КЕК (РОМАН)

Әдебиет
224 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Қимылы ширақ Тоқаш атып тұрды.

– Дұрыс айтасың, Ораз! Әлгі игі жақсылардың әмбе Алаш баласына айтқаны жөн бе, теріс пе, енді оны саралау кеш. Өйткені халық атқа бұрынғыдай көкпар, бәйге шабамыз деп қонған жоқ, қару алып, өзіне қасірет төндірген жаумен соғысамыз деп қонды. Қару алған жігіт не өлем, не өлтірем деп шабады. Бүгінгі қазақ осы екі таңдаумен ту көтеріп тұр. Осындай бір қимылдап қалар тұста керіге тартпалық. Ит ырғылжыңмен күн кешкенше, жолбарысша алысып, аю орыстың аузын одан әрмен қабалық. Әйтпесе, елу жылдан бері қазаққа зорлығын сіңдіріп, баршамызды малай-құлға айналдырған отаршыл патшаның жендеттері бізді бұдан былайғы мың жылда да, жалшы-қосшы санай бермек. Өз жерімізде өз маңдайымызға құлдық жазылатындай, Құдайдың қай қаһарына ұшыраппыз. Қай заманда да жасық – мерейден, қорқақ – жеңістен құр қалған. Маңдайымыз тауға, басымыз тасқа соғылса да, қайсымыздың да осы жолы алған беттен таярға жөніміз жоқ.

 Осы сөзден арқалары қозып, рухтары көтеріліп, айналадағылар гуілдесіп, Тоқашты қуаттап, гуілдесіп кетті. Осы кезде күнгей беттегі қырдан құйғыта шапқан екі атты көрінді. Аттары ақ көбікке малынған олар әп-сәтте жетіп келді. Бастырмаға жете бергенде, аттылардың бірі «Омарбек, Омарбек!» деп айқайлады. Оны таныған Омарбек: «Не болды, Тасыбек, жайшылық па?» деп орнынан көтерілді.

– Жайшылық емес, Омарбек, – деді аттан секіріп түскен ол. – Қырғын қарулы орыс өтрәді Қаскелеңнен асып, тура осылай беттеп келеді. Жүрістері суыт, түрлері қаһарлы. Естуімізше, жол-жөнекей түбіндегі қазақ ауылдарын аямай шауып, қанға бөктіріпті. Осыны естіген бойда, төте жолмен тура өздеріңе шаптық.

– Саны қанша екен, байқай алдыңдар ма?

– Нақты байқай алмадық. Шамалауымызша, екі жүз қаралы.

Соғыс пен атысты көрмеген Ораз бен Тоқаш алғашқыда қатты тосылды ма, кім білсін, үн шығармай тұрып қалды. Есесіне, талай сұрапыл сәттерді бастан өткерген Омарбек айқай салды:

– Нүке, Мойнақ, Қашаған, міне, бірінші рет нағыз күшті жаумен бетпе-бет келетін кез кеп тұр! Әрқайсың өз жігіттеріңді тезірек атқа қондырыңдар! Бекболат ақсақал бата беріңіз. Сарбаздарын топтап, біз жауды төбе үстінде қарсы аламыз.

Үлкенсаздағы көтерілісшілердің қатарында төрт жүздей жігіт неше күннен бері сақадай-сай отырған. Мұндағы топқа бас сардар Омарбек-тұғын. Әр жүздікте тағы бір-бір басшы бар. Әр сардар өз қарауындағы жігіттерді демде-ақ атқа қондырып үлгерді. Төрт жүздей жігітте екі жүзге жуық мылтық бар. Мылтықтар орыстікіндей мықты болмаса да, жетпіс-сексен қадамдағыны мұрттай ұшыратын күшке ие. Осының өзі көтерілісшілердің дәтіне қуат, көңіліне күш. Берной әскері екі жүз болса, төрт жүз сарбаз оларға дес бере қоймас.

Аттарын бүлкілге салған сарбаздар Шамалғанның үстіндегі қырға тез жетті. Қырдың үсті – тауға қарай созылып жатқан жазық. Жазықтың ортасында бір сай бар. Сайдан кейін төбе ары қарай тағы жалғасады да, бір ұшы Сәт жайлауына барып бірақ-ақ тіреледі. Омарбек төрт жүз сарбазды қыр үстіне шашырата жазып, шеп құрғызды. Мылтығы бар сарбаздарды төбе жиегіне қатарластыра тізіп, назарларын алдыңғы жақтан алмай, сақ жатуларын бұйырды. Қалған сарбаздарға ат үстінен түспей, керек кезде бірден қолма-қол айқасқа шығуға дайындалып тұрыңдар деп пәрмендеді.

Сарбаздарын осылай дайындап, ары-бері шапқылаған Омарбектің көзі бір кезде сай табанында бұқпалап кетіп бара жатқан төрт орыс солдатын шалды. Олардың шолғыншы солдаттар екенін бұл бірден сезді. Шолғыншылардың төбе үстімен жүрмей, неге сай жағалап бара жатқандарына әрі төртеуінің еш жаққа алаңдамай, жайбарақат жүрген жүрістеріне таңданды. Таңданып тұрып, не істеу керектігін ойлады. Дереу Нүкені шақырды.

– Қайткенде де, шолғыншыларды қолға түсіру керек, – деді оған.

Екеуі ақылдасып үлгермеді, алдыңғы жақтан дауыс шықты:

– Омарбек… Омарбек қайда?!

– Алдыңғы жақтан солдаттар көрінді!

– Жігіттер, жау жақындап қалды!

– Ойбай, мылтықтарыңды дайындаңдар!

– Нүке, алдымен мына төрт шолғыншының көзін құрт! – деп бұйырды Омарбек.

Қазақтардың айқай-шуын құлақтары шалған төрт шолғыншы аттарының басын кілт кері бұрып, құйғыта шапты. Омарбектің қолындағысы анада солдаттардан олжалаған орыс винтовкасы еді. Шолғыншылардың алдыңғысын бір атып, домалатып түсірді. Одан соң екіншісін омақастырды. Серіктерінің оққа ұшқанын көрген қалғандары қулау екен, ат жалына жабысып, ары-бері ирелеңдей шауып, демде ұзап үлгерді.

Мылтық даусын естіген орыс отряды қалт тоқтады. Бұл кезде әлгі екі шолғыншы отрядқа жетіп үлгерген. Көтерілісшілер көріп тұр, екі шолғыншы отрядтың алдындағы офицерге қолдарын сермей, әлденелер айтты. Офицер қылышын аспанға көтеріп, солдаттарға алға шабуылдауды бұйырды-ау. Әлбетте, оның сөзі қазақтарға жеткен жоқ, бірақ екі жүз әскер бастықтары сияқты бәрі бірден қылыштарын аспанға көтеріп, гуілдесе алға шапты. Қылыштары күнге шағылысқан, арқаларына асынған мылтықтарының ұшы шошайған солдаттар әп-сәтте төбе маңына жетіп қалды. Тағы да топтаса жеткен жоқ, екі қанатқа жайыла шауып жетті.

Солдаттар қазақтарды тек қылышпен-ақ турап тастаймыз дегендей ме, қалай, бір оқ атпай жақындады. Омарбек мылтықты сарбаздарын төбе жиегіне ұзыннан-ұзақ жатқызып қойғанының пайдасы осы кезде анық байқалды. Солдаттар дүркірете шауып, бұларға елу қадамдай жақындағанда Омарбек атуға бұйрық берді. Екі жүздей мылтық бірдей гүрс етті. Екпіндеп келе жатқан солдаттардың алдыңғы шебі қирап түсті. Арт жақтан құйғытқандар омақаса құлаған алдыңғыларға соғысып, отрядтың бір демде шат-шәлекейлері шықты. Әскерлер айқай-сүреңге басып, біреулері мылтықтарын қолдарына алып, алға қарай беталды ата бастады, ал біреулері өлген, жараланғандарына қарамай артқа қашуға ұмтылды.

Солдаттардың мылтықтары зор болғанымен, шетінен соғыс көрмегендер. Момын қазаққа, қорқақ қазаққа мылтық жұмсап, қорқытқанына мәз болып жүргендер, одан қалса, қарсылас көрмеген, жұлысар, атысар жақ тап келсе, ұрыс тәсілін қалай жүргізуді де білмейтін кілең шала жауынгерлер ме, әйтеуір, жөнді қарсылық көрсете алмады. Десе де, солдаттың аты солдат. Соғыс көрмесе де, әйтеуір, жаттығуда мылтық атып, қылыш шауып жүрген әскерлер ғой.

Ал қазақтар жағындағы жігіттер соғыс жаттығуы түгіл, көбісі бұрын мылтық дауысын да естімеген. Соған қарамастан, бүгін қазақ жігіттері ер шықты. Бәлкім, беталды шауып келіп, маңдайы тасқа тиген солдаттардың онша қарсылық көрсете алмағандығы өр күш берді ме, бәрі бірдей батылданып кетті. Отряд қаша бастағанда ат үстінен түспей тұрған жігіттер алға лап қойып, қашқандарды қуалай соқты. Жан беру оңай ма, солдаттар да алысып-жұлысуға кірісті. Кейбірінің атқаны сарбаздарға дөп тиіп жатты. Бірақ қарсылық әрекеттері бейберекеттікке ұласты. Табандап соғысудың орнына мылтығын бір атып, қылышын бір сермеп, әр жыра, әр арыққа бой тасалай қашты. Ойпырмай, мылтықты майданға бірінші түссе де, жанындағылардың бірі сұлап, бірі тоңқалаң асса да, әруағы қозып кетті ме, қазақ қолы қайтпады. Қашқан солдаттардың бірін желкеден, бірін қарақұстан сойыл-шоқпарларымен соғып, мұрттай ұшырып жатты. Отрядтың қатары сиреген сайын кейбір жігіттер одан бетер өршеленіп, ұранға басты:

– Атаңа нәлет ит солдат, қорлығың өтті ғой әбден!

– Ер екенсің, қашпай, айқас менімен!

– Мықты болсаң, сойылдасып көр!

Отряд қашқан жолдың ортасында бір кең жыра бар екен. Оқ-сойыл тимеген, жараланса да жүгіруге қауқары бар солдаттар қашып жыраға тығылды. Жеңіске масайраған әрі бастаушы сардарлардың пәрменіне құлақ аспаған жүздеген жігіт әскерлерді ізбе-із қуалап жыраға жетті. Осы жерде сәл ес жиған отряд жата-жата қалысып, мылтықтарын атуға дайындап үлгерді де, арттарынан келген қазақтардың бірсыпырасын сұлатып тастады. Бірақ жүздеген аттылы қазақтарды қиратып тастайтындай олардың саны көп емес-ті. Кешікпей-ақ, жөңкіген аттылылардың нөпірі ту тала­пайын шығарды.

Жеңістеріне масаттанғандары сондай, алғашқыда қаншауының өліп, қаншауының жарақат алғандарына мән де бермеді. Тек біраздан кейін жаралылардың қатты қиналған, ойбайлаған дауыстарын естігенде ғана көңілдері сап басылып, жан-жақтарына назар аударды. Сөйтсе, өліктер де, жаралылар да мол екен. Елуден аса жігіт қатардан шығыпты. Біреуінің бауыры, біреуінің туысы, ал енді барша сарбаздардың сапындағы қаруласы шейіт кеткен, не оңбай жараланған. Мұндайда қазақтың кеудесінде жеңіс қуанышының шаттығынан гөрі бауырға деген жанашырлық сезімі тез оянады. Содан ба, күллі сарбаздардың көңілдерін ауыр қайғы басып, айнала тынши қалды. Дегенмен, соғыс дүрбелеңі кезінде сарбаздар ұзақ қайғыға түсіп, бауыр-жүректері езіле, жүнжімеулері ләзім. Олай еткенде, сарбаздан батылдық пен қайсарлық қашады. Осыны білген Омарбек топтанған сарбаздардың тура ортасына атып шықты:

– Бауырлар, қылыштың сусылымен бірге ажал, мылтықтың гүрсілімен бірге өлім жүреді. Басын тәуекелге тіккен әр азамат алдында аман қалумен қатар өмірмен қоштасатын сәт барын да ұғынуы шарт. Бүгінгі оқ-шоқтан біріміз аман, біріміз өлі шықсақ, бұл – соғыстың қатал заңы! Өлім құшқан бауырларымыз біздің мерейлі жеңісімізге үлес қосқан шейіттер! Құдай олардың иманын, тасыған өзен сел болар, ал біздің саулығымызды берсін! Жеңіс – шығынсыз, қуаныш – құрбансыз болмайды. Өліктерді жинап, жаралыларға көмек беріңдер! Әрқайсын өз ауылдарына апарыңдар!

Көтерілісшілердің осы бір аз ғана жеңісінің мақтанышпен қатар бастарына түскен қайғыларын сипаттау қиын еді.  

ТАСЫҒАН ӨЗЕН СЕЛ БОЛАР

Расын айтқанда, бұл жеңіс бүкіл Жетісуды дүр сілкіндірді. Бекболат Әшекеұлы бастаған топқа жан-жақтан жұрт ағылып қосылып жатты. Омарбек, Сатай, Мақти, Тоқаш, Нүке сынды ерлердің ерліктері аңыз болды. Шайқаста өлім көп болып, қара жамылған қауым қайғыдан қан жұтқан. Бірақ қарсыластардың барлығын жер құштырған көтерілісшілердің ерліктері Жетісудағы күллі қара қазаққа мерейлі шаттық сыйлады. Қазаға ұшыраған бауырларын жоқтаған қайғыны жеңілдетті, алдағы күндерге қанаттандырды. Арада екі-үш күн өткенде Тоқаш Омарбекке айтты:

 – Іртік-іртік қол, жер, ауыл ыңғайына қарай бөлек-бөлек сарбаз құраған қазақ – бұлайша дегеніне жете алмайды. Әнеукүнгі оқиғадан кейін Верный ұлықтары енді тыныш жатпайды. Фольбаумға аз ғана отрядының жеңілгені түк емес болғанымен, ол бұған қатты намыстанып, ызғарлы қаһарына, ашулы күшіне енді мінеді. Иә, сөз жоқ, солай болады. Ондайда бұл жеңіске мәз болған қазақ тұқымының, ақиқатын айтқанда, күні ертең қараң. Қазір әр сардар өз туысының намысын күйттеп, алысты көрмей жүр. Жеке жортқанды орыстың оңай жұтатынын да пайымдамайтындай. Бүгінде күллі Жетісудағы барша Ақарыс баласы өзендей тасып, селдей лықсып тұр. Тасыған өзен, лықсыған сел ештеңеге қарамайды, жолындағысын жайпап кетеді. Бірақ орыстың мықты әскерінің алдында түбі арыны жайылып, ағыны басылып қалмасын десек, дереу қазақ-қырғызға шабарман жіберіп, ортақ күшті бір жерге шоғырландырайық, – деді.

Көтерілісшілер қосынындағы бас көтерер сардарлардың барлығы Тоқашты мақұлдады. Ертесіне барлық сарбаздарымен бірге Жайылмыстағы Бекболатқа қосылуға баратын болып келісті. Ниеттеріне орай сол күні түс қайта көтерілісшілерге дем беріп, көмектесіп жүрген Ырғайты болыстығының Есенкелді старшыны келді. Қасында қырыққа жуық жігіті бар. Келе сала, Тоқаш пен Омарбектің әнебір күнгі ерліктерінің даңқына разы болып, көп әңгіме айтты. Омарбек одан сыр тартпақ ниетпен, тосындау сұрақ қойды:

– Өзіңіз тұрғылас болыс-старшындардың базбірі қайтсек те патша жарлығын орындаймыз деп, алашапқын боп жүр. Сізді қарсы топқа қосылуға не мәжбүрледі?

– Елден бөлінген жалтақ та қорқақ, сана-пайымы соқыр, жағымпаз болыс-старшындар жүре берсін, өз туысының, елінің наласына қалып. Ертең жұртқа қай беттерімен қарар екен. Рас, мені де үйездегі орыс бастық старшын қып қойды. Заң-зәкүн, тәртіп бойынша мен де оның пәрмен-ниетіне орай қызмет қылмаққа тиістімін. Сөйтсем де, орыс ұлықтары ағайын-жұртымның басына зұлмат төндіріп, жөнсіз қыспаққа алған шақта, қандасымның қамын күйттедім.

Есенкелді тереңнен біраз сыр тартты. Анада бүкіл Ырғайты, Қордайдан болыс-старшындарды үйез бастығы шақыртыпты. Әр болыстықтан, әр ауылдан майданға алынуы шарт азаматтардың он-он бес күнде аты-жөндері қатталған тізімді әкеп тапсыруды, ал жігіттерді аттанатын күнге дайындап, бірден кедергісіз жөнелтуді бұйырыпты. Былай шыға бере, елжанды, намысты болыс-старшындар ақылдасыпты. «Бағзыдағы орыс патшалары бізді өзіне қаратқанда мұсылманнан әскер алмаймыз деп ант берген. Қазіргі патша сол антты бұзды. Патша бақташы болып, қазақты қалай айдаса солай жүретін малға айналдырды. Айналдырып қоймай, бүгінде қазаққа қысымын арттырды, қорлығын үдетті. Бұрын заң ережеде әр түтіннен алынатын салық 1 сом еді, үш жылдан бері ұлғайып, 3 сом 40 тиынға жетті. Әр он түтіннен алынатын бір қой бес қойға көтерілді. Астық салығы бір пұттан екі қадақ болатын, оны жарты пұтқа жеткізді. Жайылым үшін алатын ақыны да қымбаттатты.

Бар бүлікке бастаған – патшаның өзі. Басы бүлікке іліккен ел – басын қысқан ноқтасын кеңейтіп, іләжі болса, одан мүлдем сыпырылғысы келеді. Ондай бостанға, еркіндікке бастар жол – патша ағзамның жер-жердегі қорқақ ұлықтарына қарсы тұру, жөнсізін жөн сөзбен ұғынғысы келмесе, жон арқасын тілгілейтін қамшы арқылы сөйлесу. Көрсеткен қорлығына қайтарылатын ызаның қандай болатынын, басқа салған қысымына қарсы күресудің қандай болатынын көрсетпеу керек.

Ұлықтар мен ояздардың бұрын қазақ өз арасында шешетін салт-дәстүріне де араласып, тұмсығын тықпаған жерлері жоқ. Ертеректе бала оқытатын молдаға әр түтін тапқанын беретін. Алдыңғы жылы үйез бастығы бекіткен пәрменге сай әр түтін ауыл мектебінде оқитын әр шәкірт баласы үшін молдадан бөлек үкімет қазынасына бір сомнан төлейтін болды. Базар нарқын делдалдар анықтаушы еді, былтырдан үйездің шаруа бөлімі нақтылап жүр. Той-көкпардың салығын да бекітіп қойған. Тұрмыс қиындады, аттап бассаң, орыстың заң-зәкүні алдыңды орайды.

Екі жылдан қазақ жайылымға екі-үш есе ақы төлейтін болды. Орыс ауылында бір мал ұрланса, қазақтан көреді. Мылтығын шошайтқан жаман мұжық ауылға кеп, ойран салатыны әдепкі жағдайға айналды. Ұлықтың бәрі – парақор. Көмейіне қанша тықсаң да, жұта береді. Онысының қайтарымы, қайырымы жоқ. Енді келіп, елдің бетке ұстар мықты жігіттерін сұраусыз жинап, кәпірлер арасындағы мұсылманға беймағлұм соғысқа жібермек.

Қазақтың жері – ата-бабадан қалған өз жері. Кеше келген орыстар оған қазақтың малы жайылғаны үшін неге ақы алуы керек. Кеше келген қарашекпен сары орыс неге бар тараптан басынуы керек. «Көп асқанға – бір тосқан». Есіріп, бетімен кеткеннің көкірегін басып, тұмсығын бір қайырмақ шарт…».

Есенкелдінің айтуынша, ел жақсылары осылай серттесіпті. Омарбек қарап отырса, ол тұлғасы батырға тән, сөзден гөрі іске жақын екені сөзінен қозғалыс-қимылынан білінетін адам екен. Одан соң адам танитын еректігі, көкірек көзі ояу, сөз ұшығын түйетін ділмәрлығы салған жерден байқалды. Әңгімесін де былайша түйіндеді:

– Бұратана атанып, ата-бабасының жерінде бөтенге айналған, жаттан жатбауырлық көріп езілген қазақтың тұяқ серпер күні бір туды, міне. Жағамыз жыртылса да жағымыз жарылмауды, етегіміз ашылса да, намыс сапарында сағымызды сындырмауды түптеп, ту көтерген сендерге ілесуді жөн таптық.

Басқа сардарларды кім білсін, саптарына дәл Есенкелдідей көреген сөзді, батыр мінезді адамның жорықтас дос, жаһаттас серік болып қосылғаны Омарбекті қатты серпілтті. Әлбетте, Омарбекке сапқа қосылған әр жігіттің қадамы қуаныш. Алайда, дүлейлі шақ, сапырылысты кезеңде әр жақсылықпен қатар бір қайғылы хабар да келіп тұрады. Сардарлар Есенкелдінің әңгімесін Үлкенсаздатыңдап отырғанда төменгі Үшқоңыр жақтағы Бекболаттың қолынан бір жаушы келді. Жаушы «кеше түс қайта Бекболат қолы Қаскелең төңірегін үш жүздей орыс отрядымен соғысыпты. Шайқастың қатты болғаны сондай, екі жақтан да шығын көп болыпты. Көп жігітпен бірге Бекболаттың ең сенімді серігінің бірі – Тайкелтір батыр да шейіт кетіпті. Бірде Омарбектен, бірде Бекболаттан беті қайтқан Берной әскері енді мықтап күш біріктіруге кірісіпті. Сол үшін де, Бекболат ақсақал Шиен мен Самсыдағы, Қордай мен Тарғаптағы, жалпы, атқа қонған барлық қазақ ауылдарындағы жігіттер тез Үшқоңыр маңындағы Алмасайға жиналуы керек екен» деген хабар жеткізді.

– Омарбек, Бекболат қария әсіресе саған тез жетсін! – деді жаушы сөзінің соңында.

 Омарбек тобы Үшқоңырға сол күні-ақ аттанып кететін еді. Бірақ алдыңғы күні Ораз Верныйдағы жаңалықтарды біліп келуге Абдолланы жұмсаған еді. Келісім бойынша, Абдолла бүгін қайтуы керек. Сардарлар соны күтіп отырған. Омарбек оны күтпей-ақ жігіттерге атқа қонуды пәрмендеді. Араға Ораз килікті:

– Омарбек, асықпашы, жарты күннің арысы-берісі не? Абдолланы күтейік. Мүмкін ол бізге тиімді жаңалық әкелер.

Төтенше жағдай төніп тұр. Күн батар кезде Абдолла жетті қос атты алқындырып. Жүзі түнеріңкі тым әбіржулі. Бір кесе мұздай суды сіміріп алды да, маңдайы мен бет-аузын басқан терді сүртті.

– Ой, жігіттер, ахуал жаман, – деді сосын – Патша бүкіл Түркістан, оның ішінде Жетісу өлкесіне «Военное положение» енгізіпті. Осы положениеге байланысты Верныйға Қапалдан, Семейден, Жаркенттен қосымша әскери күш тартылыпты. Алдағы бес-он күнде Омбыдан шыққан әскер де жетпек екен.

– Бойнный пөліжене деген не? – деді Есенкелді старшын.

– Бір жерде соғыс болса, сол жерді «соғыс жағдайындағы жер» деп атайды. «Военное положение» деген – сол мағынада. Бірақ патша мен губернатор өз елінің ішінде соғыс жағдайын енгізгені несі? Сонда қазақ патша халқын сырттан соққан дұшпан армиясымен қатар санағаны ма?

Бұл сұраққа көтерілісшілер арасынан жауап беретін кісі екібастан жоқ. Ал Абдолла жеткізген екінші хабар бұдан да қауіптірек болып шықты. Фольбаум Омбыдан келетін әскери көмектен басқа өз құзырындағы барлық күшті жұмылдырып, көтерілісшілерге қарсы 16 зеңбірек, 47 пулеметпен қаруланған арнайы жиырма рота жаяу, бір жүздік атты әскер, екі жүзге жуық барлаушы командасын жасақтапты. Қазір осы әскерлер Верныйдың батыс тұсындағы Қапшағай жазығында жаттығу өткізіп жатыр екен. Бұларға әлі Омбы жақтан келе жатқан әскер қосылып, алапат күшке айналмақ екен.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *