ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАН КЕЙІН ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ АРТТЫ

Қоғам
490 Views

Жұмыссыздықпен күресудің жолдары қандай?

Әлеуметтік қорғау саласы нәзік сала болғандықтан, проблемасы да өте өзекті. Әлемдік пандемиядан кейін елімізде жұмыссыздық саны едәуір артты. Сондықтан бұл саланы қайта жандандыру мақсатында тиісті басқарма тарапынан қандай алғышарттар жасалып жатыр? «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жұмысы қалай өрбуде? Бағдарламаның негізгі жұмыс жасайтын бағыттары қандай? Бүгінгі тақырыбымызға осы басты сауалдардың жауабын табу мақсатында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы атқарылған жұмыстар туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралқызы Темірбаева айтулы салада ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы саланың ыстық суығына мойымай, нәзікжандылар қатарының мықтылығын көрсетіп басқарма басшысы қатарына дейін жетті.

МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Әсия Құралқызы басқарып отырған мекеме халықпен тығыз жұмыс жасайтын басқарманың бірі болған соң ба, расын айтқанда ың-шыңсыз емес. Мұнда түйткілді мәселелер шаш етектен. Әйтсе, де тиісті басқарманың бөлімдері туылған нәрестеден бастап, барлық санаттағылармен ауыр болса да, жеңіл болса да үйлесімді жұмыс атқарып келеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясатын 5 бағытта жүргізіп отыр. Олар: жұмыспен қамту, көші-қон, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселелері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік мекемелердің жұмысын үйлестіру болып табылады.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 730 мыңнан астам азамат немесе халықтың 35,2 % әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Айта кететін жайт, Түркістан облысы халқының саны 4 жыл ішінде біршама өсті. Яғни, екі миллионнан аса адамды құрап отыр. Оның ішінде ауыл халқының үлесі 79,1 пайыз. Бұл еліміздің барлық облыстары арасында ең жоғарғы көрсеткіш.

Сонымен қатар, Түркістан облысында бала туудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда еліміз бойынша айтарлықтай жоғары. Республика көлемінде барлық көп балалы аналардың үштен бірі, Түркістан облысында тұрады. Бұл негізгі фактор екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, жан басына шаққандағы жиынтық табыстың төмен болуы және көп балалы отбасылардың әлеуметтік көмекке жүгінуінің бірден-бір себебі осы. Оған дәлел, жыл сайын күн көріс деңгейі төмен халықтың облыс бойынша үлесі артып келеді. Бір ғана мысал ретінде айтайық, өткен жылдың басында аталған көрсеткіш 13 пайызға жуық өсті. Оның жартысынан көбін кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтар құрап отыр. Қазіргі таңда да, бұған дейін де жұмыспен қамтуды талап ететіндер санатын анықтау жұмыстары тоқтаусыз жасалып келеді. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде жұмыс күші 12 мың адамға азайса, жұмыссыздық деңгейінде, керісінше өсім байқалып отыр. Оның ішіне жұмыссыздар мен өздігінше жұмыспен қамтылғандарды қосуға болады.

Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жасалып жатыр. Өйткені жастарды жұмыспен, оқумен қамту ісі өзекті. Нақтырақ айтатын болсақ, NEET санатындағы жастардың саны 35 мыңнан асады. Биылғы жылы Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамтуды талап ететіндер жүз мыңға жуықтады.

Оның ішінде нақты 46 пайызының мүлдем білімі жоқ. Ал қалғаны жұмыспен қамтуды талап ететін жастар болып саналады. Бұл бойынша арнайы қаржы да қаралған. Жоғарыда аталған санатқа жататындарды жұмыспен қамту жоспарларын жүзеге асыру бойынша да қажетті жұмыстар қолға алынып, тиісінше атқарылуда. Бөлінген қаражат бойынша нақты айтып өтетін болсақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 21 390,2 млн.теңге қаралған. Яғни 101 мың адамды жұмыспен қамту шараларына белсенді түрде қатыстыру басқарманың басты жоспарында тұр. Өткен жылы бекітілген жоспар толық орындалған болатын. Жүз мыңнан аса адам жұмыспен қамтуға жолданған еді. Салыстырмалы түрде айта кетейік, былтырғы жылы қаралған қаражаттың мөлшері 19 774,6 млн.теңге.

Бағдарлама аясын толықтырып түсіндіретін болсақ, бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 900 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған болатын. Бағдарламаға қатысушылардың өтініштері бойынша сәтті оқуды бітіргендер жұмыспен қамтылды. Қаралған қаржының 162,8 млн.теңгесі игерілді. Оқуды аяқтағандардың ішінен 835 адамға жұмыспен қамту шаралары жасалды.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде 1 276 адамға шағын несие берілді. Сондай-ақ, 2 383,3 млн.теңгеге мемлекеттік грант беру жоспарланып, нақты 4 115 адам грант иегері атанды. Бөлінген қаржы 100 % игерілді.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша өткен жылы жалпы сексен мыңнан аса адамды жұмысқа жолдау жоспарланған еді. Алайда нақты 92 372 адам жұмысқа жолданды. Оның ішінде алпыс мыңнан аса адам бос және жаңа жұмыс орындарына жолданды. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына жолданғандар саны нақты 4089 адамды құрады. Білім беру ұйымдарын бітірген 5 390 жас түлекті жастар практикасына жолдау үшін 2029,3 млн.теңге қаржы қаралды. Бұл аталған қаржы толықтай игерілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес «Жастар практикасының» мерзімі 6 айдан 12 айға, еңбекақысы 25 АЕК-тен 30 АЕК артты.

Мұнан өзге ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту күші де ұмыт қалған жоқ. Жұмыстар толық жүз пайызға игеріліп, 20 мыңнан аса адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Өткен жылы, жұмыспен қамту жол картасы аясында 2544 жаңа жұмыс орны ашылды. Олар жалпы 55 инфрақұрылымдық жоба аясында жүзеге асты. Ашылған жаңа жұмыс орындарымен 2357 адамға келісім шарт жасалды. Оның ішінде 2200-ге жуық жұмысшыға зейнетақы аударылды.

«ҚАМҚОРЛЫҚ» АРҚЫЛЫ 85 ҮЙСІЗ ОТБАСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша айтылатын мәселе өте көп. Десек те, өткен жылы Түркістан облысында 43 мың отбасыға осы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл салаға 2018 жылдан бастап 112 млрд. теңгеден аса қаражат қарастырылған. Өкінішке қарай бүгінге дейін біршама сын пікірлер айтылып келді. Бірақ басқарма басшылары ең алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж еместігін анықтайды. Мұқтаждық расталғаннан кейін ғана ол адамға әлеуметтік көмек тағайындалады. Осылайша жыл сайын осы көмекті алуға 200-240 мың адам қамтылады. Ең басты талап бұл жерде мемлекет жұмыс тауып береді, ол сол жұмыс күшіне тартылуы керек.

Аз қамтылған отбасылар бойынша айтып өтсек, өткен жылдың мәліметтеріне сәйкес, күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халық саны 9 пайызды құрады. Ал жыл қорытындысы бойынша осы санатқа жататындар 237 мың адам болды. АӘК шарттарына сәйкес, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысу көзделген. Бұл бойынша жоспардың сексен пайызы орындалды деуге болады.

Аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік қаржыдан өзге, облыста «Қамқорлық» бағдарламасы әзірленген. Оның мақсаты қайырымдылық қызметке демеушілерді тарту және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету болып табылады.

Нәтижесінде, іске асырған екі жыл ішінде 3 мыңға жуық отбасы 825 млн.теңгеге демеушілік көмек алса, 85 үйсіз жүрген отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Әр қазақ баспаналы болып жатса бұл баршамыздың ортақ қуанышымыз екені рас. Осы тұста әрине сізге бесенеден белгілі болғанымен, оқырмандарымыз үшін етене жақын, таныс болсын деп кеңінен айтып өтсек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр? Жалпы сіздердің жұмыстарыңыз бойынша сөз қозғаған кезде өзекті мәселелер шоғырланған сұрақтардың бірі де осы болуы керек. Өйткені мүгедек жандарға арналған біршама бағдарламалар аясында жоспарлардың бар екенін естіп жүрміз. Сол туралы өзіңіз айтып өтсеңіз.

Еліміз бойынша мүгедектігі бар азаматтар қатарында 695 мың адам болса, біздің өңіріміз бойынша 96 мың мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Оларға қолжетімді орта құру үшін төрт мыңға жуық әлеуметтік инфрақұрылымдық объектілерге паспорт жасалды. Негізгі айтатын жәйт, біздің биылғы міндеттеріміздің қатарында мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларын жыл соңына дейін 85 %-ға орындау көзделіп отыр. Бұдан өзге мүгедектігі бар азаматтарға қол жетімді ортаны қалыптастыру және Сауран ауданы, Ораңғай ауылдық округінде мүгедектерге арналған 200 орындық оңалту орталығының құрылысын аяқтауымыз керек. Сыйымдылығы кіші Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас аудандарында балаларды оңалту орталықтарын оңтайландыру тағы бар.

Биылғы жылы жасалуы керек жұмыстарымыз жеткілікті. Соған қарамастан күтілетін нәтижелер қатарында жұмыссыздық деңгейін 5,2%, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 4,5 % асырмау үшін жұмыстар атқарудамыз. Жоғарыда айтып өткен NEET санатындағы 35 мың жастың, жартысынан көбін жұмыспен қамту шараларына жолдау. Бұдан өзге кедейлік деңгейін төмендету.

ЖҰМЫС КҮШІ ЖЕТПЕЙТІН АЙМАҚТАРҒА 2556 ЖАНҰЯ ҚОНЫС АУДАРДЫ

Естеріңізде болса, таяуда Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан көші-қон бөлімі ашылды. Бөлімнің мақсаты – халық саны тығыз оңтүстік өңірден еңбек күші аз солтүстік өңірге өз еркімен қоныстанғысы келетін азаматтарға бағыт-бағдар беру. Яғни, Түркістан облысында қателеспесек, 2015 жылдан бері аталған аймаққа жұмыс күшін тарту бойынша жерлестеріміз қоныс аударып, көшіп кетіп жатыр. Бұл процесс тоқтаған жоқ, жалғасуда. Себебі, қоныс аударуға ниетті азаматтар әлі де бар ортамызда. Екі ойлы болып жүргендерді де жоққа шығармаймыз. Республика бойынша облысымыздың үлесі отыз пайыздан асады екен. Бұл дегеніміз аз ба әлде көп пе? Жалпы қоныс аударушылардың еңбекке қабілеттісі қанша? Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр? Енді осы сауалдардың түйінін тарқатсақ.

Айта кету керек, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бұл еліміз үшін өте тиімді бастама. Бұл жердегі ең басты көрсеткіш халықтың санын көтеру мәселесі және халықтың тығыз орналасқан аймақтарынан азаматтарды тарту. Әрине бұл ерікті түрде жүзеге асырылатын дүние. Жалпы өз ниеттерімен бұған дейін 2556 жанұя қоныс аударған. Әр үйдегі адам санын есептейтін болсақ нақты 9812 адамды құрайды. Өткен жылдың қорытындысымен айтатын болсақ, өңірімізден 3779 адамы яғни 847 отбасы қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілеттісі 1869 болса, тұрақты жұмыспен қамтылғандар 1294, ал жеке кәсібін ашып алғандар 397 адам. Көшіп кеткен отбасылардың дерлік бөлігі Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында қоныстанған. Қоныс аударуға ниетті, ниет білдірушілердің барлығы арнайы бағдарлама аясында жұмысқа тартылу шараларына міндетті түрде қатыстырылады. Оңтүстіктен көшіп кетіп жатқандардың көбісі кәсіппен айналысып, егін шаруашылығын қолға алушылар. Көшіп кеткен отбасылар арасында қайтып келушілерде жоқ емес. Бұл жағдай ауа райының суық болуынан да орын алып отыр. Әйтсе де, тіршілік етемін, кәсіп бастаймын деген отбасылар қатары да күннен күнге артуда.

Бұл бағдарлама 2018 жылдан бастап қаржыландырылуда. Алайда, қоғамда осы аталған көмекті алушыларды да, аламай жүргендерді де жолықтыруға болады. Өйткені, облыс бойынша аз қамтылған, кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылар жоқ емес, бар. Бұл бағдарламаның негізгі ұстанымдарының бірден — бірегейі халықты кедейлік шегінен шығару деп білеміз. Осы бағыт өз жолымен жасалып келе жатыр ма? Бөлінген қаражаттың барлығы игеріліп, көмек алушылардың мұқтаждығын қанағаттандырып келе ме?

Құрмет ДОСЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *