ТҰРҒЫН ҮЙДІБӨЛУ КЕЗІНДЕ АШЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚАЖЕТ

Қоғам
734 Views

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында комиссия мүшелері тарапынан қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Мәлік Әбдінұровқа осындай ескертпе айтылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көп балалы аналардың тұрғын үй ала алмау мәселелері жиі көтеріледі. Тұрғын үйді бөлу кезінде сыбайластық көріністерін болдырмау, жариялықты қамтамасыз ету бойынша айтылған сынға басқарма басшысы атқарылған жұмыстар бойынша есебін берді.

– Бүгінгі таңда қала бойынша көпбалалы отбасылардың санатында кезекте 4639 азамат тұр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, құрылыс басқармасы үйлерді тапсырып жатыр. Ағымдағы жылы қаңтар-ақпан айларында комиссияның отырысы болып, осы санаттағы азаматтарға 450 пәтер бөлінеді, – деді Мәлік Әбдінұров.

Мәжіліс барысында партиялықтар тарапынан тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғын үй комиссиясы құрамына қоғам өкілдерін енгізу бойынша тапсырма берілді.

Соңғы кездері Шымкент қаласындағы кейбір кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек ақыларын уақытылы төлемеу мәселесі өрбіп тұр. Сондықтан, партиялық бақылау комиссиясы отырысында бұл мәселе де жан-жақты талқыланып, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановқа әлеуметтік шиеленісті болдырмау бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, жергілікті басқарма басшылары және партия қызметкерлері қатысқан мәжіліс қорытындысы бойынша хаттама жасақталып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданды.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *