдарында 7 мың тоннаға жуық тірі салмақта ет өндірілді. Өнім Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының базарларында өткізілуде.

Сонымен қатар, ауданда 110 сүт фермасы бар. Қазір мұнда 2 мың бас сиыр сауынға байланған. Сүт фермаларында тәулігіне 4 355 тонна сүт өндіріледі. Өткен жылы 22 сүт фермасын ашу жоспарланып, іс жүзінде 26-сы ашылды. Жоспар 124 пайызға орындалды. Сонымен қатар, өткен жылы жоспарланған 3 құс фермасының орнына, 5 құс фермасы іске қосылды.

Биыл Ордабасы ауданында мал шаруашылы мен құс өсіруді дамытуға басымдылық берілуде. Бұл ретте, ауданда орналасқан ірі кәсіпорындар мен жергілікті шаруалар арасында кәсіпорындарды мал азығына қажетті шикізатпен қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жандандырылатын болады.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАҢА ОҚУШЫЛАР ҮЙІ САЛЫНАДЫ

Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйі бой көтеретін болады. Заманауи жаңа ғимараттың былтыр жобалау жұмыстарына тапсырыс берілген.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру қолдау тауып отыр. Оқушылар үйінде жеңіл атлетика, еркін күрес, қолөнер бағытында «мүсінші», «тігінші» және тілдік бағытта «өнерлі бала» үйірмелері жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, ескі аудандық оқушылар үйінің ғимараты 1937 жылы шахта жұмысшылары үшін жатақхана ретінде салынған. Соғыс жылдарынан кейін ғимарат қалалық №7 бастауыш мектебіне, 1960 жылдан бастап №5 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып оқушыларына берілген. Ал, 2010 жылдан бері аудандық оқушылар үйі ретінде қолданыста. Онда оқушыларға үйірме жұмысын жүргізуге ғимараттың бөлмелері жеткіліксіз болған. Сондықтан заман талабына сай оқушылар үйі бой көтермек. Жаңа білім ұясы Төлеби ауданы оқушыларының білім көкжиегін кеңейтуге сеп болары анық.

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аумағы абаттандырылады. 2021 жылдың соңына дейін 1 мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің аулалары жаңаратын болады. Бұл жұмыстарды атқаруға аудандық бюджеттен 150 млн. теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Ықшам аудан аумағындағы 7 мың шақырымға жуық жерге жол төселіп, бордюрлер жаңарады.

Сонымен қатар, көшелерге 100-ге жуық жарық шамдар орнатылмақ. Айта кетейік, аталған мөлтек ауданда екі спорт алаңдары, төрт балалар ойын алаңдары мен стрит воркауттар, тренажорлар орнатылмақ.

Жалпы, Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 91 көпқабатты үй бар. Тұрғын үйлер 43 аулаға біріктірілген. Өткен жылы қаладағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылған. Биыл тағы 27 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңын орнату көзделуде.

«ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫ» ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Түркістан облысы әкімі Ө.Шөкеев тапсырмасына сәйкес «Ұлттық мектеп лигасы» аудандарда жалғасын тапты. Ордабасы ауданында оқушылар арасында волейболдан жарыс өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған сайыс мектепішілік, аймақтық, аудандық болып спорттың 9 түрін қамтиды. Ең бастысы спорттық додада қатысушылар арасында арақашықтық сақталып, барлық санитарлық талаптар орындалған.

Спорттық жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – балалар мен жасөспірімдер спортын кеңінен насихаттап, дамыту. Мектеп жасындағы оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, балалардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру.

Сайыс қорытындысымен, ұлдар арасында «Төрткүл» жалпы орта мектебінің оқушылары жеңіске жетті. 2-орынды Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектебі, 3 орынды А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектептері иеленді. Ал, қыздар арасында 1 орынды Ө.Тұрманжанов атындағы жалпы орта мектебі, 2 орынды Жамбыл атындағы жалпы орта мектебі, 3 орынды Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары ұтып алды. Жеңімпаздар мен жарысқа қатысушылар диплом, медальдармен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *