СОТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ КҮРДЕЛІ РЕФОРМАЛАРҒА ҚАДАМ

Құқық
739 Views

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ,

ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының бұл қылмыс түрлеріне баса назар аударуы, әсіресе жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларға қатысты еліміздің әр аумақтарында соңғы уақытта орын алған және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық пікірталас тудырған бірнеше аса ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтар түрткі болғандығы сөзсіз.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының статистикалық мәліметтеріне сәйкес 2019 жылдың 12 айы көлемінде жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ азғындық әрекеттерін жасау оқиғаларына байланысты 13 қылмыстық іс бойынша 14 адамға қатысты айыптау үкімдері шығарылған. Екі адамға қатысты екі қылмыстық іс сот өндірісінде қаралу сатысында. Бұл көрсеткіш сотта жалпы қаралған істердің 21 пайызын құрап отыр. 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда анағұрлым өскенін байқауға болады.

Міне, осы көрсеткіштің өзі жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарының жыл сайын артып отырғанын, ал мұның өзі осы қылмыс түрлері үшін шұғыл түрде қылмыстық жазаны барынша қатайту қажеттігі туындағанын көрсетеді.

Қазіргі кезде жасөспірімдерге және кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық және азғындық әрекеттеріне қатысты қылмыс түрлері бойынша жазаны барынша қатайту туралы ҚК-не тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған заң жобасы Парламент қарауына енгізіліп, ол депутаттар тарапынан қолдау тауып отыр. Мысалы, осы өзгерістерге сай ҚК-нің 120 және 121 баптарының төртінші бөлігі бойынша (жасөспірімге қатысты жыныстық зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) қылмыстық жаза түрі 20 жылдан бастап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін қатайту көзделген.

Дегенмен, біздің пікірімізше, жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған ұл-қыздарымыздың, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сонымен бірге барлық ауыр және аса ауыр қылмыстық көріністер бойынша тек қылмыстық жаза түрлерін қатайтумен ғана шектелмей, жалпы қоғам және барлық мемлекеттік органдар бұл қылмыс түрлерінің алдын алуға, оларды болдырмауға бағытталған іс-шараларға барынша атсалысып, орын алған қылмыс салдарымен емес, оның негізімен, себептерімен, түп-тамырымен жұмыла күресу ғана оң нәтиже беретінін ұғынуымыз қажет.

Әбсаттар ШАХИДИНОВ,

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *