РИШАТ ЕРКІНБЕК РЕСЕЙДІ МОЙЫНДАТТЫ

Білім
1 003 Views

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Ришат Еркінбек ХХ Бүкілресейлік жоғары сынып оқушыларының «Ғылым мен техникадағы жас зерттеушілер» атты зерттеу жұмыстары конференция-сайысында бірінші орынды жеңіп алды. Ол сайысқа «Линейная Эрозия» жобасымен қатысты. Сол арқылы тиісті сала мамандарының назарын Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылындағы жыралардың пайда болуы мен оның қоршаған ортаға тигізер әсеріне аударғысы келген.

– Жобаны қорғау үшін бір жыл бойы зерттеу жүргіздім. Екі мәрте Новопокровка ауылына барып қайттым. Бүгінгі таңда ауылдағы жыралар жылына 10-40 метр аралығында кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде сол ауылдағы ғимараттарды, өсіп тұрған ағаштарды, құдықтарды қиратады. Бұдан бөлек жолдың бүлінуі мен егістік алқаптардың зақымдануына да әсер етпей қоймайды. Қарап отырсаңыздар, табиғатқа, адам өміріне де қауіп төндіретін жайт. Сондықтан, бұған бей-жай қарамауымыз керек. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ғылыми кеңесшім «Семейгидрогеология» ЖШС-нің инжнер-гидрогеологы Лариса Гущина екеуміз жергілікті шаруа қожалықтары басшыларына қауіп пен орасан шығынның алдын алу туралы ескерттік. Ендігі жұмыс солардың еншісінде, – дейді жас табиғат жанашыры Ришат Мейіржанұлы.

Ресейдің Томск қаласында өткен конференция-сайыс наурыз айының соңғы күндері ұйымдастырылды. Оған 300-ден аса оқушы қатысып, түрлі тақырыптарда өз жобаларын қорғаған. Соның арасында Ришаттың еңбегі жоғары бағаланып, ол жеңімпаз атанып отыр. География пәнін сүйіп оқып, табиғат құбылыстарына қызығатын шәкіртіміз жеңіске жетуіне мектебіміздің география пәнінің мұғалімі Шәрипа Таласпаева мен химия пәнінің мұғалімі Жазира Құрманованың көп септігі тигенін атап өтті. Аталған ұстаздар Ришаттың жобасына ғылыми жетекшілік жасаған.

Ришат жеңіске жету арқылы келер жылы Ресей астанасы – Мәскеуде өтетін В.И.Вернадский атындағы халықаралық конференциясына жолдама алып отыр.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *