СМАЙЫЛОВ ҮКІМЕТІ БАҒАНЫ БАҒЫНДЫРА АЛА МА?

Саясат Экономика
392 Views

Баға бағынбай барады. Сағат сайын болмаса да, күн сайын құбылып, әзірге тоқтам болар түрі көрінбейді. Онсыз да титықтап жүрген жұрт енді жан бағу үшін күнді қойып, түнде де тынымсыз тірлік етуге мәжбүр. Қу ақша бәрібір жетпейді. Дұрысы – баға ұстатпай тұр.

Ақ-қарасы әлі күнге ажыратылмаған қасіретті қаңтар оқиғасы осы бағаның тоқтаусыз өсуінен бастау алған-тын. Соңы тып-тыныш, жайлы да мамыражай «ұйқыдағы» Үкіметті төңкеріп тастады. Сөйтіп Жаңа Қазақстанды құрып алдық. Жаңа Үкімет жасақтадық. Бірақ… баға әлі бағынбай тұр. Қайта жалына қол, мойнына құрық тимеген асаудай бұрынғысынан бетер жұлқынып барады, жалақыны жұқ көрмей жұтып барады.

Мынаны қараңыз: қаңтарда Үкімет бағаны енді уысында ұстайтынын, барлық саланың бақылауда болатынын айтып, елге бет бұратын ыңғай танытқан. Қуаныш көпке бармады, артынша-ақ – ақпанда азық-түлік 10 пайызға көтеріліп шыға келді. Ал наурыз айында бүгін көрген бағаның ертең қалай құбылатынын болжау тіпті мүмкін болмай қалды. Себебі – санкция. Тіпті өз елімізде өсетін, өзімізде өндірілетін заттар мен өнімдер де шеттен әкелініп жатқандай бір уақытта бағаны аспандатып жіберді. Сылтау керемет – шикізат немесе қажетті жабдық, қоспалар түгелімен шет елден әкелінеді. Әсіресе – Ресейден.

Қызылшасы өзімізде өсірілетін қантты айтсаңызшы, бір мезгілде қат та қымбат әрі таптырмас тауарға айналып, бұрын-соңды нарықта болмаған сенсация жасады. Халықтың толқуы қаншалықты қауіпті екенінен хабардар Үкімет оны бақылауға аламыз деп жатқанда кәдімгі кеңсе қағазының құны 5 есеге дейін көтеріліп, сонысына қарамай тапшы тауарға айналып шыға келмесі бар ма? Қазақстандағы қағаз зауытының қауқары қаншалықты екені осы жерде көрініп қалды: дайын өнімнің 60 пайыздан астамы Ресейден жеткізіліп келген екен. Ресей қыспаққа қалғанда Қазақстан қымбатшылықтан қиналды.

Қазақстанда қымбаттаған қант пен қағаз ғана емес. Қайта «қымбаттамаған қайсысы қалды?» деген сұрақ орынды сияқты. Шынында, бағасы төмендеген демей-ақ қояйық, құны өзгермеген зат қалды ма өзі?! Қаңтарда жұрт жаппай көтерілгенде бағаны бақылауда ұстап, Тәуелсіз Қазақстанның тұрғындары бағаға тәуелді болмау үшін бәрін реттейміз деп уәде берген үкімет үнсіз. Сылтауы жақсы – санкция! Геосаяси ахуал. Осы геосаяси ахуал енші алғанымызға ширек ғасырдан асса да кіндігіміз Ресейге байлаулы екенін көрсетті.

«Ресейге салынған санкция Қазақстанға тауар жеткізу мәселесіне әсер етпейді. Керісінше, ресейлік тауар бағасы төмендеуі мүмкін», – деген еді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин. Әдеттегідей… сөз ғана. Ал бағаны қараңыз: ақпан айында азық-түлік бағасы 40 пайызға өскен! «Қазақстан тұтынушылар лигасы» ассоциациясының басшысы Светлана Романовская осылай дейді.

«Қазақстандық және ресейлік өндірістің өнімдері, сонымен қатар дәрі-дәрмек бағасы да өсті. Бізде сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек деген тауардың 19 түрінің тізімі бар, бірақ олардың бағасы осы көрсеткіштен жоғары және әлі де тоқтаусыз өсу үстінде.

Ашығын айтайын, қымбаттамаған нәрсе қалмады. Барлығы қымбаттады! Жақында ғана жұмыртқа шамамен 2-5 пайызға арзандаған. Қалғанының бәрі, әсіресе сүт өнімдері, тауық еті, басқа да тауарлардың бағасы 30 және одан да көп пайызға өскен. Бір қызығы, долларға еш қатысы жоқ тауарлардың бағасы өсуі», — дейді ол.

Өндірушілер мен дистрибьюторлар бағаның өсуін қажетті бөлшектер, құрамдас бөліктерді шетелден сатып алуға тәуелділікпен түсіндіреді. Мысалы, сүт және ет өнімдерін өндіруде басқа елдерден сатып алынған жемдік қоспалар қолданылады. Антиресейлік санкцияларға байланысты оларды тасымалдау күрделене түсті дейді көбісі. Бірақ тиімді сәті ұтымды пайдалану үшін бағаны жай ғана «көпшілікпен ілесіп», пайда тауып қалу үшін өсіріп отырғандар да бар.

«Бұл, бір жағынан, біздің кәсіпкерлердің ашкөздігі. Мәселен, 8 наурыз мерекесі қарсаңында тәтті тағамдардың – торт, печенье, шоколадтардың бағасы күрт көтерілді. Соңғы апталарда зәйтүн майы мен өсімдік майының бағасы шарықтады.

Жалпы, теңге құнсызданғалы бері 19 әлеуметтік маңызы бар өнім тізіміндегі барлық өнімдер өсті», — дейді «Қазақстан тұтынушылар лигасы» ассоциациясының өкілі.

Бағаға тоқтам болмай тұрғанын «Magnum» дүкендер желісінің сатушылары да растайды. Олар барлық импорттық тауарлардың бағасын 20-25 пайызға көтеріп, қайта бағалағанын жасырмайды.

Қазақты қымбатшылық қысып барады. Қаңтарда қалың жұрт қарсы шыққанда Жаңа Қазақстанның жаңа Үкіметі бағаны бақылауда ұстаймыз деп уәдені үйіп-төгіп, негізсіз көтергендерді жауапқа тартатынын айтып еді. Ұмытқан жоқпыз. Үміт арттық. Нәтижесі… бір ғана мысал келтірейік – кеңсе қағазы күрт қымбаттап және бір сәтте қат тауарға айналып шыға келгенде шулап кеткен елдің сөзіне сеніңкіремеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев кеңсе дүкендерін өзі аралап көрді. Көзі жетті. Сөйтті де… неге қымбаттап жатқанын білмеймін деп таң қалды. Онысымен қоймай, бұл мәселені шешуге құқы да, қызығушылығы да, тіпті мүмкіндігі де жоқ екенін айтып құтылды. Бүй деді: «Тиісті органдар тексеретін шығар… Білмеймін неге қымбаттап жатқанын. Бағаны қадағалайтын арнайы органдар бар, солар тексереді».

Өзі айтпақшы, арнайы айналысатын органдарға хат жазып, мәселе көтеріп, шырылдайтын сыңай байқалмайды. Жалғыз ол емес. Бағаны айтып шырылдап, елге қиын болды деп үстел тоқпақтап жатқан министрді көрмедік. Барлығы қағаз жүзінде. Сөз!

Баспана бағасы да мәз емес, соңғы 10 жылда 4 есе қымбаттаған пәтер құны қаңтар-наурыз аралығында тағы көтерілді. Себеп – құрылыс материалдарының шеттен әкелінуі.

Ашығын айтқанда, қаңтардан бері қымбаттамаған бір ғана нәрсе бар. Ол – жанармай. Қасіретті қаңтар оқиғасының басты себебі сол болған соң Үкімет жанармай бағасының өсуіне тоқтау салды. 180 күнге. Доллар және мұнаймен бірге ең алдымен күрт көтеріліп кететін бензиннің құны осы себептен ғана өспей тұр. Шілдеге дейін. Одан кейін қысымен қораға қамалып, көктемде көкке шыққан тайлақтай тулап шыға келмесіне кепіл жоқ.

Қай заттың бағасы қаншаға өскенін халық көріп-біліп, сезініп отыр. Сондықтан пайыздарды тізбектеп, оны көрсетіп әуре болмайық деп шештік. Айтпағымыз – бағаның бақылаусыз өсіп жатқаны. Халықтың үнін естіп, мұқтажын реттеу үшін жұмыс істеуі тиіс Жаңа Қазақстанның жаңа жасақталған үкіметі оған тойтарыс бере алмайтындай. Жағдай бұлай жалғаса берсе, қымбатшылық қысып, күнкөріс тарықтырған халық қаңтардағы секілді қайтадан бас көтеріп шығуы әбден мүмкін! Үніңді Үкіметтен өзге кімге айтасың?! Бірақ… Смайылов Үкіметі бағаны бағындыра ала ма?

Белгісіз…

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *