КІТАПХАНА – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ

Рухани жаңғыру
2 052 Views

Біз Шымкент қаласы «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасыныңдиректоры, Филология ғылымдарының кандидаты Анар Абусайылқызы Жаппарқұловамен Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары сонымен қатар«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Отырар» кітапханасында атқарылғаншаралар және рухани жаңғырудың қоғам өміріндегі маңызы жайлы сұхбаттасыпқайттық.

– «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ағымдағы жылы Сіз басқарып отырған кітапханада қандай іс-шаралар атқарылды?

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2017-жылдың сәуір айында жарыққа шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы біздің ұлттық санамызға, рухани өмірімізге жаңа бір серпін берген құнды дүние болды. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты бұлыңғыр жаңа кезең басталды… Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіруіміз керек», – деген байыпты бастама баршамызға терең ой салды, бұл мақала жаңа жобалардың, жаңа бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болды.

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы осы қаламыздың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып келе жатқан мәдениет ошағы деп айтуыма толық негіз бар. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының аясында карантинге дейінгі уақытта көптеген жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылды.

Кітапханада «Кедергісіз кітап» әлеуметтік жобасы, «Отбасылық оқу – ұлт болашағы», «Өлкеміздің өнер майталмандары», «Мәртебелі поэзия мінбері» поэзиялық кездесулер жобасы, т.б. жобалар жемісті жұмыс жасайды. «Кедергісіз кітап» әлеуметтік жобасы аясында кітапхана «Ерекше» балалардың «Алтын күз» мерекесін, мүмкіндігі шектеулі жандармен №8 әлеуметтік мекемеде, «Мейірім» балаларды оңалту орталығы, «Үміт» мектеп-интернаты, Қарттар үйі, Ардагерлер үйі мен түзету мекемелерінде, т.б. әлеуметтік мекемелерде тұрақты түрде іс-шаралар өткізілетін және бірнеше жылжымалы кітапхана пункттері ашылған. Мұның көбісі әрине жыл басында оқшаулануға дейін өткізілген іс-шаралар.

«Өлкеміздің өнер майталмандары» жобасы аясында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, қолданбалы археологияның негізін салушы, қобызшы, сазсырнайшы, фарабист, құмырашы, этнограф, қолөнер шебері К. Қарабдаловтың, шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, график суретші Батухан Байменовтің 65 жылдығына орай суретшімен тікелей эфирде онлайн сұхбат өткізіліп, Халықаралық, республикалық жеке көрмелерінде көрсетіп жүрген картиналарының виртуалды көрмесі көпшілікпен таныстырылды.

Өздеріңізге белгілі, біздің кітапханамыз жыл басынан бері апта сайын ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай қала әкімдігінің бастамасымен «Мәртебелі поэзия мінбері» атты үлкен жобаны қолға алған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыруда Шымкент қалалық мәдениет басқармасы бізге үлкен қолдау көрсетті. Мәртебелі поэзия мінберінің басты ерекшелігі – кеш кейіпкерінің шығармашылық ерекшелігін ұлы Абай шығармаларымен байланыстыра, жымдастыра отырып өткізуінде болды. Бүгінгі ХХІ ғасыр ақынының шығармаларын ХІХ ғасырда өмір кешкен қазақтың бас ақынының шығармаларымен салыстыра отырып ашу – ол оңай шаруа емес, ол кез-келген адамның қолынан келмейтін тірлік. Осы орайда мұндай әдеби кештің жоғары деңгейде өтуіне көрнекті ақын Нармахан Бегалиев ағамыз үлкен қолдау көрсетті. Әр кездесуде оқырмандарға, өлеңсүйер көпшілікке ұлы Абайдың жаңа қырын танытып, сол біз білмейтін қырлары мен сырларын кеш кейіпкерінің шығармаларымен ұштастырып, көпшілікке ұлы ақынымызды тереңірек таныстыра түсті, әрі кеш кейіпкерінің де ақындық келбетін аша білді.

Әр аптада оқырмандардың асыға күтетін кездесуіне айналып келе жатқан кешіміздің ең бірінші қонағы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың классик ақыны Ұлықбек Есдәулет ағамыз болды. Мұнан соң Қасымхан Бегманов, Ханбибі Есенқарақызы, Хамза Көктәнді, Шамшия Жұбатова, Қабылбек Төретай, Баян Тіленшина, Темірхан Әбдіков сынды ақындарымыз өлеңсүйер, кітап сүйер қалың оқырманмен кездесіп, өздерінің шығармашылық жаңалықтарымен бөлісіп, көпшіліктің көкейінде жүрген түрлі сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, арқа-жарқа әдемі рухани кездесу кештері болған еді.

Осы Наурыз айынан бастап, әлемді жайлаған пандемияға, карантинге байланысты біздің кітапханамыз да қашықтықтан қызмет көрсетуге көшіп, онлайн іс-шараларды қолға алды.

Әрине карантиннің алғашқы кезеңінде бүкіл еліміздің абдырап қалғаны рас. Барлық сала мамандары қашықтықтан қызмет көрсетуді қалай, қандай тұрғыда бастағанымыз дұрыс деп күрделі мәселелердің шешімін іздеді. Біз де онлайн іс-шараларды ұйымдастыруда өзімізше жаңа бағыттарды іздедік, жаңа бастамаларды қарастырдық.

Жыл сайын наурыз айында өнерсүйер, жырсүйер қауым өзінің төл өнері ақындар айтысын тамашалайтын. Біз осы көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру мақсатында қалалық Мәдениет үйімен бірлесе отырып «Жүйріктер шықты желіге» атты онлайн ақындар айтысын өткізейік деп шештік. Бұл мақсатымыз жоғары деңгейде жүзеге асты. Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Бөрібай Оразымбетов, Кәрима Оралова, Нұрлан Есенқұлов, Нұрлыбек Мейірманов, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Лаура Тастанбекова, Абылай Құлтай, Мейіржан Жақыпов, Жандос Мырзабеков, Нұрғали Әнәпия сынды танымал айтыс ақындары әлеуметтік желі арқылы айтысқа шықты, қамыққан елге қайрат берді, жаңа форматтағы онлайн айтыстың әдемі үлгісін көрсетті. Әрине қалың елдің алдында, халықтың қошеметін сезініп айтысқанның, суырыпсалмалық өнердің айтып жеткізе алмайтын құдіретін көзбен көрудің жөні бөлек. Бірақ күрделі кезеңде карантинде отырған елге қашықтықтан болса да айтыс өнерінің мұндай түрін көрсету де – уақытша тығырықтан шығудың бір жолы екендігіне көзіміз жетті.

– Карантинге байланысты шегерілген іс-шаралар қалай жалғасын табады. Кітапханадағы цифрландырудың жағдайы қалай?

– Карантинге байланысты шегерілген жоспардағы негізгі ірі шаралар, мысалы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, ғалым М.Мырзахметовтың 90 жылдығына арналған конференциялар жыл соңына дейін өткізіледі деп отырмыз. Олай болмаған жағдайда Zoom–конференция форматында қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен қаламгерлердің қатысуымен тікелей эфирде өтеді.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде кітапхана жұмысы толық онлайн режимге көшіп, жаңа форматтағы онлайн жобалар ұйымдастырылды. Солардың біразына тоқталып өтейін.

Фараби-онлайн жобасы – Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай виртуалды көрмелер, трактаттарынан үзінді, деректер мен дәйектер, аңыздар, көрнекті фарабитанушылармен онлайн сұхбат, Фараби музейлеріне виртуалды саяхат ұйымдастыруды қамтыған үлкен жоба болды. Бұл ретте көрнекті фарабитанушы А.Жұмашевтың сұхбаты, «Әл-Фараби һәм Қайырымды қала» кітабының авторы М.Байғұттың бейнежазбасы жарияланып, көрнекті фарабитанушы А.Машани, т.б туралы ақпарат берілді.

Бізде көбіне мүшәйралардың көпшілігі қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевқа арналып өткізілуде. Ал Әбу Насыр Әл-Фарабиге қатысты мүшәйра жоқтың қасы. Әлемнің Екінші ұстазының еңбектерін оқысын, тұлғасын тануға талаптансын деген мақсатпен «Әлем ойшылы – Әл-Фараби» атты қалалық онлайн мүшәйраны ұйымдастырып өткіздік. Жас ақындарымыз Әл-Фарабиге арнап мазмұны терең поэзиялық шығарма жазуға талпынды. Әп-әдемі өлеңдер дүниеге келді. Сондықтан да көздеген мақсатымызға қол жеткіздік деп ойлаймын.

Онлайн-сұхбаттар аясында – «Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаеваның «Руханият – өркендеу кепілі» тақырыбында, тарихшы ғалым, ОҚМПУ-дың бірінші проректоры Б.Исабектің «Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай, т.ғ.к. Бахадүр Айтайдың Алтын орданың 750 жылдығына орай онлайн сұхбаттары өтті, сондай-ақ, халықтар достығы мен ынтымақтастығы туралы Ассамблея мүшесі, ғалым Шахло Наралиева, сондай-ақ, ақындар Дәркен Танабай, Сабырбек Нұрманұлы, т.б. қонақтар тікелей эфирде көпшілікпен жүздесті.

«Поэзия сағаты» жобасы аясында Дәурен Айманбет, Арқалық Әмәлият, Сезім Мергенбай, Мақпал Төребек, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбекпен онлайн кездесулер ұйымдастырылып, жас ақындар өздерінің көпшілікке жаңа жырларын ұсынып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Онлайн-үйірме жобасы аясында – кітапхана суретшісі Балжан Мамақованың «Абай образы бейнелеу өнерінде» тақырыбындағы ақпараттық сағаты, балалар бөлімінің кітпханашысы А.Есболованың аңызға айналған жапон қызы Сасаки Садаконың тарихы туралы «1000 қағаз тырнасы» әңгімесі, балалар бөлімінің кітапханашысы М.Сытышова мен Шетел әдебиеті бөлімінің басшысы А.Абдуллаеваның Оригами мен қолөнер тақырыбындағы шеберлік дәрістері, т.б. тақырыптағы кітапхана қызметкерлерінің үйірме жұмыстары онлайн форматта өткізілді.

Виртуалды көрмелер, бейнероликтер – атаулы күндерге және өзекті тақырыптарға: Алтын орданың – 750, Қазақ хандығының – 555 және Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына, 1 мамыр және 7 мамыр мерекелеріне, Нұр-Сұлтан қаласының күніне орай және қаламгерлердің шығармашылығы бойынша ұйымдастырылды.

Zoom-конференциялар кітапханада түрлі тақырыпта өткен жаңа шаралардың бірі. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өткен конференцияға көрнекті фарабитанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Дербісәлі, профессор, философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әл-Фараби ғылыми зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, фарабитанушы Ж.Алтаев, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, жазушы М.Жолдасбеков, көрнекті ғалым, абайтанушы Т.Жұртбай, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Ергөбек, қаламгерлер Х.Есенқарақызы, Ж. Әскербекқызы, С.Досжанова, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ү. Д. Мұңалбаева қатысты.

Психологтардың онлайн кеңесі жобасы аясында психология саласының тәжірибелі мамандары, кәсіби коучтар тренингер, дәрістер мен онлайн кеңестер өткізді.

Ал кітапхананың цифрландыру бойынша жұмыстарына тоқталсақ, кітапхананың электронды қор саны – 6 500, оның ішінде сандық форматқа көшірілген құжаттар саны – 700. ЭЛАР Планетарлы сканері арқасында кітаптарды цифрлау жұмыстары жалғасуда. «QR- мобильді кітапхана» жобасы жастар көңілінен шықты. Кітапхана КІТАП.КЗ ашық онлайн кітапханасын құруға және КазНЭБ – Ұлттық электронды кітапханасын құруға белсене атсалысқан. Кітапхана қорындағы цифрланған — QR-кодталған жергілікті авторлардың шығармалары бүгінгі онлайн жұмыс істеу кезеңінде оқырмандарға қолжетімді болып отыр. Оқырмандарымызға Фейсбук әлеуметтік желісі немесе кітапхана сайтынан қаламгерлердің шығармаларын қашықтықтан жүктеп алуға толық мүмкіндік бар.

– Рухани жаңғыру аясында алдағы уақытқа жоспарларға тоқталып өтсеңіз.

– Алдағы уақытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына, Қазақ хандығының 555 жылдығына, Шым қаламыздың 2200, Ата Заңымыздың 25 жылдығына арналған шаралар жоспарлануда.

Ұлы ақын А. Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Абай оқулары бастау алады. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Мәртебелі поэзия мінбері» жобасы қалың оқырманмен қайта қауышады деп күтілуде. Жазушы Мархабат Байғұттың 75 жылдығына орай шығармашылық кеш алдағы уақытқа жоспарлануда.

«Өлкеміздің өнер майталмандары» жобасы аясында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Мұқан Шәкіровтің 75 жылдығына орай «Тағдырын сахнаға арнаған» атты шығармашылық кеш, әнші, сазгер, мәдениет майталманы, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Өмірзақ Оспановтың 65 жылдығына орай «Өнер деп соққан жүрегі» атты онлайн сұхбат өткізу жоспарлануда.

– Халыққа әсіресе жастарға осы мақалаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қандай кемшіліктер бар. Осы идеяны дәріптеуде неге көбірек көңіл бөлу керек?

– Енді мен дәл мынандай кемшілік бар деп атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарғым келмейді. Ең бірінші кезекте біз осы мақаланы қалың көпшілікке, әсіресе жастарға оқытуымыз керек. Мектепте оқығанымызда үйге берген шығарманы оқымай-ақ сол шығарма бойынша түсінік айта беретін сыныптастарымыз болатын. Бүгінгі біздің кейбір замандастарымыз, немесе жаңалыққа құмар жастарымыз әуелі осы мақаланы оқып, байыбына бармай жатып жоспар түзіп, іс-шараларды атқара салғысы келеді. Мен осындай жағдайды кемшін тұстарымыз деп айтар едім.

Осы Рухани жаңғыру мақаласында «Цифрлы Қазақстан» деп аталатын ауқымды бағдарлама бар. Біз дәл қазіргі жер жүзін сарсаңға салған Covid-19 короновирус инфекциясына байланысты ТЖ кезеңінде цифрландыру жұмыстарының әлі де болса жетілмеген тұстары көп екеніне көзіміз жетті. Оны бәріміз де нақты жұмыс барысында байқадық. Әсіресе білім саласында осы цифрландыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі байқалды. Мектептердегі интернеттің әлсіздігі, тіпті ЖОО-да да мұндай мәселелердің туындағаны жасырын емес.

Рухани жаңғыру мақаласын түсіндіруде, бұл идеяны дәріптеуде ұлттық дәстүрлерімізге, ұлттық санаға, Елбасымыз айтқан ұлттық кодымызға көбірек көңіл бөліп, тереңірек ден қойғанымыз абзал. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деген қағидасын берік ұстануымыз керек. Рухани жаңғыру үшін әрбіріміз өзімізді рухани жетілдіруіміз керек. Рухани жетілу үшін ұлттық дәстүрімізді дәріптейік, ұлттық құндылықтарымызды, отбасылық құндылықтарымызды құрметтейік.

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *