«КОРОНАВИРУС, КЕТ, КЕТ, КЕТ…»

Денсаулық
692 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік дертке байланысты Қазақстан халқына арнаған Үндеуі жарияланды. «Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын», – деді Елбасы. Арнайы тапсырмамен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалатын болады. Сонымен қоса-қабат коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры есебінен тағы 200 миллион теңге бөлініп отыр.

Елбасының бұл ізгілікті де игілікті бастамасын қолдаған Тәуелсіз де егемен еліміздің бірқатар бай-бағландары коронавирусқа қарсы тұру және ел экономикасын қолдау жөніндегі Birgemiz атты қоғамдық қорға бір тәулік ішінде 18,2 миллиард теңге немесе 41 миллион доллар қаржы аударды. «KAZAK MYS» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 миллиард 220 миллион теңге, KAZ Minerals 2 миллиард 200 миллион теңге аударды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры алты миллион медициналық бетперде алуға қаржы бөлді. Бірқатар меценаттар мен бизнесмендер де бұл шарадан бейтарап қалмады. Тимур Құлыбаев он миллион доллар, Айдын Рахымбаев, Ғалымжан Есенов, Рашид Сәрсенов, Александр Клебанов, Александр Беловичтің әрбірі – екі миллион доллардан, Кеңес Рақышев бір миллион доллар қаржы бөлді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева жетекшілік жасайтын «Дегдар» қайырымдылық қоры 100 миллион теңге, Болат Әбішұлы Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 150 миллион теңге, Halyk қайырымдылық қорының құрылтайшысы Динара Нұрсұлтанқызы Құлыбаева 4,5 миллиард теңге бөлді. Болат Өтемұратовтың «Верный Капитал» компаниялар тобы 201 миллион теңге, ERG компаниясы 4,5 миллиард теңге, YDD Corporation Қарағанды ферросплав зауыты 100 миллион теңге, Әсел Тасмағамбетованың «Саби» қайырымдылық қоры мен оны тең құрушылардың бірі Кеңес Рақышев 110 миллион теңге, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы мен басқарма басшысы Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 100 миллион теңге, Ресейлік Сбербанктің қазақстандық филиалы 50 миллион теңге бөлді. Шымкенттіктерден Серікжан Сейітжанов 100 милион теңге, Қайрат Құсейінұлы Молдасейітов 20 миллион теңге бөлгенін де біле жүріңіздер.

Шымкент қаласының еріктілері фармацевтикалық компаниямен бірлесе ұйымдастырылған акция аясында 20 мың бетпердені тұрғындарға тегін таратты. Ізгілікті де игілікті шара әкімдіктің бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты «Қалаларымыздың негізгі көшелерінде бетперделер азаматтарға тегін таратылуы тиіс» деген тапсырмасы негізінде қолға алынды.

Демеушілік көрсеткен «Mega Pharma» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетпердеден бөлек балаларға арналған 600 аскорбинді қышқыл дәруменін де таратты. Бетперделер адам көп шоғырланған Арбат демалыс орны мен «Жаңа шаһар» базарында, «Север» сауда үйі маңында, Қайнарбұлақ және Сайрам елдімекендерінде таратылды. Қайырымды шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Қолға алынған осындай ізгілікті де игілікті шараларға қарамастан, антисептикті айтпағанның өзінде коронавирусқа қарсы тестің ақылы жүргізілуі, қарапайым медициналық бетперде мен қолғаптың тапшылығы байқалады. Бар болғанының бағасы әр дәріханада әркелкі екені қалың жұртшылықты ойлантуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін таратылуға тиісті төрт бетперденің де жетіспеушілігі байқалуда. Мұның үстіне шетелдерде демалып жүрген 4,5 мыңнан астам қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстарының да баяу жүргізіліп отырғаны да жанға батады.

3 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша Қазақстанда қатерлі індетті жұқтырғандардың жалпы саны 435-ке жетіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында –199, Алматы қаласында – 91, Қызылорда облысында – 26, Қарағанды облысында – 21, Ақмола және Атырау облыстарында –19-дан, Шымкент қаласы мен Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында – 11-ден, Алматы облысында – 9, Жамбыл облысында – 6, Ақтөбе облысында –5, Шығыс Қазақстан облыстарында – 3, Батыс Қазақстан облысында – 2, Маңғыстау және Павлодар облыстарында – бір-бір жағдайдан тіркелген. 27 адам аты жаман аурудан айығып шыққан. Оның 17-сі елордалық болса, оны оңтүстікастаналық. Өкінішке орай, Нұр-Сұлтан қаласында ауруханаға түскен екі адам мен теміртаулық 62 жастағы нотариус болып қызмет істейтін ер азамат көз жұмған. Оның біріншісі Ақмола облысының Қосшы ауылында тұратын 64 жастағы әйел болса, екіншісі елордалық 50 жастағы ер кісі. Бүгінде көз жұмған алғашқы әйел марқұмнан бұл қатерлі дерт бес адамға ауру жұққаны белгілі болып отыр. Ал теміртаулық марқұм нотариустен үш адамға жұғып үлгерген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды облысының орталығы мен осы өңірге қарасты Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында карантин шаралары күшейтілген. Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкентте шектеулер енгізілген. Әзірге жұқпалы ауру тарап үлгермеген жалғыз Қостанай облысында оқшауландыру шаралары қолға алынған.

Үшінші мегаполистегі індет жұқтырған қос тұрғынның денсаулығы тұрақты. Сол індетті жұқтырған азаматтардың тұрғылықты жері болып табылатын Абай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының барлық тұрғындарына тегін бетперде таратылған. Үшінші мегаполистегі баласынан анасына жұққан дерт ошағы шыққан Абай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына карантин енгізілген. Автокөліктердің қалаға кіруі мен шығуына тыйым салынған. Барлық азаматтардың медициналық бетперде киіп жүруі міндеттеліп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, тағы басқа да мамандарға бір айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырды. Бұдан бөлек медицина қызметкерлерінің айлық жалақысына 212 500 – 425 000 – 850 000 теңгеге дейін үстемақы төленеді. Олардың өздері қатерлі індетті жұқтырған жағдайда 2 миллион теңге, ал егер көз жұмған жағдайда 10 миллион теңге әлеуметтік төлемақы төленетін болады.

Қазіргі таңда қатерлі дертпен әркім өзінің хал-қадерінше күресуде. Біреу қаржылай, енді біреу басқалай дегендей. Ал әнші, сазгер Марат Омаровтың осындай қиын-қыстау кезеңде шығарған «Коронавирус, кет, кет, кет…» деп аталатын әні бүгінде хитке айналып үлгерген.

Бізбен шекералас Өзбекстанда ауру жұқтырған 149 адамның жетеуі айығып, екеуі көз жұмған. Көршілес елде коронавируспен күрес шаралары күшейтілген. Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында бес күн ішінде он мың адамды емдеуге арналған карантин орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 55 гектар жерді алып жатқан бұл орьалық кондинционер, жуынатын бөлме, душ, теледидармен толық жабдықталған. Бейресми мәліметтерге қарағанда, қатерлі індетті емдейтін дәрігерлер 2 600 доллар, мейірбикелер 1 500 доллар, санитаркалар 1 000 доллар жалақы алатын көрінеді. Егер де дәрігер ауру жұқтырған жағдайда 10 000 доллар, ал айықпаған жағдайда 26 000 доллар жәрдемақы алатын болады.

Бүгінде бұл қатерлі індет төрткүл әлемнің 181 еліне жайылып, 1 016 128 адамға жұққан, 211 615 адам айығып, 53 146адам көз жұмған.

Халқымызда «Сақтанғанды Құдай сақтайды» деген даналық сөз бар. Ендеше, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын демекпіз!

Ә.КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *