«МЕН АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫҢ ЕРТЕҢ ЕМЕС, БҮГІН БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРГЕНІН ҚАЛАЙМЫН»

Ақорда
506 Views

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы)

ХАЛЫҚҚА КӨПІРМЕ СӨЗ, БОС УӘДЕ ЕМЕС, ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КЕРЕК

Қымбатты отандастар! Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.

Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты. Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.

Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты, бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.

Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті.

Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған «асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.

Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз.

Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Құжатты әзірлеу кезінде зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да мұқият зерделенді.

Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.

Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді.

Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды.

Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.

Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.

БІРІНШІ – Президенттің өкілеттігі туралы

Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет.

Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.

Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек.

Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет.

Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды.

Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.

Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.

Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.

ЕКІНШІ – Өкілді билік тармағын қайта құру

Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн.

Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды.

Сенаттың өкілеттігін реформалау қажет. Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Ал Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.

Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс.

Облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет. Заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады.

ҮШІНШІ – Сайлау жүйесін жетілдіру

Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады.

Аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.

Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

ТӨРТІНШІ – Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

БЕСІНШІ – Сайлау үдерісін жаңғырту

Тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек.

Аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек.

Елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

АЛТЫНШЫ – Құқық қорғау институттарын күшейту

Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.

Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.

Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.

Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын.

Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын.

Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау үшін Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын.

Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет.

Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.

Алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

ЖЕТІНШІ – БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту

Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.

Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек.

Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Биыл менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады.

СЕГІЗІНШІ – Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру

Халықтың қалауын ескеріп, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.

Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.

Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.

Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын.

Әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс.

ТОҒЫЗЫНШЫ – Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру

Адамдарға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн. Мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеуді тапсырамын. Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралар өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.

ОНЫНШЫ – Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы

Ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы. Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін.

Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек.

Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте қабылдануға тиіс.

Құрметті отандастар! Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *