КЕЛЕСТЕ ҚОЙМА САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Экономика
401 Views

Түркістан облысы, Келес ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы аудандық қоғамдық кеңестің есеп беру жиынында айтылды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мәлімдеуінше, жалпы құны 650 млн. теңгені құрайтын бұл жоба жеке кәсіпкер Нұржан Умаровтың бастамасымен қолға алынуда. Егер жоба нақтыланатын болса, 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Сыйымдылығы шамамен 1000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.

Ауданда биыл ауданда ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауытының құрылысы басталады. Жиын барысында аудан әкімі былтыр атқарылған жұмыстарға шолу жасап, 2023 жылғы жоспарды таныстырды.

Келес ауданында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 107,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша былтыр жалпы құны 70 млн. теңгені құрайтын екі жоба іске асқан. Сондай-ақ барлығы 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылған.

– Келес ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ ретінде танылған. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы осы салада өндірілген өнім көлемі 70,4 млрд. теңгені құрады. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарға кеңейтіліп, 1,8 мың гектарға артты. Биыл ауданымызда инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық бере отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырмақпыз, –деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.

Биыл Қошқарата ауылдық округіндегі тоғыз ауылға табиғи газ берілсе, тағы қосымша 12 елді мекенді газбен қамту мақсатында тиісті жұмыстар басталады. Сонымен қатар «КХ-94 Бекбота-Ащыкөл» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 6 шақырымына орта жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 88,57%-ға жеткізу жоспарлануда.

Баяндама соңында кеңес мүшелері аудан әкіміне өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *