ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ҚАРИЯДАН БАТА АЛДЫ

Қоғам
1 487 Views

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Дауыл Төребекұлы Панзабеков Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Бәйдібек ауданы, Борлысай ауылы, Ақтас елді мекенінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалдар Исаханов қарияны құттықтап қайтты. Сөйтіп, ардагердің өнегелі әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Қалдар Исаханов ақсақал өткен күндерді еске алып, өз сөзімен баяндап берді: Бәйдібек ауданының тумасымын. Жасым – 96 да.1942 жылы орта мектепті бітірдім. Майданға маусым айында аудандық әскери комиссариатқа шақыртылып, Отан қорғау үшін жауға қарсы майданға аттандым. Содан Өзбекстандағы Ферғана қаласындағы әскери полктық мектепте үш айлық кіші командалық дайындық курсқа бардым. Сол жерде №18 өзбек полкының курсанты болып қабылдандым. Қысқа мерзімді кіші командирлер дайындайтын алты айлық курсты үш айда тәмамдап, сержант атағын алдым. Біз қараша айында жаңадан келгендерді қабылдап, өзбек, қырғыз, тәжік жігіттерін үш айлық оқу-жаттығудан өткізіп, арнайы үйретіп дайындадық. 1943 жылы 17 қаңтар күні үйретілген солдаттарды Саратов қаласына алып келіп, сол қалада бізді 10 күндей жаттықтырып дайындады. 1943 жылдың 22 қаңтар күні Сталинградқа түнгі сағат үштер шамасында қаланың оңтүстік жағына окоп қазып, біздің полк сол жерге жауға қарсы соғысуға жайғасты.

Таң атпай неміс — фашист басқыншыларына қарсы берілген команда бойынша дұшпанға әртүрлі бағытта оқ жаудырдық. Бұл Сталинградта 12 ақпанға дейін екі жақтан бірдей текетірес соғыс айқас үздіксіз, күндіз-түні жүріп жатты. Ақыры 12 ақпанда Сталинград қаласында неміс-фашистердің бір миллионнан астам өліктері жатты.

Содан әрі Сталинградтың Батыс жағындағы 30 шақырымдағы Тамбов стансасына келетін жерге бардық. Жауды өкшелей қудық. Құрбандық көп болды. 30 мыңдай неміс — фашистті қолға түсірдік. Әскери тұтқындар қару-жарақ түрлерін алып кетуге үлгере алмай, тастап қашуға мәжбүр болды.

Біз оларды Саратов қаласына алып келдік. Одан әрі қарай Мәскеуден оңтүстік-батыс жағындағы Ржов қаласына келдік. Сол жерде соғысқа дайындық жұмысы қайта жүрді. Содан әрі қарай Рязаньға, Гомельге, Могиловке соғысқа кірдік. Күніне жауды 10-12 шақырымға дейін қуып отырдық. Гомель қаласындағы ұрыс кезінде сол қолымнан снаряд жарықшасы тиіп, жарақат алып қалдым. Одан кейін Брянск, Орел қалаларын жаудан босаттық. Жау бұрынғыдай қарсыласуға келмеді. Біздің шабуылымыз өте күшті болды. Содан әрі қарай Смоленк, Минск қалаларын, Пруссиямен шектесетін Белоруссияның Брянск қамалын,Смоленскіні жаудан азат еттік.

21 қазанда түнде Брянск қамалының оңтүстік-батыс жағында болған ұрыста оң аяғымның жамбасына снаряд жарықшасы тиіп, ауыр жарақат алдым. Сол күні түн жарымда сағат 12-лер шамасында артымыздан көмекке келген медбикелер зембілге салып, 10 шақырым жердегі деревняға алып келіп жайғастырды. Екі апта өткен соң Архангельск қаласындағы тыл госпитальға жатқызды. Сол қалада жеті жарым ай ем қабылдап, балдақпен жүруге жарадым. Комиссия шешімі бойынша елге қайтарылдым», – деп соғысқа қатысқан шақтарын ауыр күрсініп еске алып, полицейлерге әңгімелеп берді.

Қалдар ақсақал соғыстан ауылға келгеннен кейін 6 ай емделген. Содан, Борлысай орталау мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Мұғалімдік жұмысты істеп жүріп 1948 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетін сырттай бітірген. 44 жыл ұстаздық етіп, оның ішінде жеті жыл мектеп директоры болып істеген. 1989 жылы шілде айында жасаған бейнетінің арқасында зейнеткерлікке шыққан. Он бала өсіріп-баптап, аяулы әке болды. Олардан тараған немере, шөберелерінің саны 40-тан асады. Қазіргі таңда шөпшек көріп отырған бақытты қария.

Өмір жолында бірнеше марапаттарға ие болған: Соғыстан алған «За отвагу», «Жуков», «Бауыржан Момышұлы медальдары» бар. Ал, 2015 жылы Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай арнайы шақыртуымен Астана қаласына барып, Елбасымен бірге ұйымдастырылған іс-шараға екі рет қатысып қайтқан ақсақалдың өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі болар қасиеттері жетерлік.

Зейнеткерлікке шыққан соң да Қалдар қария ауылдағы жастар тәрбиесіне баса назар аударған. Ел бірлігін ойлай отырып, Ардагерлер кеңесінде 23 жыл төраға болып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысып, қызмет жасауда.

Ұлы Отан соғысының ардагері: «Қазіргі таңда жасаған еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Ел тыныш, бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріліп келеді. Бірлігіміз нығайып, күнде жаңа бастамалар болып жатыр. Сондықтан жастардың еңбек етуге деген сүйіспеншілігі артып, Отанға деген патриоттық сезімдері арта түсуі керек», –деп аталық ақылын жеткізді.

«Қалдар ақсақалға ұзақ өмір тілейміз. Сіздердің салған сара жолдарыңызды жалғастыру – бізге парыз. Ел аман, жұрт тыныш болу үшін қоғамдық қауіпсіздікті күзетуде күні-түні қызмет атқаруға дайынбыз!», – деді полиция полковнигі Дауыл Панзабеков.

Ардагер мен полиция полковнигінің кездесуінде, осылайша тағылымды дүниелер айтылып, тәрбиелік мәні зор басқосу өтті деуге толық негіз бар.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *