БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАРҒА ЕЛБАСЫНЫҢ АЛҒЫС ХАТЫ ТАПСЫРЫЛДЫ

Қоғам
1 137 Views

Түркістан облысының аудан, қалаларында азаматтарды Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапаттау рәсімі өтті.Марапаттау іс-шарасы Түркістан қаласында да ұйымдастырылды. Жиында «Nur Otan»партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары БейсенТәжібаев партияның жұмысына белсене атсалысып, ел бірлігін нығайтуға үлесқосқан азаматтардың еңбегіне тоқталды.

«Биыл елімізде аса жауапты сайлау өтті. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат құрамы жаңа тұлғалармен толықты. Осы ретте елдің басым бөлігі өз таңдауын жасап, «Nur Otan» партиясына қолдау білдірді. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жаңғырту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, өңірлерде ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан облысында да партияны жаңғырту, оның жұмысын жандандыру бойынша бастамалар қолға алынды. Сайлаудың қорытындысымен облыста «Nur Otan» партиясы 81 пайыздан астам дауыс жинап, облыстық мәслихаттағы 45 мандаттың 37-сін жеңіп алды. Бұл ортақ жеңіске Сіздердің де қосқан үлестеріңіз мол. Сіздер облыстық штаб құрамында күрделі әрі жауапты қызметті абыроймен атқардыңыздар. Міне, осы еңбектеріңіз ескеріліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты тапсырылып жатыр. Баршаңызды осы марапатпен құттықтаймын! Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі сәтті жемісті еңбекпен, сергек көңілмен қарсы аламыз деп сенемін», – деді Б.Тәжібаев.

Үгіт-насихат кезеңінде партия үміткерлері 4000-ға жуық іс-шараға қатысып, 220 мыңдай үйді аралап шықты. Негізінен облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» депутаттық корпусына кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп саласы, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдері және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері енді. Сонымен бірге 1 көпбалалы ана да мандатқа ие болды. Жалпы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарды қосқанда облысымызда «Nur Otan» партиясы 263 мандатты иеленді. Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 60 пайызға жаңарды. Орташа жасы – 47, яғни 4 жылға жасарды. «Nur Otan» фракциясының жаңа құрамының 30 пайызға жуығы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.

Марапатқа ие болған партия белсенділері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз алғыстарын білдірді.

«Ел мүддесі жолында еңбек етуге, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысамыз», – дейді олар.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Түркістан қаласында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды аталған кеңестің мүшесі, профессор Әміреқұл Әбуов жүргізіп отырды. Ол 10 қаңтарда елімізде кезекті сайлау өткенін, мемлекетіміз демократиялық жолмен даму бағытындағы маңызды қадам жасағанын атап өтті. Елдің өз таңдауын жасап, саяси додада «Nur Otan» партиясының жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары бойынша да келелі ойлар айтылды.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлының айтуынша, 2020 жылы Түркістан қаласында Амфитеатр мен «Конгресс холл» көпсалалы кешені пайдалануға беріліп, 1 ауылдық кітапхана ашылған. Биыл «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Ясауи» музейі, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы пайдалануға беріледі.

Облыста 2 кәсіби театр жұмыс істеп тұр. Театрлар мен филармония Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты аудандар мен қалаларға, ауылдарға «Ауылым саған, өнерім» атты 30 гастрольдік іссапарлар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Биыл өткізілетін іс-шаралар негізінен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Түркістан қаласында өтетін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Саммиті аясында ұйымдастырылатын болады. Атап айтқанда, «Театр көктемі-2021» түркі халықтарының театр фестивалі, «Түркістаным – Тұраным» түркі суретшілерінің симпозиумы, «Түркілер төрі – Түркістан» түркі әлемі ақын, жазушыларының кездесуі және кітап көрмесі, «Алтын сақа» түркі әлемінің анимациялық фильмдер фестивалі, «Сәлем саған, Түркістан» түркі халықтарының өнер фестивалі өтеді. Әр аудан, қалада бір-бір облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Әрине бұның бәрі алдағы жағдайға байланысты. Егер пандемия тоқтайтын болса, жоспар толық орындалады. Ал күрделі жағдай сақталса, карантиндік ережеге бағынамыз», – деді А.Темірханұлы.

Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев мәдени-рухани іс-шаралардың мазмұнын байыту, идеялық және идеологиялық маңызын арттыру жөнінде ұсыныс берді. Ақындар айтысын ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Түркістанның тарихынан сыр шертетін жаңа кітаптар шығарудың да маңызды екенін атап өтті.

Ақын, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков тек ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шектеліп қалмай, ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларын, қазақ баспасөзінің қарашаңырақтары саналатын «Айқап» журналының 110 жылдығы, «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық айтулы мерекелері де назарға алынса деген пікірін білдірді.

Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Айдар Сейдәзім «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 80-ге жуық іс-шаралар жоспарланғанын мәлімдеді.

«Мирас» кеңесінің мүшелері карантинге байланысты көптеген жобалар қысқарып, бірқатары онлайн режимде өткеніне де тоқталды. Дегенмен өңірдің зиялы қауым өкілдері рухани және мәдени саланы дамыту бағытында жұмыстар бір сәтке де толастамауы керек деген тұжырымға келді.

Кездесу соңында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары ұсынылып, қабылданды.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БИЫЛ ЖАҢА ҚЫШ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ордабасы ауданында мемлекеттік индустриаландыру картасы аясында биыл 29 млрд. теңге құрайтын 465 жаңа жұмыс орнымен 4 жоба іске қосылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Standart Petroleum & Co» ЖШС-нің жылдық қуаттылығы 1 млн. тонна мұнай-химия өңдеу зауытының І кезеңі іске қосылып, 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. «RZN» ЖШС-нің бетон өнімін өндіру жобасы 150 жұмыс орнымен іске асады. Сондай-ақ, «NA Constraction» ЖШС-нің 100 жұмыс орнымен жаңа технологиялы қыш зауыты жобасы мен «Александровский сад» ЖШС-нің 15 жұмыс орнымен көкөніс сақтау қоймасы.

Ағымдағы жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 51 млрд. 475 млн. теңгеге жеткізіліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 114,9 пайызға артады деп күтілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар: «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы, «Бизнестің жол картасы-2025» аясында және Микро қаржы ұйымдары арқылы игерілетін инвестиция көлемін 17 млрд. 444 млн. теңгеге ұлғайту жоспарланған.

Айта кетерлігі, аймақтағы жалпы өнеркәсіп өнім көлемін 2021 жылы 22 млрд. 800 млн. теңгеге, ал өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін 20 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Өнім көлемі негізінен индустрияландыру картасы аясында іске асқан инвестициялық жобалардың өндіріс қуаттылығын жүктеуі есебінен артатын болады.

ЖАҢА ЗАҢНАМА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар маңызды жаңа заңнамалар қабылданды.Мәселен, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталғанадамдарға бұдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйымсалынып отыр. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініңТүркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары МирасҚарғабай Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

«Жаңа заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігі тоқтатылады. Бұл арқылы жемқорлардың артықшылықтары жойылады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Пара алушы мен пара беруші үшін де заң қатаңдатылды», – деді Департаменті басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, брифингте автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға бағытталған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы баяндалды. Атқарылған мониторинг нәтижесінде жол сапасын бақылау жұмыстары барысында облыста былтыр жалпы саны 114 заң бұзушылық анықталып, оның 97-сі, яғни 86 пайыз кемшіліктер қалпына келтірілген.

Баспасөз мәслихатына қатысқан «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Мұхит Ахметов жолды сапасыз салған мердігер мекемелерге айыппұлдар салынып, кейбірінің аттестаттары тоқтатылғанын айтты.

«Егер де жол саласында қандай да бір бұзушылықтар анықталса, біздің Орталыққа 8-7172-739-739 телефон номеріне хабарласуға болады. Не trk.info@sapaortalygy.kz электронды поштасына хат жазып, шағымдануға мүмкіндік бар», – деді Мұхит Тұрмысбекұлы.

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Жетісай ауданы Абай ауылдық округінің дихандары жылдағы әдетпен көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Ерте өнім алу жағынан оқ бойы озық ауылдық округтің бірі болып саналатын Абай ауылында, жалпы ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын 2165,3 гектар жер бар. Оның 300-ге жуық жеріне қырыққабат, 400 гектарына мақта, қалған бөлігіне бау-бақша дақылдары егіледі. «Күн райы жылығаннан бастап егістік алқапта жұмыс істей бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер диханшылықта 1 күннің өзі көп нәрсені шешеді. Ертең өкініп қалмауымыз үшін биыл жылдағыдан 1 апта ерте бастадық. Өзімнің иелігімдегі 20 гектар алқапқа осы жылы да қырыққабат көшеттерін отырғыздым. Еңбегімізге қарай былтыр жақсы өнім алдық. Биылғы жылдан да үмітіміз көп» дейді «Алтынбек ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұркен Өтешов

Сондай-ақ, Жолдасбай Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Жаңа Дәуір» ауылының дихандары ерте пісетін қырыққабатты тамшылатып суғару бойынша егуді қолға алып отыр. Жер иесі Нұрбол Әметовтың айтуы бойынша, тамшылатып суғару өте тиімді әдіс. Тамшылатып суғару жүйесі арқылы өнім алу көлемін 2 есеге арттыруға болады дейді. Ал Жетісай ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абуов Марат «Алдағы уақытта Жетісай ауданы бойынша осы әдіспен егілетін егіс көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», – дейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *