МЕМЛЕКЕТТЕ БІРЛІК ПЕНКЕЛІСІМ БОЛМАСА, ОНДАЙ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

Ақорда
842 Views

Мемлекет басшысы елорданың Есіл ауданында бой көтеретін жаңа мешіттің іргетасын қалады.

– Бұл жерде сәулетті әрі бірегей мешіт салынады. Бүкіл Орталық Азияда бұған тең келер мешіт бола қоймас, – деді жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа мешіт барша мұсылман қауымының мақтанышына айналатынына және Астананың көрікті жерлерінің бірі болатынына сенім білдірді.

– Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалмайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қор құрылды. Оған басқа азаматтарымыздың да қаржылай атсалысуына болады. Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, бүгінде осындай игілікті іске қол ұшын беріп жатқан барлық кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл мешіттің Астанаға туристер тартатын жаңа орталықтардың бірі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Мешіт – елорда үшін маңызды орын. Біз осындай нысандардың бәрін зерттеп, ішінен ең жақсы жобаны таңдап алдық. Мен оның жүзеге асырылу барысын өзім қадағалап отырамын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.

*   *   *

Жаңа мешіттің жалпы көлемі 57 мың шаршы метр. Мұнараларының биіктігі 130 метр. Күмбезінің диаметрі 63 метр. Діни кешенде ислам музейі, кітапхана, қолөнер шеберханасы және басқа да мекемелер орналасады.

*   *   *

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алматы ауданындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап көрді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысымен және алдағы жоспарымен танысты, сондай-ақ қызметкерлермен әңгімелесті.

– Сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Біз сіздермен бірге халықтың игілігі үшін еңбек етеміз. Егер мемлекетте бірлік пен келісім болмаса, ондай елдің болашағы жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, Діни басқарманың жұмысына табыс тіледі.

*   *   *

 «Нұрлы Астана» корпоративтік қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа ғимаратының құрылысын 2015 жылдың қазан айында бастап, 2018 жылғы желтоқсанда аяқтады.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *