ТАҢДАУ ТОҚАЕВҚА ТҮСТІ

Билік
1 217 Views

Биылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы өтеді. Бүгінде егемен еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өздерінің кандидаттарын ұсынуда. Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер ретінде атап, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында қызмет істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Әбішұлының бұл ұсынысын мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, спорт ардагері, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, тағы басқалар қызу қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне зор сенім артып, Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасына шын жүректен алғыс айтты.

– Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын. Партия Төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер!» деді. Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз! – деді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Тұңғыш Президенттің стратегиялық жолын, атап айтқанда, әлеуметтік саясатын, Бес институттық реформасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және өзге де ауқымды бастамаларын жалғастыруды өзіне парыз санайтынын атап көрсетті.

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихтың жаңа тарауын бастаған Қазақстан тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын айта келіп, «Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!» – деді.

«Әділет – ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *