НИЕТ ТҮЗЕЛСЕ, ІС АЛҒА БАСАДЫ

Саясат Қоғам
383 Views

Нұржамал Тамбетова білікті педагог, қоғам белсендісі. 2015 жылы өзі де Шымкент қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына қоныс аударып, көші-қон шаруасына үлкен үлес қосып жүрген азаматша. Көш түзелсе, елім өркен жайса, халқым қамықпай, берекелі болса деп жүрген патриоттық рухы жоғары Нұржамал Мәметқызының «Жас қазақ» ақпарат агенттігіне берген сұхбатынан үзінді жариялап отырмыз.

— Қоныстандыру өте жақсы жүріп жатыр. Алдыңғы жылдағыдан былтыр жақсы, былтырғыдан биыл жақсы дегендей. Президенттің өзі бұл жұмысты қадағалап отыр. Бақылау тағы бар. Бұрынғыға қарағанда көшке облыс әкімдерінің қызығушылығы артып, ықыласы түскен. Тіпті ауыл әкімдерінің өзі бұл шаруаға белсене араласуда. Неге? Өйткені, ауылдың жағдайын көтеру үшін ауылда тұратын халық керек екенін түсінді. Мектеп жабылмау үшін оқитын оқушы керек екенін білді. Жергілікті тұрғындардың өзі ауылға адам керек екенін, мемлекет су тартып, жол салып, газдандыру үшін елді мекенде тұрғын болу керек екенін ұғынды. Сондықтан да мейлі ауыл, аудан, облыс әкімдері болсын, жергілікті халық болсын, ауылға адам толтыруды басты максат етіп жатыр. Көштің жайы біз келген 2015 жылдан әлдеқайда жақсы.

Бағдарлама бойынша көпбалалы мұғалімдер отбасын тартсақ жақсы болар еді. Мұнан ұтарымыз мол. Біріншіден, бала саны көбейеді. Екіншіден жұмыссыз жүрген мұғалімдер жұмыспен қамтылады. Үшіншіден, қазақ сыныптары ашылады. Ең ұтымдысы – ауыл жаңғырады. Осы дүниеге оңтүстік өңірдегі мұғалімдер түсіністікпен қараса, көшіп келушілердің қатары көбейер еді.

Теріскейдегі ағайындар да өзіміздің салт-дәстүрден құр алақан емес. Өзге тілде сайрап тұрса да, жүрегінің түбінде «қазақпын» деген оты өшпегенін байқау қиын емес. Қазіргі таңда алғашқы жылдардағыдай жатырқай қарамайды. Жылдан-жылға бір-бірімізге деген сыйластығымыз артып, құда-жекжат болудың да жолдарын қарастырып жатқандар да бар. Адамның мейірімі көзінде дегендей, тонның ішкі бауындай жақын араласып, қойымыз қораласқаннан кейін ара алшақтығы жойылып барады. Енді бір он жылда арақатынас мұнан да жақсы болады деп үміттенемін.

Мемлекеттік бағдарламамен баспана салынып жатыр. Әрине,. Қымбатшылыққа байланысты кейбір жаңадан салынып берілген тұрғын үйлердің сапасы төмен. Дегенмен, қолынан іс келетін, қармағына мықты жігіттер оны да игеріп, арбасын сындырмай, өгізін өлтірмей, күндерін көріп жатыр.Жұмыс орны көшіп келушілердің мамандығына байланысты, кейде тез табылады. Кейде біраз күтуге тура келеді.

Көшіп келген отбасылардың көпшілігі жақсы өмір іздеп келеді.Өйткені, оңтиүстікте коммуникация жақсы дамыған. Бізде ол жағы – бір кем дүние. Коммуникацияға енді ғана ден қойылып жатыр. Олар келгенде «барлығы дайын болса, тек келіп, өмірімді ары қарай жалғастыра берсем» деген ойдың шырмауынан шыға алмайды. Иә, көшіп келген отбасыларған жергілікті әкімшілік қол ұшын береді. Соны ары қарай алып кететін өз бойында ептіліктің болуы шарт.

Теріскейге өзім көшіріп әкелген отбасылардың кері кетіп қалғандары болды. Олар аш қалып, күнін көре алмағаннан кеткен жоқ. Қарыздарынан құтылып, қалталарына қосымша қаржы жинап кетті. Бастапқы келген ойлары солай болған соң, алған беттерінен қайтпады. Кері қайтуды жоспарына енгізбеген отбасылар тамаша күй кешуде. Сабыр түбі – сары алтын.

Бұл мемлекеттік бағдарламаның барлық жаққа пайдасы бар екенін шамам келгенше айтып өтейін.

1. Халық саны барлық өңірлерде теңеседі.

2. Мектеп салу мәселесі шешіледі.

3. Қаншама жұмыссыз жүрген азаматтар жұмыспен қамтылады. Оның ішінде мұғалімдерді атап айтуға болады.

4. Кәсіппен айналысу дамиды.

5. Мал шаруашылығы дамиды.

6. Ауыл өмірі қайта қалыпқа келеді.

7. Сүт және ет өнімдерінің дамуын жолға қоюға септеседі.

8. Демография өркен жаяды.

Барлығы деуден аулақпын, көшіп келуге оқталғандардың көпшілігі тек пайда табуды ойлайды. Ол пайда тез арада, табан астынан шықса дегеннен кет әрі емес. Бұл жерде «ұрпаққа қалдыратын өнеге» немесе «ұрпақ болашағы» деген» ұғым жүрмейді. Рухани деңгейімізді, тәнімізді қажеттілік басып кеткен.

Бағдарламаның түбегейлі мақсатын дұрыс түсінбеудің өзі, көштің ілгерілеуіне үлкен қиындық туғызып тұр. «Аманат», «Парыз, «Ұрпақ алдындағы міндетім» деген сөз тіркестері кей адамдардың санасынан шығып кеткендей. Көшу үшін ең алдымен ниеттеріңіз тура болсын. Масылдық пиғылдан арылған жөн. Онсыз іс алға баспайды.

Айгүл ЖАНДІЛЛАҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *