ТАЛАНТЫМЕН ТАҢДАНДЫРҒАН ТАҒДЫРЛАС

Мерей
19 Views

немесе қазақ журналистикасындағы қайталанбас тұлға

БАЗАРГҮЛ ТУРАЛЫ ОЙЛАҒАНДА дана халқымыздың бір нақылы еске түсіп отырғаны: «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек; жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек». Рас, мұны оқыған жанның көкейіне: «бұл азаматқа қатысты айтылған болар» деген ой келіп қалары хақ. Келісемін. Алайда, бұл нақылда тек ер азамат туралы тұжырым шектеліп берілмегені анық. Яғни, «адамның да адамы бар – ірілері бір бөлек» дегенге сайса керек.

Айтпағым, сол бітімі бөлектердің арасындағы бір ірісі – Базаргүл Үмбетова. Бірден мақтаумен бастау ыңғайсыздау болуы мүмкін. Несі бар, атам қазақ: «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегенді не үшін мұра етіп қалдырды. Хош, әңгімені әріден бастайын.

 

ТҰЛЫМШАҒЫ ЖЕЛБІРЕГЕН ЖЫРШЫ ҚЫЗ

Ауылда өсті. Қарапайым отбасыда тәрбиеленді. Әкесі Сейітжан мен Бидаш анамыз оның оқуға құштарлығын қолдап отырды. Қалаған кітабын әперді. Нағашы атасының «Батырлар жыры» деген дәкөй қоңыр кітабын басына жастап жатып оқыды. Мектепке әлі бармаған зерек қыз ондағы 5-6 қиссаны жаттап алды. Арасында «шабыты» келгенде: ««Тайбурыл сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй деді…» деп жатқа айтып, мәнерлей әндететін қайтерсің.

Жалпы, журналист қауымында бір-біріне ұқсастық жиі болатын феномен бар. Әдетте бәріміз мектептегі кезден бастап кітап «мүжиміз». Аудандық, облыстық, кейде республикалық газеттерде өлең, мақалаларымыз шығып жатады. Бұл – қалыпты, қалыптасқан жағдай. «Болар бала…» деп келетін мәтелді еске алыңыз. Қазақ журналистикасында мүйізі қарағайдай болған жүздеген қаламгердің өмірбаянынан осындай жолдарды ұшырастыру қиын емес.

Алайда тым жақын ұқсастықтар сирек. Базаргүлдің екеуіміздің тағдырымыздың бір ұқсастығы осында. Мектепке бармай тұрғанда әкем Балқыбек Аягөздің дүкендерін талмай аралап жүріп, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырлары жазылған пластинкаларды әкеліп, «осыларды тыңдап, жаттап алыңдар» деп «оқыс» тапсырма бергені есімде. Арада көп уақыт өтпей өзімнен бір жас үлкен Камалхан апайым екеуіміз жарыса тыңдап жаттап алғанбыз. Кейіннен үйге қонақтар көп келгенде әкем екеуімізді «сахнаға» шақырып, ет пен шайдың арасында бізге жатқа айтқызатын.

 

КІТАП «КЕМІРУ», ТҰҢҒЫШ ТУЫНДЫ

Екінші ұқсастық. Кітап оқу бар да, оны КӨП ОҚУ бар. Базаргүлдің өмірбаянына үңілсек, ол өзі оқыған мектептің кітапханасындағы көп кітапты оқып тастапты. Базаргүлдің бір сұхбатындағы жауабынан мынадай жолды оқыдық: «…Кейін үйде жоқ кітаптарды кітапханадан алып оқитын болдым. Сол кезде бір аптаға екі-ақ кітап беретін. Менің оларды алысымен күні-түні оқып бітіріп, бір апта өтпей апарып тұрғанымды көргенде кітапханашы: «Сен мына түріңмен аз уақытта барлық кітаптарды оқып бітіретін шығарсың» деп ренжитін.» Бұған не дейсіз?

Үшінші ұқсастық. Екеуіміз де бала күнімізден «қалам құшақтап, тыпырлаппыз». Базаргүлдің шығармашылыққа талпынысы өте ерте басталыпты. Сонау сексенінші жылдардың басында Теректідегі орта мектептің оқушысы — кішкентай қыздың тырнақалды туындысы – шағын көркем әңгімесі облыстық «Жезқазған туы» газетінде жарияланған. Классикалық журналистикаға кірпияздықпен қарап, «жеті өлшеп, бір пішетін» қаламгерлер отыратын ондай салмақты басылымға жүрегінің түгі бар біреу болмаса, көлденең көк атты яки жас қаламгердің өзі көркем әңгімесін жіберуге жүрексінетін кез еді ғой. Ал жазу өнеріне «ғашық болған» өжет қыз бағын сынауға батылы барған. Нәтижесінде тұңғыш туындысы кесіп-өңдеусіз салиқалы басылымда тоқтаусыз жарияланған.

Осы жолдардың авторының – сол кездегі 7-ші сынып оқушысының да тырнақалды «Күн суреті» атты өлеңі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып, шығармашылық талабына қанат бітіргені бар.

 

АСТАНАДА ҚАЛМАЙ АЙМАҚҚА АТТАНЫС

Төртінші ұқсастық. Екеуіміз де журналистік жолды таңдап, сол кездегі С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне мектепті бітіре салып түсіппіз. Ерекше атап айтарлық жайт, ол заманда бүкіл елімізде жалғыз-ақ журналистика факультеті болды. Ал оған мектептен кейін бірден түсу өте қиын болатын. Сол кездегі оқу ордасы басшылығы жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған абитуриенттердің оқуға түсуіне басымдық беретін еді. Ал Базаргүл «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей осы мәртебелі жоғары оқу орнына жоғары баллмен бірден түсуі де көп жайттан хабар берсе керек. Бұл жолдардың авторы да сонау түкпірдегі ауыл мектебін бітіріп, мыңдаған талапкерлердің арманы болған осы «жалынан сипатпайтын» факультетке мектеп бітірісімен түскен еді.

Бесінші ұқсастық. Шабыты жалын атып тұрған шығармашыл қыз сол заманда республикалық бір басылымға яки телеарнаға барып, жұмыс істеу ниетін білдірсе оны ешкім бетінен қақпас еді. Алайда ол ел астанасы Алматыда қалуға асықпады. Анасы мен бауырларының қамын ойлап, журфакты сырттай оқыды. Туғандарына жақыннан қамқорлық жасайын деген ниетпен туған жеріне келіп, Жезқазғанның облыстық телерадиокомпаниясына қызметке орналасты. Сөйтіп табандап отырып, 1984-1997 жылдар аралығында Жезқазған облыстық телевизия және радио хабарларын тарату комитетінде тілші, редактор, бөлім меңгерушісі болып абыроймен қызмет етті.

Бұл жағынан да Базаргүл қарындасыммен тағдыр тоқайластығымыз бар. 1986 жылы КазГУ-ді бітіргенде маған 2 ұсыныс түсті: бірі – республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінен, екіншісі ғылыми жетекшім профессор Тауман Амандосовтың ұсынысымен университетіміздің аспирантурасында қалу. Алайда қазақтың біртуар тұлғасы, жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек пен Целиноград облыстық газеті редакторының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықов ағаларымыздың шақыру-қолқалауымен барлық жоспарым күрт өзгеріп, ару Алматыда қалмай, облыстық «Коммунизм нұры» газетіне қызметке тұрдым. Бір қызығы екеуіміз де кейіннен ел астанасына айналған елордада бас қостық. Бас қаланың журналистері қатарында, ол Қазақстан телекорпорациясында мен «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқардық. Кейіннен құрдас, әріптестеріміз былай деп әзілдеп жүрді: «Астанада бірден қалмасаң да, ол сені өзі іздеп келді». Бұған ұқсас сөздерді құрбылары Базаргүлге де аз айтпаған болар.

 

МЕДИАКЕҢІСТІКТІ СІЛКІНТКЕН «МЕН — ҚАЗАҚПЫН»

Алтыншы ұқсастық. Екеуіміз де қазақ журналистикасында оқырман, тыңдармандарымыз айта жүрер қадамдар жасаппыз. Алдымен мерейтой иесінің алымды адымдарына тоқталайын.

Жалпы, журналистің атақ-даңқы жазған, жариялаған дүниелерінің санымен емес, сапасымен, ұлтқа қаншалықты қажеттігімен бағаланатынын уақыт көрсетіп келеді. Шығармашылық қуаты, шеберлігі кітап оқу мен ұлттық салт-дәстүрлерді терең игеруден бастау алатын қаламгерлік туындыгерлік талант екінің бірінің маңдайына жазылмаған.

Осы тұрғыдан келсек, Базаргүл талмай ізденісі мен терең білімінің арқасында қазақ журналистикасында жасындай жарқылдады деуге толық негіз бар. Бұл жәй мақтау үшін айтылған сөз емес. Оның «Мен — қазақпын» ақпарат-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасының авторы әрі жетекшісі ретіндегі қыруар шығармашылық еңбегі қазақ радиожурналистикасында АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН жазылып қалғаны айдан анық. Әрі бұл айтуға оңай болғанмен ар жағында ұйқысыз түндер мен қарбалас күндердің жемісі.

Базаргүл әу бастан Қазақ радиосындағы ұлттық құндылықтар хақында беріліп жүрген түрлі бағдарламалардың басын қосып, бір идеяға қызмет еткізіп, оны салиқалы «Қазақ» радиосы мен жас «Астана» радиосы бағдарламаларының синтезінен жаңаша, рух көтеретін сипатта беруді мұқият ойластырған. Алғашқыда «Атамекен» бағдарламасымен басталып, екінші күні

«Ұлттық мүдде» тақырыбы аясында алаш ардақтыларын насихаттайтын «Бұл қай қазақ» радио ойынына ұласқан. Сәрсенбінің сәтінде отаншылдық рух пен спорттық мәселелер жан-жақты қамтылған бағдарлама эфирге шықса, бейсенбі күні мемлекеттік тіл туралы тебіреністі ой-толғаулар тыңдармандарға ұсынылды. Ал жұма күнгі эфирде бастапқыда «Дінтану» ойыны ойналса, жүре келе оның ауқымы кеңейтіліп, қазақ халқының дүниетанымына қатысты өзекті мәселелер батыл көтерілді. Сөйтіп аптаның бес күнінде үздіксіз берілген бағдарламалар циклының даңқы Қазақстанда аспандай көтерілді. Ұлттық рух пен ділді тереңнен саралаған хабарлар қалың тыңдарманның шынайы ризашылығына бөленіп қана қоймай, шығармашылық ұжым «Шабыт» Халықаралық фестивалінің Бас жүлдесін, ҚР Президентінің Алғысымен марапатталды. «Тілге құрмет – елге құрмет» атты республикалық байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Әрине мұның бәрінде Базаргүлдің ұшан-теңіз еңбегінің іздері сайрап жатыр. Қазіргідей конвергентті журналистика дүркірей дамыған заманда соның бастауында тұру деген үлкен жетістік. Сондықтан

«Мен – Қазақпын» бағдарламасын жай ғана ақпараттық-танымдық радио хабар ретінде емес, ұлттық сананы қалыптастыруға, тарихи жадты жаңғыртуға, қазақтың рухани мұрасын насихаттауға қызмет еткен маңызды журналистік жоба ретінде жоғары бағалаудың жөні бар.

Кейде бір ғана сөздің астарында тұтас бір халықтың тарихы, тағдыры, арманы мен аманаты жатады. «Мен – Қазақпын!» деген үш сөз де сондай мағынаға ие. Бұл – адамның өзінің қай ұлтқа жататынын білдіретін қарапайым мәлімдеме ғана емес. Бұл – тарихи тамырын тану, ата-баба мұрасын ардақтау, туған жеріне деген сүйіспеншілігін сезіну, ұлттық болмысына мақтанышпен қарау. Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы, өзіне деген құрметі, рухани тұтастығы.

Осы терең мағынаны журналистік шығармашылықтың өзегіне айналдырып, оны радио эфирі арқылы тыңдарманға жеткізген жобалардың бірі – Базаркүл Үмбетованың авторлығымен дүниеге келген «Мен – Қазақпын» бағдарламасы.

Бағдарламаның атауының өзі үлкен идеялық жүк арқалайды. Мұнда ұлтты ұлықтау бар, тарихты тану бар, ұлттық намыс пен азаматтық жауапкершілік бар. Ең бастысы, қазақ болмысына сырт көзбен қарамай, оны өз ішімізден танып-білуге шақыратын терең ой жатыр.

Радио журналистикасында тыңдарман назарын аудару үшін тақырыптың тартымды болуы маңызды. Бірақ ұзақ жылдар бойы тыңдарман ықыласын сақтап қалу үшін тақырыптың тартымдылығы жеткіліксіз. Ол үшін мазмұндық тереңдік, авторлық ұстаным, тұрақты ізденіс және қоғамға қажетті идея болуы керек. «Мен – Қазақпын» бағдарламасының ерекшелігі де осында. Ол белгілі бір кезеңнің науқандық талабына орай дүниеге келген жоба емес, ұлттық дүниетанымды жүйелі түрде насихаттауды мақсат еткен тұрақты шығармашылық бастама ретінде қалыптасты.

«Мен – Қазақпын» бағдарламасының идеялық негізінде бір маңызды ұстаным жатты: қазақты қазақтың өзіне таныту, ұлттың тарихи санасын ояту, кейінгі ұрпаққа ата-бабадан жеткен рухани мұраны насихаттау. Бағдарлама авторлары өздерінің шығармашылық мақсатын қазақтың атажұрты, ұлттық мүддесі, ерлігі мен елдігі, мемлекеттік тілі және дүниетанымы туралы баян ету деп белгілеген. Бұл ұстаным жобаның мазмұндық бағытын айқындап қана қоймай, оның тақырыптық ауқымын да кеңейткен.

Шын мәнінде, ұлтты сүю дегеніміз – оны құр мақтау емес. Оның тарихын білу, жетістігі мен кемшілігін түсіну, мәдениетін құрметтеу, тілін сақтау, дәстүрін жалғастыру. Қазақтың кім екенін айту үшін оның қандай тарихи кезеңдерден өткенін, қандай тұлғаларды дүниеге әкелгенін, қандай рухани құндылықтарды қалыптастырғанын көрсету қажет.

«Мен – Қазақпын» бағдарламасы осы мәселелерді әр қырынан қозғауға ұмтылды. Туған жер, атамекен, тарихи жады, ұлттық дүниетаным, бәсекеге қабілеттілік, құқықтық сауаттылық сияқты тақырыптардың қамтылуы жобаның бір ғана тарихи немесе этнографиялық бағытпен шектелмегенін аңғартады. Бағдарлама ұлттық болмысты өткеннің естелігі ретінде емес, бүгінгі қоғамның өмір сүруіне, дамуына, болашаққа бағдар алуына қажетті рухани негіз ретінде қарастырды.

Ал ұқсастығымыз дегенде айтпағым, Базаргүл екеуіміз де ұлтшылдық сипатымызбен ұшырасып жатады екенбіз. Тұрғындарының 85 пайызы орыстар болып саналатын облысқа жаңадан келіп, қазақ тіліне менсінбей қарайтындарға қарсы шығып, обкомның ресми басылымында «Маңдайшалардағы қойыртпақтар» деген өткір мақала жариялау арқылы орыс басшыларға ашық қарсы шығу ол кезде (1986 жыл) арыстанның аузына басыңды қоюмен бірдей еді. Сондай-ақ 25 жастағы қазақ депутат жігіт Целиноград қалалық Советіндегі 80 пайыз орыстілді депутаттарға қарсы шығып, республикалық «Социалистік Қазақстанда» «Ақмола үшін айқас» атты мақала жазуы, оған оқырмандардан 2500-ден астам қолдау хат алу да айтуға оңай, қазір. Байқап отырсам Базаргүл екеуіміз де басымызды бәйгеге тігіп, ұлт мүддесі, қазақ тілінің қамы үшін хал-қадерімізше ашық айқасқа түсіппіз-ау.

 

ТЕРЕКТІДЕН ТҮЛЕГЕН ТАЛАНТТЫҢ «ТАУЫ»

Бүгінде ТЕРЕКТІДЕН ТҮЛЕГЕН ТАЛАНТТЫҢ есімі елімізге кеңінен танымал. Оның журналистикада ШЫҚҚАН ТАУЫ БИІК. Өзгеге ұқсамайтын креативті қаламгер, ұшқыр журналистің қыруар еңбегі әділ бағасын алып келді. «ULYTAU» облыстық телерадиокомпаниясының креативті директоры Базаргүл Сейітжанқызы Үмбетова досымыз медиа саласындағы тамаша жетістіктері үшін ҚР Президентінің Алғысына 4 рет ие болып, К.Шалабаев атындағы ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. Астана қаласы әкімінің «Алтын қалам» жүлдесінің иегері, Қазақ радиосының үздігі, ҚР Ақпарат саласының үздігі атанып, ҚР Бас редакторлар клубының «Қазақстанның үздік редакторы» медалімен марапатталды. Ұлытау облысының Құрмет Грамотасымен марапатталып, осы облыстың әкімінің «Ұлар» сыйлығының «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» аталымы бойынша жүлдегер атанды. Телерадиожурналистика саласындағы ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін 2024 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қазақстанның Құрметті журналисі атағына ие болып, арнайы медалінің төсіне тағылуы оның кәсіби шеберлігіне берілген жоғары баға.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫҢ ШЫҢҒА ШАРЫҚТАСЫН, «ТЕРЕКТІДЕН» ТҮЛЕГЕН ТАЛАНТТЫ ТАҒДЫРЛАС!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Қазақстанның Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры