ҚАЙТЫС БОЛҒАН ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ОТБАСЫЛАРЫНА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫС ЕТІЛДІ

Денсаулық
738 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев өз міндетін абыроймен атқару барысында қайтыс болған шымкенттік дәрігерлердің шаңырағына барып, мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Қала әкімі алдымен «№1 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ағзипа Тажденованың үйіне барып, отбасына көңіл айтты. Ағзипа Насырқызы медицина саласына қырық жыл ғұмырын арнаған, 20 мыңдай науқасты емдеген, білікті дәрігер еді. Мұрат Дүйсенбекұлы I дәрежелі «Барыс» орденін дәрігердің жолдасына табыс етті.

Сондай-ақ, қала басшысы 49 жасында көз жұмған Гаухар Бәйменованың отбасына да арнайы көңіл айтты. №1 қалалық клиникалық аурухана МКК-ның аға медбикесі Гаухар Аштайқызы «Құрмет» орденімен наградталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар медицина қызметкерлеріне мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл ретте, дүниеден өткен дәрігерлеріміздің еңбегі өлшеусіз. Олар өз кәсіптеріне адалдық танытты. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Әрбірі батыр деген атқа лайық. Барлық отбасыға әкімдік тарапынан тиісті көмек жасалады, – деді қала әкімі.

Шаһар басшылығы қаланың денсаулық сақтау саласына еңбек сіңірген, қызмет жолында қайтыс болған тоғыз дәрігерді мемлекеттік ордендермен наградтап, олардың үйіне арнайы барып табыс етті.

Айта кетсек, «Шымкент – қайырымды қала» қорынан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына қаржылай көмек көрсетілді.

Қала әкімінің айтуынша, қалада коронавирус дертімен тікелей күресіп жатқан дәрігерлердің бәрі дін аман. Шаһар басшысы оларлың кейбірі ауырып, қайта жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған:

Ағзипа Насырқызы Тажденова – «№ 1 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК терапия бөлімінің меңгерушісі

«Құрмет» орденімен марапатталғандар:

— Бауыржан Ордабекұлы Күрекбаева – «Қалалық диагностикалық орталық» МКК-ның дәрігері

— Хасым Махмудович Мамаев – «Қалалық диагностикалық орталық» МКК-ның дәрігері

— Жәнібек Жұмашұлы Мәлібеков – «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның дәрігері

— Қафиза Батырханқызы Әлмаханова – «№8 қалалық емхана» МКК-ның аға медбикесі

— Гаухар Аштайқызы Байменова – «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның аға медбикесі

— Тимур Айдарханұлы Әуелбаев – «Жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК фельдшері

Парасат» орденімен марапатталған:

Мариям Қабылбекқызы Абдикулова – «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның бөлім меңгерушісі

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған:

Орынбасар Алипбекұлы Садиев – «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның бөлім меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *