Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, қоғамқайраткері: ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛУ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨРКЕНДЕУ САТЫСЫ

Сұхбат
1 199 Views

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ – бүгінде қазақ елінің көрнекті өкілдерінің біріне айналған белгілі қоғам қайраткері. Оңтүстік өңірінің тумасы. Елім, жерім деп білім атты найзасын көкке көтеріп жүрген халықтың құрметті азаматтарының бірі. Біз таяуда осы зиялы тұлғадан сұхбат алған болатынбыз.

– Еліміздің, жеріміздің өркендеуі жолында бар саналы ғұмырыңызды сарп етіп еңбектеніп жүрсіз. Кез келген мәселені жан-жақты жүйелеудің оңайға соқпайтыны белгілі. Елбасы шешімімен облыс орталығының Түркістан қаласына көшуі – тарихи құбылыс болды. Қазіргі кезде осы Түркістан төңірегіндегі Сіздің тың идеяларыңыздан хабардармыз. Сол тұщымды ойларыңыздың негізгі мақсаты қандай?

– Ең алдымен Ө. Шөкеевтің Түркістан облысына әкім болып тағайындалуы – Елбасының дұрыс таңдауы дер едік. Өмірзақ Естайұлы – Түркістанның тумасы. Сол себепті оның көне де мәңгі жас қаланы гүлдендіру, түрленту жолында аянып қалмасы анық.

Түркістан облысы жөніндегі идеяларымның ақпарат беттеріне жариялануына мұрындық болған Оңтүстіктің тумасы, қоғам қайраткері – Бекет Тұрғараев мырза. Ұсынысымның негізгі идеясы Түркістанға өте қажет нысан – әуежай салу мәселесіне қатысты өрбіген болатын. Бұған жұмсалатын инвестиция көлемі 50 млн. АҚШ долларын құрап отыр. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – өздеріңізге белгілі қазіргі уақытта Түркістан қаласында әуежай салыну жоспарлануда. Шымкент қаласының іскер азаматтары да қол қойысып, ескі әуежайды жаңартпақ ниетте. Осы орайда екі жобаны қосып, Шымкент пен Түркістанның ортасынан, яғни Қызыл көпірдің тұсынан желдің бағытына, жалпы ауа райына байланысты зерттеу жүргізіп, сол жерден ортақ бір әуежай салынса, осы жерден 40-50 шақырым, Түркістаннан 50-60 шақырым қашықтықта болар еді. Өзім көрген әлемдік тәжірибелерде әуежай кешендері қаладан 40-60 шақырым қашық жерде орналасуы керек. Орталыққа 100 шақырым жерде тұратын елді мекендер бар. Сондықтан екі жобаға жұмсалар қаржыны қосып, соның 75-80 пайызына бүкіләлемдік стандартқа сай келетін, үлкен авиалайнерлер қабылдай алатын әуежай жасауға болады. Ол Халықар­алық трассаға қосылса орасан пайда әкеле­ді. Туристер қатарының өсуіне де септігін тигізеді. Азия елдеріне, Тынық мұхиты жағалауындағы елдерге біз арқылы қатынар еді. Ташкенттің әуежайы орталықта қалып қойды, оларда мүмкіндік жоқ. Ал біз қолда мүмкіндік барда Франкбурт, Амстердам секілді қалалардағы әуежай секілді салар болсақ, біз біріншіден, үлкен қаржыға ие боламыз, Қазақстан елінің көтерілуіне де ықпал етіп, екіншіден, жалпы жұмсалған шығын аздау болар еді. Екі әуежай салынатын қаржыны қосқанда 100 млрд. АҚШ доллары кететін болса, жеке-жеке 60-70 млрд. АҚШ доллары кеткелі тұр. Сондықтан бір жағынан үнем, екінші жағынан біздің Қазақстан деген елдің мерей-мақтанышы болар еді. Мысалы, бүкіл Еуропа біз арқылы Тынық мұхиты жағалауындағы елдерге ұшып жатса пайдалы емес пе?! Сол мәселені көтергім келген.

Екінші көтерген мәселем – Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болғаннан кейін жалпы маңызды халықаралық туризмді дамыту керек. Бұған әрине, көп күш жұмсалуы шарт. Қаласақ та, қаламасақ та бүкіл әлемде 7-8 млрд. халық болса, соның 5-6 миллиарды мұсылман дініндегі халықтар. Олар біздің Түркістанды өз діндерінің бастауы деп есептейді. Түркістанды Екінші Мекке деп атайды. Қазақта мынадай сөз бар «Меккеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет». Әлемдегі мұсылман халықтарының қасиетті үш орындарының бірі – Түркістан туристік бағытта жақсы жұмыс істесе, елге тек қана пайдасы тиері анық. Әлемде 15 ел бар, тек қана туристік бағытпен айналысып, өз халқын жайнатып, Көкке бір-ақ елі жетпестей ұстап отырған. Ұсынысымның негізгі идеясы осы еді. Жақында сөз болғандай, Үкіметтің отырысында Елбасының өзі біз шет елдерге экспортқа 70 мың тонна ет дайындауға қашан жетеміз деген мәселені қабырғасынан қойды. Шын мәнінде ол үлкен проблема болуы мүмкін емес. Мысалы, біздің Түркістанның, өзіміз туып-өскен Отырар ауданының орталығында Қанттоғай, Майлытоғай сынды елді мекендер бар. Осы жерлерге ірі қара малдарды ұстайтын үлкен бордақылау алаңдарын жасайтын болса, 70 мың емес, осы Түркістан облысының өзінен 150 мың тоннаға дейін экспортқа ет дайындауға болады. Біздің елде ет дайындау үшін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына алып барып жатады. Алайда өсім, өнім тірі табиғатта, жылы өңір Оңтүстікте көптеп өседі. Енді оны логикаға салып қарайтын болсақ, Оңтүстікте қанша халық, Солтүстік жақта қанша халық тұрады? Солтүстік Қазақстан өңірінде әр отбасында неше бала-шаға бар, ал біздегі әр отбасыда нешеу? Статистикалық тұрғыда Оңтүстік Қазақстанда көп. Оның бірден-бір себебі жылы жерде, жалпы ағзаның өзіне күн сәулесі ерекше әсер етеді. Сондықтан, табиғаттың өзі беріп тұрған байлықты біз неге пайдаланбаймыз, малды неге осында өсірмейміз, ірі қара малды сақтап, бағатын болсақ, зауыт салып қойсақ, керемет дамитын еді. Осы мәселе де ойландырған болатын. Жалпы, экспортқа шығаруға дайындайтын малдың көпшілігін Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына бейімдеген дұрыс болады. Қызылорда облысына бізден екі есеге жуық, Жамбыл облысына 3,1 есе азырақ қоюға болады. Негізгі бағыт Түркістан облысына жасалса, үлкен табыс табамыз. Себебі, малдың көпшілігі Солтүстіктегідей бір орында тұрып бағылмайды, жайылымға да шығып тұрады. Өйткені, жыл мезгілдеріндегі ауа райының құбылуына байланысты, әсіресе, біздегі көп мөлшердегі күн сәулесінде өскен жем-шөп секілді азықтың малға жұғымды болып, тез семіруіне оңтайлы келуі оң нәтижесін береді. Ғалымдардың айтуынша, мал бір орында тұрса қатты семіреді, алайда жүріп-тұрып семірген малдың етінің сапасы жоғары болатыны анық. Өмірде көріп жүргеніміздей, жалпы Қазақстан бойынша, әсіресе, жылқы малының ең семізі осы біздің Оңтүстік Қазақстанда. Сапасы бойынша да өте жоғары. Атап айтқанда, Созақ өңірі мен Отырар ауданында. Әсіресе Созақ өңіріндегі малдар Сарыарқада бетпақдалада жайылып жүргендерін, қыс мезгіліне қарай кез келгенін ұстап алып, соғым ретінде сояр болсаңыз 1,5-2 келідей қазы жасалса, ал еті өте дәмді болып келеді. Неге десеңіз, қолда тұрып, бағып соғымға сойылған малға бір текті ғана азық бересіз. Ал жайылымда тебіндеп жүріп көңілі қалаған азығын теріп жегендіктен, олардың етінде де дәрумендер мол болады. Адам ағзасына қажетті микроэлементтердің барлығы дерлік кездеседі. Сондықтан, табиғаттың бергенін тарту ретінде қабылдағанымыз дұрыс.

Біз жас кезімізде үлкен жаңылыс ойда жүрдік. Иван Мичурин, «Табиғаттың бермегенін тартып аламыз» деген пікір айтып, санамызды улаған. Ол кейін дәлелденіп, табиғаттан ешнәрсені тартып алуға болмайтыны анықталған. Сондықтан, әр нәрсенің өз ығына қарай әдіс қолдану керек. Мысалы, өзіміз өскен Отырар өңірінде сексеуіл деген ағаш бар. Сексеуілдің, жалпы ағаштың қожайыны – балта. Балтамен сексеуілді шапқанды көрдіңіз бе, көрген жоқсыз, әрине. Оны жару үшін өз-өзін ұруың немесе тасқа соғуың қажет. Себебі, оның жарылу әдісі сондай. Бұл мысалды айтқандағы себебім, әр жұмыстың, әр заттың, әр құбылыстың өз заңдылығы, өз әдісі болады. Әрбір істің көзін таба білсек, ісіміз алға басып, өмір сүруіміз де жеңілдеу болары сөзсіз. Сондықтан, Түркістан облысы жөніндегі өз туған жерім, туған елім болғандықтан сол жердегі қаншалықты табиғаттың тартулары бар екенін Елбасы тапсырма бергенде ойланып отырдым да егер де соны осы жаққа қарай бетбұрыс жасасақ деп идеялар қарастырдым. Біз ауыспалы егіспен айналысамыз, олай істемесе болмайды, себебі жер тозып кетеді. Отырарда жоңышқа мен жүгері кезек-кезек егілетін еді. Оны көзіміз көрді. Ал Шардара жақта күріш пен жоңышқаны алмастырып егеді. Ауыспалы егістікке жоңышқаны пайдаланатынбыз. Ал ғалымдар айтады «чичевис» деген өсімдік болады. Оны өзім де жақсы біле бермейді екенмін. Оны әсіресе Үндістанда, Түрік елінде, сосын ептеп Орта Азияда асқа пайдаланады дейді. Оның калориясы етпен бірдей мөлшерде жоғары болады екен. Ал оны экспортқа шығарғанда мақта, жүгеріден екі есе қымбат болатын көрінеді. Ең басты қасиеті, жерге азот жіберіп, жерді тыңайтады. Оны бізде еге алатын адамдар қажет болады. Сондықтан, осы мәселені көтеріп, зерттеген ғалым кісіні министрлікпен жолықтыруға ықпал жасау ниеттемін. Елбасымыз тағайындаған ҚР Қаржы министрі бірнеше елдермен келісім түзіп, бізге осындай өсімдік керек дейтін болса, соған лайықты егістіктер санын көбейтіп, жерімізді тыңайтып алатын жағдайға жетер едік. Осының барлығын ғалым жігіт министрлікке кірсе, өзінің бірнеше жылдар бойы зерттеген ғылыми зерттеулері арқылы жерді тыңайту жолдарын ұсынар еді. Дауыс көп сәттерде жете бермейді. Бірақ дегенмен айтып қалатынымыз рас. Қалай болғанда да біздің дәуіріміз өткенімен ұрпағымыз бір. Солардың барлығы өздеріне лайықты бақытты өмір сүруі керек. Таяуда «Нұр Отан» партиясының съезінде болғанымда маған ең ұнағаны Елбасының «Халқымның болашақта емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деген түйінді сөзі. Сол сөз жүрегіме ұялап, ойымда қалды. Болашағымыз, ұрпағымыз, халқымыз бақытты ғұмыр кешуі үшін жер байлығын, ел байлығын пайдалана білу керек деген мақсатта ұсыныс, пікірлер білдіріп жүргеніміз де елдің қамы. Кейде айтқан адамдар тілді алмай қалса, іштей ренжіп тұрасың, біздің қазақ ешқашан ондай қарғысқа ұшырамаған еді. Қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген. Қазақ халқының бойында ешқандай кісіге жаманшылық жасау жоқ еді. Неге десеңіз, біздің ата-аналарымыз өз балаларына төрт мәселені басты назарға алып отыратын. «Қарағым, ұят болады, обал болады, жаман болады, бұл күнә» деген төрт сөзді біздің бойымызға сіңдіріп, санамызға егетін. Сол сөздер бойына ұялаған азамат өскенде ата-анасының аманаты секілді одан аттап кетпейді. Сондықтан, ондай адамдардан жаманшылық шықпайды. Алға ұмтылуға, ардан аттамауға әрекет жасайды. Қазіргі таңда осы киелі ұғымдарды ұрпақ санасына ендірмеуіміздің себебінен өмірі түсімізге де кірмеген сұмдық қылмыстар орын алуда. Қазақтың тарихында болмаған ата-анасын интернатқа, балаларын жетімханаға өткізу деген үйреншікті іске айналып барады. Ал қазіргі таңда етек алып, бой жазып кетті. Обал, ұят деген сөздердің парқын түсінбеген ұрпақтан күтеріміз сол болып тұр.

– Түркістанды түрлендіру идеясымен тікелей байланысты Бекет Тұрғараевтың есімін атап қалдыңыз. Ел мүддесін арқалап жүрген осы бір абзал азамат туралы ойыңызбен бөліссеңіз.

– Бекет Тұрғараев бізбен замандас, заңгер адам. Үлкен белді қызметтерді атқарған, облыстық соттың мүшесі, төрағасы болды. Сол әл-Фараби аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып жүрген кезіндегі істері бүкіл Қазақстан бойынша сот жүйесінің көрнекті құралы ретінде пайдаланылған. Ол кісі жас кезінен жаңашылдыққа, білімге құмар адам болды. Қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Қай істе де білімді болмасаң, ісіңнің алға басуы қиындау. Ол кісіге сүйсінетін қасиетім бойында жерге, жүзге, руға бөлу деген жоқ. Оған мысал, Солтүстік Қазақстанда қызмет жасап жүргенінде көп азаматтарға көмек жасап, Керей елінен шыққан Қожаберген жыраудың өнерін танытуға атсалысып, Фариза Оңғарсынова, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов сынды ақын-жазушылардың шығармаларын баспадан шығаруға үлесін қосқан. Ғасырлардан сыр шерткен тарихымызды біліп, ата жолын қуу – басты міндет. Міне, осындай ауқымды мәселелерді көтеріп жүрген азаматтардың бірі. Алла Тағала берген күш-қуатты, ілім-білімді халқыма қызмет етіп, еліме арнауым қажет дейтін тұлға.

– Абай атамыз секілді “Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз” демексіз ғой?

– Әрине.

– Мемлекет басшысы «Рухани орталығымыз – Түркістан қаласын көркейту үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені өз бақылауына алуы тиіс» деп маңызды бастамалар көтерген болатын. Бұған Сіздің көзқарасыңызды білсек дейміз.

– Мемлекет басшысы көптеген бағыттар, бастамалар бойынша мәселе көтеріп жүр. Елбасының тапсырмасы аясында жұмыс істеп, межелерді орындасақ, әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көрінетініміз анық. Елбасы барлық салада заманауи технологияларды, цифрлы жүйені пайдалану керектігін ұсынды. Бұл – заман талабы. Елбасы бастамаларынан ел болашағын көруге болады. Елбасының әрбір ісін қолдау – біздің міндетіміз. Қазақта «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген сөз бар. Мемлекет басшысы бүгінгі таңда көпбалалы аналарға, білім беретін ұстаздарға, ақ халаттыларға ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі, тұрмысын жақсартуға әрекет жасауға арналған жұмыстары сүйсінтеді. Ұстаздарға ерекше көңіл бөлінуі орынды. Өйткені, ата-ана баланың өмірге келуіне ықпал етсе, оның азамат ретінде қалыптасуына, ой-өрісінің дамуына, жалпы білім алуына негіз болатын – ұстаздар қауымы. Әкем айтқан бір сөзі өмірлік кеңес болып қалды. Ол кісі: «Балам, ұстаз деген – ең құрметті адам болуы керек. Сен ұстазыңды басың жерге жеткенше сыйла. Саған қарапайым мысалмен айтайын,балам. Егер сен науқастанып қалсаң, қазақтың үлкен өнегелі қасиеті науқастың көңілін сұрайды. Біз сенің ата-анаң болып көңіліңді сұрасақ, жатып қабылдай беруге құқың бар. Біз оған ренжімейміз. Ал ұстазың келіп көңіліңді сұраса, кеудеңде жан, бойыңда қуатың болса орныңнан тұрып сәлемдесіп қарсы алуың керек», – деген. Сонда бұл жерде ұстаз қадірінің қаншалықты биік дәрежеде болуы керек екенін байқаймыз.

Еліміз өсіп, өркендеуі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте, татулықта өмір сүріп, жаңашылдыққа ұмтылуымыз қажет!

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан А. СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *